Қоғам • 15 Маусым, 2026

Қарақұрт қаптады: Маңғыстауда 18 адам дәрігер көмегіне жүгінген

2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының тұрғындары улы қарақұрт өрмекшілерінің көбеюіне байланысты алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Egemen.kz

Қарақұрт қаптады: Маңғыстауда 18 адам дәрігер көмегіне жүгінген

Тұрғындардың айтуынша, қарақұрттар балалар және ойын алаңдарының маңында жиі кездесетін болған. Жыл басынан бері қарақұрт шаққаннан кейін 18 адам медициналық көмекке жүгінген.

Қарақұрттардың көбеюіне байланысты облыс әкімдігінде арнайы кеңес өткізіліп, оған медициналық ұйымдардың басшылары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері және салалық мамандар қатысты.

Абайлаңыз, қарақұрт: Қазақстанда қауіпті өрмекшілер жандана бастады

Мамандардың мәліметінше, биыл мол жауын-шашынның әсерінен қарақұрттар әдеттегіден ертерек және көп мөлшерде пайда болған. Соның салдарынан өңірде улы өрмекшілер шаққан тұрғындар саны артып отыр.

Кеңес барысында облыстағы кейбір медициналық мекемелерде қарақұрт уына қарсы арнайы сарысу қоры жеткіліксіз екені айтылды. Осыған байланысты зардап шеккендерді облыс орталығындағы ауруханаларға тасымалдауға тура келеді.

«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, әкімдік тарапынан зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсету және қарақұрт шағуының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, облыстың барлық қала мен ауданында қарақұртқа қарсы сарысудың қажетті қорын қалыптастыру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, аулалар мен шаруашылық аумақтарын тазалау, сондай-ақ дезинсекциялық шараларды жүргізу тапсырылды», деп хабарлады Өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Сондай-ақ балалар бақшаларында, жазғы сауықтыру лагерьлерінде және өзге де балалар мекемелерінде қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанованың айтуынша, соңғы он күн ішінде қарақұрт шақты деген күдікпен екі бала ауруханаға түскен.

«Балаларда шаққан жердің қатты ауыруы, дененің әртүрлі бөліктеріндегі ауырсыну, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі және қатты мазасыздық белгілері байқалды. Сондықтан ата-аналар балалардың ойын алаңдары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет. Қазіргі уақытта балалар қажетті ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы тұрақтанды», деді Жанар Досжанова.

Соңғы жаңалықтар