Жануарлар • Бүгін, 11:05

Жылынудың жануарларға әсері

12 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Азияның жабайы мысығы алғаш рет Қостанай облысындағы «Алтысай» экосаябақ аумағында кездесті. Былтырғы жаз бен күзде бірнеше жабайы мысық еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) фототұзағына түскен. Біреуін мониторинг қызметкерлері фотоаппаратқа түсіріп алған.

Жылынудың жануарларға әсері

Бұл сирек құбылыстың жай-жапсарын мамандардан сұрап білген едік. Жабайы мысықтың бұл түршесі бұған дейін осы өңірлерде мүлде кездеспеген. Климаттың өзгеруінен жануардың ареалы солтүстікке қарай ауып жатқан болуы мүмкін дейді мамандар. Мәселенің маңызы да осы – ғаламдық жылынудың экожүйге әсері.

Түз жыртқышы 2024 жылғы қыр­­күйек­тің 23-і мен 30-ы күндері фото­тұзаққа тағы тіркелгеннен кейін шұбар мы­сықтың осы өңірде мекендейтіні расталды. Мысықтар бір-бірінен едәуір алшақ орналасқан, яғни әртүрлі жерде мекендейтіні байқалады. Қазан айында қар түскеннен кейін зерттеушілер Ырғыз-Торғай резерватына шекаралас Баймұрат өзенінің бойынан мысық ізін байқап, сол жерде фототұзақ орнатқан.

ап

Сирек кездесетін түз жануарын өз көзімен көрген АСБК қызметкері Георгий Тимошенко 17 қазан күні аумақты бақылау кезінде фотоға түсіріп алғанын айтады.

– Бұл аумақта жұмыс істеп келе жатқанымызға 15 жыл болса да, жабайы мысықтың бірде-біреуін әлі ешкім көрмепті, – деді «Алтысай» эко­саябағының директоры Алексей Тимошенко. – Экосаябақ аумағында биыл кеміргіштер көбейген, соған қарап, солтүстік дала мысығына қо­лайлы орта екенін байқауға болады.

Азияның жабайы мысығы (Felis lybica ornata) – жабайы мысықтардың түршесі. Олар Оңтүстік-батыс және Орталық Азияны мекендейді. Шұбар мысық еліміздегі сексеуіл арасында, құм қырқаларында, шөлді аймақтың жыра-жықпылдарында жүреді. Оның негізгі мекені де сол. Бұл түрше өзінің ареалындағы елдерде кең таралғанымен, енді бұрынғы мекен еткен ортасынан жылыстауы байқалған. Әзірге төніп тұрған негізгі қауіп – оларды заңсыз аула­у және үй мысықтарымен будандасуы бо­лып тұр. Өйткені жабайы мысықтың те­рісі бағалы келеді, сондықтан ауланады.

– Жабайы мысықтар еліміздегі шөл­ді аймақта мекендегенімен, кейінгі 30 жылда оның ареалы солтүстікке, батысқа қарай жылдам өзгеріп барады. Қазір еліміздің оңтүстігінде, шөлейтті аймақ белдеуінде, БҚО оңтүстігіндегі өңірлерден бастап Абай облысына дейінгі аумақта таралған, – дейді АСБК ғылыми қызметкері Илья Смелянский.

Мамандардың сөзінше, жабайы мысықтардың негізгі қорегі шөлді аймақтарда. Оның ішінде кеміргіштер, қоян, торғай, тіпті бунақаяқтылар, жәндіктер де бар. Шұбар мысықтың дене ұзындығы – 47-74 см, құйрығы – 36 см-ге дейін, ал салмағы 2-6 кило тартады. Терісінің түсі құм түстес, түлеу ке­зінде сарғыш сұр түске дейін өзгеріп отырады.

– Әзірге барлық жабайы мысық солтүстікке ығысты деуге болмайды. Ондай құбылыстың болып жатқаны рас, дегенмен қазіргі жағдайда баяу жылжып жатқаны байқалады. Қостанай облысының оңтүстігіне ауа бастағанына көп бола қойған жоқ. Бірақ басқа ай­мақтарда бұрыннан кездесіп келе жат­қан жағдай, – дейді И.Смелянский.

Экологиялық саябақтың басшысы Алексей Тимошенко жабайы жануарларды бақылаудың ең тиімді әдісі фототұзақтарды қолдану екенін айтады.

– Белгілі бір жерде жануарлардың ізі немесе оның мекендейтінін растайтын басқа белгі табылса, фототұзақтар сол жерге көшіріледі. Экопарк қызмет­керлері фототұзақтарды ай сайын тексеріп, батареяларын ауыстырып оты­рады. Осы әдістің қолданылып келе жатқанына 15 жыл болды. Жа­нуар­лардың мекендеу ортасы туралы деректерді жүйелеу мен сақтау мақ­сатында саябақта smart бағдарламасы енгізілген. Бұл құрал ақпаратты жүйе­леп, ғылыми зерттеу жүргізуге тиімді, – дейді ол.

Ауданы 340 мың гектар «Алтысай» – Торғай даласындағы табиғат байлығы мен ландшафт алуандығының ерекше көркін сақтаған саябақ. Кең дала, өзен-көл, құмды қырлары, сортаң жерлері, жайылма орманымен ерекше. Сөз орайында АСБК қызметкерлері жануарлар дүниесін қорғап қана қоймай, жергілікті халықтың экологиялық мәдениетін арттырумен айналысып жүргенін де атап айта кеткен жөн.