Талбесік • Бүгін, 11:00

Тылсымға толы Шал тауы

24 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әр мезгілдің өз кереметі бар. Шіліңгір шілде туғанда Тұрар Рысқұлов ауданына барғандар Шал тауының тылсымымен танысуға тырысады. Тауға қарай бет алған сайын тынысың ашыла түседі. Масатыдай құлпырған айналаның сұлулығы жаныңды рахат сезімге бөлейді. Сарқырап аққан тау өзенінің гүрілі өзіне тартады да тұрады.

Тылсымға толы Шал тауы

Суреттерді түсірген – Алтынбек ҚАРТАБАЙ

«Біз үшін бұл таудың жөні бөлек. Құймақұлақ үлкендерден Шал тауы туралы өте көп әңгіме естігенбіз. Қолда бар дерекке сенсек, Шал бабамыз тау бөктеріндегі құзды паналапты. Мұндағы құстың тілін, таутекенің сырын, тіпті киіктің ымына дейін білген көрінеді. Аяғы аяғына жұқпайтын желаяқ, құралайды көзге атқан мерген болыпты. Жалпы, Шал тауына қатыс­ты қызықты мәліметтер жетерлік. Көнекөз қариялар Шал баба құланды қолда ұстағанын, бұғыны бұғаулап мінгенін ұдайы айтып отыратын. Ол аз десеңіз, тауды мекен еткен аю мен жолбарыс, қабылан мен таутеке секілді түз жануарлары Шал бабаның даусын естігенде сиқырлы үніне елітіп, селт етпей тұрып қалатын болған деседі. Ол кісінің әулие, көріпкел, табиғат тамыршысы атанғаны туралы деректер де жетіп артылады. Содан да болса керек, Құмарық аулының жоғары жағындағы қа­сиетті жер Шал тауы атанып кеткен», дейді сазгер, тарихшы Дүйсенәлі Бықыбаев.

а

Қырғыз Алатауы сілемі аймағындағы тау аудан орталығы Құлан аулынан 60 шақырым қашықтықта жатыр. Дерекке жүгінсек, баба атындағы тау теңіз деңгейінен 2800 метр биікте орналасқан. Аңғарында ішіне мың түрлі құпияны бүккен Көккөл бар. Туристер осы көлді көру үшін де Шал тауына қарай асығады, аумағы қозы жайылым жерді алып жатқан табиғат тамашасының тарихын білуге құштарлық танытады.

Қасиетті мекенге барғанда таудың салқын самалы жаныңды рахатқа бөлейді. Әудем жер жүрген соң Мәлкен, Сазды, Талды, Шайхы атаның қуысы, Сатай, Ақбұлақ, Үйтас секілді тарихи орындар мен таулар кездеседі. Мұнда тұратын жергілікті халық Шал тауы туралы аңызды талмай, тамылжытып айтып отырады.

Тарихтан хабары бар азаматтардың пайымдауынша, Шал тауындағы тастағы таңбалар байырғы бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп тұр. Тастың бетіне әспеттеп салған тауешкі, бұғы, ит суреттері аңшылық стилінде бейнеленген. Олардың бір бөлігі тау бөктеріндегі Шайхы қуысында сақтаулы тұр деседі білетіндер. Мамандардың айтуынша, жануарлардың бейнесі тек сәндік үшін салынбаған. Петроглифтегі бейнелерге қарап, тау бөктерін мекен еткен адамдардың діни-нанымдарын анықтауға болады. Мұндағы тауешкі, бұғы сияқты тас бейнелер ру тайпа­ларының тотеміне айналған.

Ауылдың көнекөз қарияларының сөзіне сенсек, мұндағы петроглифтер әр дәуірдің тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді. Олардың өзіне тән атау­лары да бар. Мәселен, Жарлысу петроглифтерінің бірсыпырасында тауешкі, бұғы, иттің бейнесі салынған. Арагідік түйелердің де суреті кез­деседі. Бір қызығы, Жарлысу петро­глифтеріндегі бейнелер қызыл түспен әдіптелген болса, Талдысу петро­глиф­тері қоңыр түспен ысталған. Сондай-ақ Шыбынды, Тұйықтөр, Талды­бұлақ петроглифтерінің де өзіне тән ерекшеліктері бар.

