Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Алматыны «smart city» мәртебесіне жетелейтін әзірлемелерді қала тұрғындары күн сайын пайдаланады. Мысалы, «Onai» автоматты төлем жүйесін адамдар табысты қолданып жүр. Жер үсті мен жер асты көлігіндегі төлемдердің 97% -ы осы картамен жүргізіледі. Әр автобуста GPS-трекерлер орнатылған. Біз қандай да бір көлік құралының қайда екенін және оның маршрутқа шыққанын көріп отырмыз. Бұл деректер ахуалдық орталыққа жүктеледі, талданады. Осының бәрі қоғамдық көлік қызметінің саласын жақсартуға мүмкіндік береді, яғни азаматтардың өмір сүру сапасын арттырады», дейді сарапшы.
Демек, Алматымыздың ел көлемінде смарт-қалаларды дамытудың флагманы боларлықтай әлеуеті бар. Дмитрий Мымриковтың сөзінше, компания технологияларының «ақылды қалалардың жобаларымен» интеграциялану үдерісі жалғасып жатыр. Мұндай тәсіл қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен қауіпсіздік деңгейін арттырады.
«CITIX» компаниясының азық-түлікті дамыту жөніндегі директоры Рауль Линдт урбандалудың өсуімен халық тығыз орналасқан қалалар мен олардағы көлік ағындарын тиімді басқару қабілеті жыл сайын өзекті болатынын атап өтті. Оның айтуынша, урбандалудың беталысы жаңа проблемалардың бетін ашты.
«Freedom Insurance» сақтандыру компаниясы АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары денсаулыққа зиян немесе өлім-жітім жағдайы бар жол көлік оқиғаларын ғана тіркейтін көрінеді.
«Алматыда 2023 жылы 17 мың жол көлік оқиғасы тіркелген. Ал сақтандыру компанияларының өз статистикасы бар. Олардың есебі бойынша жыл сайын 100 мыңнан кем болмайды. Жол көлік оқиғаларына қатысушылардың немесе куә болғандардың барлығының жұмыс уақытының 3-4 сағаты жолда өтеді. Бұл туралы ресми деректерде айтыла бермейді. Мысалы, 2018 жылы Алматыдағы кептелістер күн сайын 600 млн теңге экономикалық шығын келтіреді деп есептелді», дейді Азамат Керімбаев.
Сарапшының айтуынша, шығындарды бөлу деген ұғым бар. Ал барлық сақтандыру оқиғаларының 30-40%-ы – 100 айлық есептік көрсеткішке дейін залал келтіретін жағдайлар.
«Біздің автопаркімізде 5 млн көлік бар. Жыл сайын оның 200 мыңы (4%-ы) жол көлік оқиғасының дәмін татады. Осы 200 мың көлік құралының 98 мыңы ғана сақтандыру компанияларынан сақтандыру өтемақысын алады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, автокөлік жүргізушілері жыл сайын 180 млрд теңгені көлігін жөндетуге жұмсайды. Ал Ұлттық банк сайтында сақтандырушылар міндетті сақтандыру аясында жыл сайын 50 млрд теңге төлейтіні айтылған. 180 млрд теңгенің 50 млрд теңгесі ғана сақтандырумен жабылады. Банктердің автокөлік иелерін кешенді автомобильдік сақтандыру жарнасын сатып алуға мәжбүрлеуінің арқасында ғана автопаркіміздің аз ғана бөлігі ерікті автосақтандыру шеңберінде сақтандырылған», дейді Азамат Керімбаев.
Әрине, сақтандыру мәселесі, оны цифрлық тұрғыдан тиімді ұсыну «ақылды қала» тұжырымдамасының бір парасы ғана. Қазіргі уақытта Алматыны дамытудың екінші кезеңі аяқталуға таяды. Қаланы дамыту бағдарламасының ресми құжатына сәйкес, ақылды қалалар санатына көшу 3 жылдан 7 жылға дейін созылады. Нәтижесі мегаполистер деңгейіндегі цифрлық шешімдерді енгізу үшін стратегиялық көзқарастың жүйелілігіне қарап анықталады.
АЛМАТЫ