Әр дәуірдің өзіне тән ақиқаты бар. Міржақып Дулатұлы туындысында қазақ ауылындағы оқиғалар сол уақыттың өзіне тән шындығымен әдіптеледі. Сол қоғамдағы өмір сүру салтын сипаттаған шығарманың әлеуметтік маңызы орасан зор десек, қателеспеспіз. Жиырмасыншы ғасырдың ақиқатын арқалаған туындыдағы кейбір жағдайлар бүгінгі күнмен де үндесіп жатқаны шындық. Содан да болса керек, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры сахнасында «Бақытсыз Жамал» сахналанды.
Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллин тарихи туындыны екі актілі траги-фарс жанрында сахналауға бел буыпты. Жаңашыл маман сюжет желісін бас кейіпкер Жамалдың тағдырымен сабақтастыра отырып, шешесі Шолпанның көкейіндегі трагедияға да басымдық береді. Бір сөзбен айтқанда, «Бақытсыз Жамалды» қою арқылы режиссер Шолпан образын тереңдете ашуға ден қойғаны да көңіл қуантады. Ескі танымның құрбанына айналған оның Жамалға еркіндік беруге талпынған әрекеті нәтижесіз шыққаны жүрекке салмақ түсіреді. Сәрсенбайға жастайынан тоқал боп тиген оның трагедиясын актриса Қымбат Жамаш ойдағыдай алып шықты.
Екінші бөлімдегі уақыт өзгерісімен келген молдадан хат тану кезінде Жамалдың зеректігін, білімге құмарлығын байқаймыз. Бірнеше айдың бедерінде қиссалар мен жырларды жатқа оқыған қыз өз тағдырының талауға түсетінін қайдан білсін. 45 жасында сүйген сәбиін Сәрсенбай 45 минут ойланбастан құрбандыққа шалуы – болыстыққа ұмтылуы. Сол баяғы мансап үшін жан далбасалау. Жағымпаздардың даурықпасына ден қойған Сәрсенбайдың ұшып-қонған көңіл күйін режиссер кейіпкерлер арасындағы диалог арқылы барынша айшықтай түседі. Ал қойылым барысындағы дәрігерлердің баяу әрекеті мен тез ғайып болуы қоғамдағы ащы ақиқатты үстемелей түседі.
Мансап жолындағы құрбандық – Жамал. Байжан арқылы болыстыққа жол салғысы келген Сәрсенбай Жамалды саудаға салады. Дұрысы, Байжанның сотқар баласы Жұманға беруге еш қарсылық көрсетпейді. Шолпанның наразылығы – ауаға айтылған уәж. Осылайша, қыз тағдыры көкпарға түседі. Санаға салмақ салып, көңілге кірбің түсіретіні де – осы. Жамал үшін қайғы мен қасірет уын жұтқызған күндер осылай басталады. Өйткені Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ.
Жамалдың Ғалимен таныстығы, көргені мен түйгені көп жас жігітпен сөз байласып, сол кездегі сірескен «заңдылықты» бұзып, қайғылы шаңырақтан іргесін аулаққа салуы, яғни қашып кетуі ұзаққа созылған жоқ. Қоғамның қарсылығы мен қараңғылығы олардың аяғына тұсау салды. Тағы да трагедия.
Театр сахнасында «тіл қатқан» «Бақытсыз Жамалда» түрлі образдың характерлері тоғысты. Әрине, оның әрқайсысынан жеке тұлға жасау мүмкін емес. Ондай қадамға барудың қажеті де жоқ. Әйтсе де Жұман образының арқалаған жүгі жеңіл емес. Көркем шығармадағы Жұман мен қойылымдағы образдың арасы алшақтау екенін аңғардық. Мұндағы Жұман өздігінше ой қорыта алады, өз пікірін жеткізе біледі. Сонысымен бөлектенеді. Жас актер Азамат Тұраровтың осы образды алып шығу үшін күн-түн демей еңбектенгенін байқау – қиын емес. Оның «Жамалды Жұман өлтірді деп ойлайсыздар ма?.. Сендер ғой мені мықты дейтін» деген запыранға толы зарлы сөздері расында да Жамалды өлімге итермелеген қараңғы қоғамның қасіретті қадамы екенін айшықтай түскендей.
Траги-фарс жанрындағы қойылымның қоюшы-суретшісі Айгерім Амангелдінің бұған дейін «Құсалық», «Мәңгілік бала бейне» спектакльдерінде өзіндік қолтаңбасын көрсеткенін аңғарғанбыз. Қызыл түсті шымылдық, шынжырға байланған ару образы арқылы детальдарға өзінше мән берген. Сол арқылы әйел теңсіздігінің қандай қасіретке бастамашы болатынын көрсеткен.
Тұтастай алғанда бір дәуірдің ақиқатын арқалаған драманы режиссер бүгінгі күннің тынысымен сабақтастыруға тырысқаны байқалады. Әйтсе де, қойылым барысында бір саундтректі бірнеше мәрте қоюдың қаншалықты қажет болғанын түсіне алмадық.
Қалай десек те, қыз тағдырын саудаға салған өткен ғасырдағы шығарманың сахналық қойылымы көрерменді бейжай қалдырмағаны анық. Өйткені әйел теңдігі мен оның құқығына қатысты мәселелер қазіргі уақытта да өз маңызын жойған жоқ.
Тараз