Жергілікті халықтың айтуынша, таудың биіктегі шың-құздарына көз тіккендер таң қылаң бергенде әлденеше секунд бойы Шал бабаның бейнесін көре алады екен. «Құдайдың құдіретіне шек жоқ. Шал атаның бейнесін жартастан көрдік» деп әңгіменің тиегін ағытатындардың сөзіне ілгеріде аса қатты сене бермейтінбіз. Бізге бұл әңгіме жел сөз қуғандардың тақуа тәмсіліндей көрінетін. Алайда әріптесіміз, ардагер журналист Тұрсынхан Жаманбаевтың естелік жазбасындағы дерек селт еткіз­бей қоймады. Шал тауына ат басын бұр­ған ол да баба бейнесін көрген секілді.

«Жұрт арасында аңызға айналған тылсым құпияны мың естігенше бір көрсек дедік. Сөйттік те Шал тауына жол тарттық. Таң қылаң бергенше көз шырымын алған жоқпын. Қасымдағы жол бастап барған азаматтармен бірге ала таңда тау шатқалдарына қарай бет алдық. Жұрт арасында «Шал бабаның бей­несі осы жерден көрінеді» делінетін құ­зар шыңға қарама-қарсы келіп тоқта­дық.

Ылдида күн жанып тұрған. Тау биігіндегі таңғы салқын тәнімізді тітір­кентіп, сергітіп жіберді. Маңайда шыбынның ызыңы естілмейтіндей тыныштық орнаған. Көздің жауын алатын пейзажға тамсанбай тұра алмай­сың. Дегенмен мұндағы тылсымға толы құпияны білсем деген ой санаға тыныштық берер емес...

Күн ұясынан көтерілгенде биік шыңдар айрықша көзге түсіп, таңдай қақтырады. Біз тау шыңынан көз алмай, қадалып қарап қалған едік. Күн көтерілгенде «О, тоба, о, құдірет!» дедім күбірлеп. «Талғат, тез түсір, түсір» дей­мін фототілшіге нұсқау беріп. Дәл осы уақытта сағымданып кісі бейнесі көріне бастаған. Ал Талғат аузы ашылып тұрып қалған. Үн жоқ, тек басын шайқайды. Ал ғажайып көрініс санаулы секундта ғайып болды.

«Суретке түсіріп үлгердің бе?» деймін Талғатқа қолым дірілдеп. «Қорық­тым, сескендім» дейді ол көзінен әлдебір өкініштің табы байқалып. Бұрқ-бұрқ етіп оған ұрыстым. Көзбен көрген ғажайыпты суретке түсіре алмай қалғанымызға әлі күнге дейін өкініп келемін. Амал нешік», дейді ардагер журналист.

Қалай десек те, шатқалына құпия-сыр бүккен Шал тауы туралы айтылар әңгіме аз емес. Шал тауы туралы сөз қозғала қалса, жергілікті қария­лар әңгіменің майын тамызады. Тарих­тан сыр шерткен түрлі деректер өз тұңғиығына тарта түседі. Бір анығы, бұл тауда бабалардың ізі қалғанына еш­кімнің дауы жоқ. Оны тұрмыс-тіршілік салтынан да аңғаруға болады.

Қазақ қай кезде де ырымға берік халық қой. Қуаңшылық жайлаған жылдары ел-жұрт: «Жаратқанға жалынып құдайы тамақ берсек Шал тауының басына бұлт үйіріледі. Оның соңы нөсер жауынға ұласады. Жер-ана бусанып, шөлі қанып, шаруаның да қабағы ашылады. Мұны енді Құдайдың құдіреті демей көр!» деп, құдайы тамақ таратып жатады.

Шынында да қарақұрым халықтың тілегі қабыл болып, көк аспаннан нөсердің шелектеп жауғанын талай рет өзіміз де көргенбіз. Қалай алып қара­сақ та, тылсымы тереңге тарта түсетін Шал тауы құпиясы әлі күнге дейін ашыл­маған ғажайып мекен екені ақиқат.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Құмарық ауылы