Экология • 28 Ақпан, 2025

Теңіз толса, елге – құт

372 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздегі экологиялық күрмеуі қиын мәселенің бірі – Арал теңізінің тартылуы. Тусыраған теңіз табанына тіршілік нәрінің толуы өңірдің ғана емес, өзге де аймақтардың ахуалын жақсартатыны анық. Қуанарлығы, жылдан-жылға Аралдың суы молайып келеді. Наурыздың соңына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберілмек.

Теңіз толса, елге – құт

Орталық Азия мен Каспий теңізі маңындағы елдер экологиялық ахуалды жақ­сар­тып, табиғат тартуын қалпына кел­тіру ісінде ортақ мәміле жасасып, бір бай­ламға келді. Түйткілді мәселенің бірі – Арал теңізінің табанына су толтырып, айдынға айналдыру шаруасы. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзінде 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін басқара алғанымызбен, Орталық Азия елдері тем­ператураның 2,5 градусқа дейін жоға­рылау мәселесінен айналып өтпей­ті­нін ескерткен еді.

«Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құ­бы­­лыс­тарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұн­дай қиын жағдайдан қашып құтыла алмай­мыз және оған бейімделуге мәжбүрміз. Мыса­лы, біз Хал­ықаралық Арал теңізін құтқа­ру қорын қол­дауға көбірек қаржы бөлуге шақыра­мыз. Өз­деріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақ­стан келесі жылы Қорға төрағалық етеді әрі осы мә­селені шешу үшін барлық серіктесті жұмыл­дыруға үміттенеді», деді Президент Қ.Тоқаев.

Жаһан жұртшылығын алаңдатқан Арал мәселесі қашанда көкейкесті. Теңіз арнасының толуы экологиялық ахуалды ғана емес, жергілікті шаруа­лардың, жер емген диқандардың да еңбегінің еселенуіне септігін тигізбек. Су ресурстары және ирригация минис­трлігі жыл сайын Солтүстік Аралға жіберілетін су көлемін 3 млрд текше метрге жеткізуге күш салмақ.

ав

«Министрлік Қызылорда облысы­ның ирригация жүйелерін қайта қал­пына келтіру, су арналарын бетон­дау­ға қатысты ауқымды жұмыс жүр­гізіп жатыр. Бұл су үнемдеуге мүм­кін­дік береді. Яғни су жерге сіңбей, шаруа­шы­лыққа жетеді. Осының нәтижесінде, үнем­делген суды Солтүстік Аралға жібе­руге ниеттіміз. Бүгінде Үкімет шаруа­лардың лазерьлік тегіс­теуді сатып алу шы­ғындарының 25%-ын субсидиялайды. Бірақ субсидия талаптарында бір­қатар шектеу бар. Мәселен, шаруа қожа­лықтарының кем дегенде 200 гектар жері болу керек деген талап болды. Біз ауыл шаруашылы­ғы министрлігімен бірге бұйрыққа өзгеріс енгізіп, аталған шек­теуді алып тастадық. Енді кез келген шаруа қожалығының лазерьлік тегістегішті сатып алғаны үшін субсидия алу құқығы бар. Бұдан бөлек, субсидия көлемін 50%-ға дейін өсірдік. 3-4 шаруашылық бірігіп, кооператив ретінде сатып алса, шығындарының жартысына жуығын Үкімет субсидия түрінде қайтарады», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Солтүстік Аралға су жіберу шарасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестерімен байламға келіп, мәміле жасасуы­ның нәтижесінде жүзеге аспақ. Министрлік Солтүстік Арал теңізін толтырып, қалпына келтіру жұмысын жал­ғас­тырып жатыр. Теңіз көлемін ұлғайту бағытында 2024 жылдың қазанынан осы жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл осыған дейін жоспарланған көлемнен 100 млн текше метрге артық. Солтүстік Арал су тасқыны немесе жаңбыр есебінен толып жатыр деген пікірдің жаңсақ екенін айта кету керек.

«Аралға су жіберу – су ресурстарын оңтайлы бөлу, оны үнемдеу мен су дипломатиясының нақты нәтижесі. Министрліктің Орталық Азия мемле­кеттеріндегі әріптестерімен қол жет­кізген келісімдерінің арқасында 2025 жылғы наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға тағы 1,6 млрд текше метр су құйылады. Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрден асады. Өсу динамикасын салыстырсақ, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метрге жеткен еді. Биыл жыл соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін толады деп болжаймыз. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр», дейді министрліктің ресми өкілі М.Әбдуәлиева.

