Пікір • Кеше

Сенім мен үміттің бастауы

132 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ana tili» басылымында жарық көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатын мұқият оқып шықтым. Мұндағы жұртшылық­ты толғандырып жүрген көптеген проблеманың ортаға салынып, экономикалық, әлеуметтік маңызды жайттар мен әлі де шешімін табуға тиіс өткір мәселелердің қозғалуы көкейіміздегі көп сауалдың нақты жауабы сынды әсер қалдырды.

Сенім мен үміттің бастауы

Сурет: time.kz

Мемлекет басшысы тілші тарапынан қойылған сан-сапат сұраққа жан-жақты жауап беріп, ел дамуына байланыс­ты қолға алынып жатқан ауқымды жос­парлармен бөлісті. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да, өте мазмұнды әрі ашық әңгіме сипатында өрбіген сұхбат екен. Ел арасында әртүрлі алыпқашпа әңгіме сипатында кездесетін кейбір сыни пікірлер туралы да өз ұстаны­мын айқын жеткізген Президенттің әр сұраққа мұқият тоқталып, парасатты пайыммен ой қорытуы ешкімді бейжай қалдырмасы хақ.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз­дің экономикалық әлеуетін, егемен­дігін және халықаралық ұстанымын нығайту басты мақсаты екенін ұдайы айтып келеді. Осы орайда мен оның тікелей қолдауымен дүниеге келген «Таза Қазақстан» бастамасының бүгінде баламасы жоқ және қоғам тарапынан кең қолдауға ие дер едім. Табиғатқа сүйіспеншілік, өз қаласын абаттандыруға деген ниет пен құлшыныс, тазалық пен ұқыптылық өмірдің жоғары сапасын қамтамасыз ете алатыны рас. Бұл бағыттағы тынымсыз жүргізілген істер жас ұрпақты ұлттық менталитет пен қор­шаған ортаға деген жауапкершілік сезі­мін қалыптастыратыны сөзсіз. Прези­денттің бастамасы арқасында қала тұр­ғындары оң өзгерістерді сезінді, көше­лер әлдеқайда таза және тұр­ғындары талғампаздыққа дағдылана бастады.

Президент сондай-ақ қоғамда түрлі пікірталас тудырған бір уақыт белдеуі­не көшу туралы өз пікірін білдіріпті. Мемлекет басшысы уақыт белдеуі өз­геруінің азаматтардың өміріне және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттегеннен кейін салмақты шешім қабылданатынын атап өтті. Жақында лингвист ғалымдар тобы Барселона қаласында өткен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстық, баяндама жасадық. Ол елде де қараңғы ерте түскенмен таңертең күннің көзі ерекше жарқырап тұрғанына назар аудардық. Біз мұны халықара­лық тәжірибеге енгізуге болатындай жаңалық деп қабылдадық, яғни ерте жатсаң, ерте тұрасың деген сөз ғой.

Тағы бір назар аудартатын жайт, Қаңтар оқиғасына қатысты өткір сұрақ қойылған екен. Президент тәртіпсіздіктердің басты себебі ­әлеуметтік әділетсіздік, саяси тоқырау болды деп санайды. Жалған, неше түрлі қауесет әңгіме тудырушылардың мемлекеттігімізге қатер төнген сәтті ұмыттыру үшін әрекет жасауына жол бермеуіміз керектігін еске салады. «Мемлекеттік құрылыстың негізгі қағидаты», «жетілген демократияның іргетасы» болып саналатын «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз етудің маңызы туралы айтып, онсыз әділетті Қазақстан құру және бұл қағиданы халық менталитеті мен қоғамдық өмір­дің ажырамас бөлігіне айналдыру мүмкін еместігіне тоқталып өтті.

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде мемлекеттік билікті Парламенттік басқару жүйесіне көшіру туралы мәселе талқыланғаны рас. Мемлекет басшысының пікірінше, парламенттік жүйенің өмір сүруге құқығы бар және ол бірқатар Еуропа және Азия елдерінде терең тамыр жайған, бірақ Қазақстанның саяси жүйесі үшін «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» тұжырымда­масы – ең қолайлысы.

