Тасқын судан зардап шеккендердің қатарында Асқар Толыбаев та бар. Ол Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында өмірге келген. Осы шаһарда еңбек жолын бастап, отбасын құрған. Әйелі Амангүл Қаленовамен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, кіндік кескен мекенінде әлі де тұрып жатыр.
«Әйелім екеуміз «Теңіз» кен орнында вахталық тәсілмен жұмыс істейміз. Жұмыс істейтін компанияларымыз бөлек болғанымен, вахтаға бір мезгілде барамыз. Су тасқынынан 5 күн өткен соң үйімізге келдік. Ауланың ішінде тереңдігі тізеге жақын су тұрды. Тасқын су үй мен сарайдың да, гараждың да ішіне кірген. Мұны көріп, ішіміз «өртеніп-ақ» кетті. Бұл адамды күйзеліске түсіретін жайт ғой. Бірақ Жем өзенінің тасығанына не істей аласың? Оған кімді кінәлайсың?», дейді А.Толыбаев.
Тасқын су басқан үйін көріп, абдырап жүргенде інісі телефон шалыпты. Ахуалдан хабардар болған соң «Енді не істеп жүрсіңдер?» деп сұрады.
«Мұндайда не айтарыңды білмейсің. Әйелім екеуміз аулаға шығып, тасқын суды кешіп жүрміз. Сол сәтте үйлену тойларында көп айтылатын мына бір тілек есіме түсе кетті. Біздің тойымызда да айтылғанын ұмытқан жоқпын. «Үйленіп жатқан кезде қос аққудай көлде қатар жүзіңдер деп еді. Міне, сол тілек 34 жылдан кейін қабыл болып, бір-бірімізді жетектеп, қос аққудай көлде жүрміз» деп, әзіл-шыны аралас бейнежазба түсірдім. Оны інімнің сұрағына жауап ретінде жіберген едім», дейді ол.
Кейін сол жазба әлеуметтік желіге жүктеліп, көпшілікке таралған. Желі қолданушылары ерлі-зайыптыларға жылы пікірлерін білдірді.
«Су басқан үйімізге сарапшылар мен бағалаушыларды шақырдық. Мамандар сараптау, бағалау қорытындысын шығарды. Соған сәйкес өтемақы қаржысын алдық. Кейбір тұрғындар өзге қалаларға қоныс аударып жатты. Ал біз кіндік қанымыз тамған мекеніміз – Құлсары қаласынан кеткіміз келмеді. Оның үстіне талай қуанышымызды атап өткен үйімізді қимадық. Сөйтіп, мемлекеттің қолдауымен үйімізге күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік. Мамандардың қорытындысына байланысты гараж бен жазғы сарайымызды бұзып тастадық. Қазір сол ыстық ұямызда тұрып жатырмыз», дейді А.Толыбаев.
Жаңа жыл қарсаңында ерлі-зайыптыларды «Қызық Times» жобасына шақырды. Жобаны ұйымдастырушылар «Қос аққу» атанған Асқар Толыбаев пен Амангүл Қаленоваға «Жыл жұбы» аталымын, Дубайда демалуға жолдама тапсырды.
«Дәл бұлай елге танымал боламыз деп ойламап едік. Су кешіп жүргендегі жазба танымалдылық үшін емес, сол кездегі басымыздағы жағдайды көрсету үшін түсірілген еді. Дубайда демалуға әлі жинала қойған жоқпыз. Вахталық жұмысқа бара жатырмыз. Демалысты кейін ойластыратын болармыз», дейді А.Толыбаев.
Атырау облысы