Солтүстік Аралда судың көле­мімен бірге ауданы да кеңейіп, 3065 шаршы шақырымға жетті. 2022 жылдан бері 111 шаршы ша­қырымға ұлғайды. Тар­тылған те­ңіздің табанына судың баруы тұздың көлемін азайтып, балық түр­лерінің (22 түрі мекен етеді) өсі­мін қалпына кел­тіруге мүм­кін­дік береді. Солтүстік Аралда жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Көкарал бөгетін сақтап, Сырдария өзенінің сағаларын қалпына келтіру жобасы бекітіледі. Министрлік жыл соңына дейін Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөліп тұрған Көкарал бөгетін реконструкциялау жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл Солтүстік Аралды сақтауға, судың тұздылығын одан әрі азайтуға, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Ми­нистрлік Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жоба 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін да­мытуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді», деді Н.Алдамжаров.

ро

Су үнемдейтін технологияларды пайдаланып, күріш алқаптарын тегістеудің нәтижесінде 200 млн текше метр су Солтүстік Арал теңі­зіне жіберілді. Қызылорда облысында жалпы көлемі 55 мың гектар күріш алқабы тегістелді. Осының нәтижесінде орташа өнімділік гектарына 40-55 центнерден 70-80 центнерге дейін өсті. Ведомство өкілі шаруа қо­жа­лықта­рын, ди­­­қандарды су үнем­­дейтін тех­нология­ларды бел­сенді қолдануға шақырды. Шаруа­ларды ынталандыру мақсатын­да бұрын-соңды болмаған іс-шара­лар қабылданғанын атап өтті. Министрлік су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнату шығындарын субсидиялау мөл­шерін 30%-ға, яғни 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мұндай мемлекеттік қолдау санаулы елдерде ғана бар. Су үнемдейтін технологияларды орнатқан шаруалар суармалы суға да аз төлейді. Елімізде суармалы суға субсидия мөлшері тарифке байланысты 85%-ға дейін ұлғайтылды.

Былтыр Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен «One Water Summit» халықаралық форумында Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Халық­аралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі біздің елге өтті. Мемлекет басшысы 2026 жылдың соңына дейін Халықаралық Аралды құтқару қорының Президенті болып сайланды. Еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығы кезеңіне, Атқару комитетінің 2024–2026 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта көрсетілгендей, 10 бағытта 40-қа жуық іс-шара жүзеге асырылады.

Былтыр жыл басында Солтүстік Арал теңізіне құйылған 1,1 млрд текше метр судың арқасында теңіз көлемі 21,4 млрд текше метр­ге жеткен болатын. Құрамына Қазақ­стан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрік­менстан, Өзбекстан елдері кі­ретін Мемлекетаралық су шаруа­шылығы комиссиясының 86-отырысы былтыр мамыр айында өтіп, мәселе жан-жақты талқыланған болатын. Нәтижесінде, тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағынның көлемі секундына кемінде 30 текше метр болады әрі 997 млн текше метр су жіберіледі деген байламға тоқтады.

Теңіз суының қашып, жаға­лауының тартылуынан болатын экологиялық апатты алдымен сезетін жергілікті тұрғындар. Солтүстік Арал теңізін сақ­тау жобасының екінші кезеңінің жұ­мысы қалай жүретінінен арал­дықтардың да құлағдар болып отыр­ғаны орынды. Осы мақсатта ми­нистрлік ­мамандары Қызылорда облысы, Арал ауданының тұрғындарымен бірнеше мәрте кездесті. Кездесулер 11 ауылдық округтің 21 елді меке­нін­де ұйымдастырылды, тек Арал қаласының өзінде тұрғындармен кездесу 7 мәрте өтті. Министрлік өкілдерінің Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданын ұлғайту жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы судың минералдануын азайтады. Бұл Сол­түстік Аралдың экожүйесі мен био­логиялық әралуандығын сақ­тауға, сондай-ақ Қызылорда облысында балық шаруашылығын одан әрі дамытуға ықпал етеді.