Мемлекет басшысымен болған сұх­бат­­тағы көпшілікті бейжай қал­дыр­­майтын келесі бір сұрақ қазақ тілі төңірегіндегі әңгімеге ойысты. Ана тіліміздің қазіргі жағдайы мен келе­шектегі рөлі туралы ортаға салынған ойлардан көп тағылым түюге болады. «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді», деді Президент.

Мемлекет басшысының тілге, жалпы ғылымға және оны цифрландыру мәселесіне көп назар аударатыны тілші-ғалымдарды қуантады. «Жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды» делінген. Жаһандану дәуірінде цифрлық технологиялар ғылымның барлық саласында, әсіресе тіл білімінде кеңінен қолданылады. Қоғамды жаңғырту жағдайында лингвотехнология басқа бағыттардан озып келеді. Біздің заманымыздың әлемдік жетістіктері (автоматты аудармашылар, машиналық талдау және сөз синтезі, мәтіндік редакторлар, электрондық тілдік материалдар және басқа да техникалық жетістіктер) лингвотехнологияның жеті мильдік қадамдармен дами отырып, қазақ тіл білімінің перспективалы бағыты екенін айғақтайды.

Қазіргі қазақ тіл білімінің негіз­гі үрдісі – оның мүдделерін авто­маттандырылған компьютерлік өң­деуге ауыстыру. Корпустық лин­гвистика – тілдік электрондық корпус­тар мен корпустық технологияларды пайдалануға негізделген қазіргі заманғы теориялық және қолдан­балы лингвистикадағы ең перспективалы бағыттардың бірі. Электрондық кор­пустың ең құнды және жиі қол­данылатын түрі – отандық лингвис­тер сәтті әзірлеген «ұлттық корпус» деп аталатын түрі. Теориялық лингвистика саласындағы (тілдің құрылымы туралы жаңа білім алу) және қолданбалы лингвистика саласындағы (мәтіндерді автоматты түрде өңдеу үшін жаңа буын технологияларын алу және лингвистика­лық зерттеу әдістерін жедел жаңғырту) инновациялық нәтижелер корпустық лингвистикамен байланысты. Шын мәнінде, корпус қазіргі мағынада әрдайым компьютерлік мәліметтер базасы болып саналады және оны құру барысында қазақ тілін зерттеуге арналған арнайы бағдарламалар қолданылады.

Қазақ тілінің синтезі мен танылуы бойынша зерттеулер өзекті. Сөйлеу синтезі кіріс мәтінінің белгілі бір қасиеттерін талдау және оның просодикалық белгіленуі негізінде әуеннің ағымдағы контурын, дыбыс күшін, фонемалық ұзақтығын және үзіліс ұзақтығын қалыптастырудың автоматты процедурасының болуын болжайды. Психолингвистикадағы, сөйлеу әрекетінің теориясындағы, нейролингвистикадағы, сондай-ақ компьютерлік лингвистикадағы соңғы әзірлемелер жасанды интеллектті құрумен байланысты. Бір батырманы басу арқылы дыбыстық дауысты мәтінге және мәтінді дыбыстық дауысқа түрлендіретін бағдарламалар бар.

Заманауи ақпараттық технология­лар мен техникалық құралдар тілдік корпустар негізінде лингвистикалық зерттеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Лингвотехнология аясында сандық кеңістікте: компьютерде, интернетте, бағдарламада пайда болған, өмір сүретін және дамитын корпустық лин­гвистика сәтті жұмыс істейді. Цифр­лық технологиялардың мемлекеттік тілді дамытуға, оның қоғамдық функцияларын күшейтуге жаһандану жағдайында оның әлеуетті мүмкіндіктерін кеңейтуге әсерін тигізеді.

 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

ҰҒА академигі 

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да қар көшкіні жүреді

Табиғат • Бүгін, 11:28

Тылсымға толы Шал тауы

Талбесік • Кеше

Театр тұйғыны

Театр • Кеше

Киелі күй иесі

Тұлға • Кеше

Сапаға мән береді

Еңбек • Кеше