Фото: Ашық дереккөз
Елде 2011 жылға дейін балабақша ашу үшін мемлекеттен арнайы рұқсат алу міндетті болған. Кейін мектепке дейінгі орын тапшылығын азайту мақсатында лицензиялау алынып тасталды. Соның нәтижесінде жекеменшік балабақшалар саны күрт көбейіп, ата-аналардың таңдау мүмкіндігі артты.
Алайда уақыт өте келе салада қауіпсіздік, кадр даярлығы мен білім сапасына қатысты мәселелер туындаған. Мамандардың айтуынша, балабақшалар саны стандарттардан жылдам өскен.
24.kz мәліметінше, қазір ел бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде шамамен 5 мыңы мемлекеттік, ал 6 мыңға жуығы жекеменшік балабақша.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Құралай Әбеуованың айтуынша, жаңа жүйе ең алдымен сапасыз қызмет көрсететін ұйымдарды нарықтан ығыстыруға бағытталған.
«Лицензия алу үшін ұйым алдын ала тексеруден өтіп, материалдық-техникалық базасының, ғимаратының және білікті тәрбиешілер мен педагогтердің бар екенін дәлелдеуі керек», деді ол.
Сарапшылардың мәліметінше, елдегі балабақшалардың 96% мемлекеттік тапсырыс алады. Бірақ кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс көлемі нақты шығындарды толық жаппайтынын айтады. Қаражаттың басым бөлігі міндетті талаптарды орындауға жұмсалып, білім беру бағдарламаларын жаңартуға немесе инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік аз қалады.
Жекеменшік балабақша мен мектеп құрылтайшысы, «Әділет» республикалық мектепке дейінгі және орта білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова сапалы қызмет көрсететін орталықтар мемлекет қолдауынсыз да жұмыс істей алатынын айтты.
«Алғашқы жылдары қиын болды. Бірақ ата-ана әрдайым сапаны таңдайды. Қазір лицензиясы бар мектеп құрамында болғандықтан, біздің балабақша да тексеруден өтеді. Ал мемлекеттік тапсырыс алмайтын кейбір ұйымдар бақылаудан тыс қалып жатады», деді ол.
Сонымен қатар кәсіпкерлер жаңа талаптардың ауыртпалығы артуы мүмкін екенін де жасырмайды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы Лейла Күленованың айтуынша, лицензия алу талаптары мемлекеттік тапсырыс алу шарттарына өте ұқсас.
«Балабақша барлық нормативке толық сай болуы керек. Бұл – әдістемелік құралдар, дамытушы жабдықтар және қажетті педагогикалық құрам деген сөз. Қазір мұндай талаптарға барлық ұйым бірдей сәйкес келе бермейді», деді ол.
Ұлттық палата өкілдері лицензиялау жүйесі кейбір жекеменшік балабақшалардың көлеңкелі нарыққа кетуіне әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Өйткені талаптарды орындай алмаған ұйымдар заңсыз жұмыс істеуге тырысуы ықтимал.
Жаңа тәртіп келесі жылдан бастап күшіне енеді. Оның мектепке дейінгі білім беру саласына қалай әсер ететіні уақыт өте белгілі болады.