Жастар • Бүгін, 17:53

Астанада өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген студенттер жалақы алады

5 мин
оқу үшін

Елордадағы «Астана Тазалық» кәсіпорны болашақ мамандарды өндірістік ортада даярлаудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда өндірістік практикадан өтіп жүрген колледж студенттері тек тәжірибе жинақтап қана қоймай, ай сайын шамамен 150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Egemen.kz тілшісі кәсіпорынның техникалық базасына барып, студенттердің жұмысымен танысып, олардың күнделікті атқарып жүрген міндеттерін көріп қайтты.

Астанада өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген студенттер жалақы алады

Фото: Баян Сүлейменқызы/ Egemen.kz

Қала көшелерінің тазалығы мен коммуналдық техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін «Астана Тазалық» мекемесінің өндірістік базасында қызу жұмыс жүріп жатыр. Бір бокста қар тазалайтын техника жөнделсе, енді бірінде көшелерге су шашатын машиналардың агрегаттары қалпына келтірілуде. Осы жұмыстардың арасында колледж студенттері де тәжірибелі мамандармен бірге еңбек етіп жүр.

тазалық

Кәсіпорын шебері Нұржан Нұрсейтовтің айтуынша, студенттер мұнда жай бақылаушы емес, нақты өндірістік процеске қатысушылар ретінде тәжірибе жинақтайды.

«Біз колледжбен меморандум жасадық. Әдетте өндірістік практика көп жерде ақысыз өтеді. Ал бізде студенттерге ай сайын шамамен 150 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Олар күніне төрт сағат жұмыс істейді және сол еңбегі үшін ақы алады. Бұл балалардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, жауапкершілігін күшейтеді», дейді шебер.

тазалық

Шебердің сөзінше, студенттер техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының барлық негізгі кезеңдерімен танысады. Олар аға мамандардың бақылауымен щеткаларды ауыстыру, стартер жөндеу, радиаторларды қалпына келтіру, май ауыстыру және түрлі техникалық ақауларды анықтау жұмыстарын атқарады.

«Біз студенттерді бірден күрделі жөндеу жұмыстарына жібермейміз. Қауіпсіздік талаптары бірінші орында. Алғашында бақылап, үйренеді. Кейін тәжірибе жинақтаған соң қарапайым жұмыстарды өздері орындай бастайды. Қазір олардың көбі техниканың құрылымын жақсы меңгеріп келеді», дейді Нұржан Нұрсейтов.

Астанада 100-ге жуық коммуналдық қызметкер Әнұранды шырқады

Мекемеде практикадан өтіп жатқан Астана қаласындағы Кәсіптік-техникалық колледждің үшінші курс студенті Әлібек Еркенов бұл тәжірибенің өз мамандығы бойынша үлкен мүмкіндік екенін айтады.

тазалық

«Түрлі техникалармен жұмыс істеуді үйрендік. Щеткаларды, пышақтарды ауыстыруды және басқа да техникалық жұмыстарды меңгеріп жатырмыз. Ең бастысы – бұл практика ақылы. Көп жерде студенттер тегін тәжірибеден өтеді, ал біз жұмыс істеп қана қоймай, еңбекақы алып жүрміз», дейді ол.

Әлібектің айтуынша, мұндағы тәжірибе бұрынғы өндірістік практикалардан әлдеқайда ауқымды.

«Мұнда техникалар көп, жұмыс көлемі де үлкен. Шеберлер әр нәрсені егжей-тегжейлі түсіндіріп, іс жүзінде көрсетеді. Қазір көшелерге су шашатын техниканың тарату жүйесін жөндеуге қатысып жатырмыз. Осындай жұмыстар арқылы нақты тәжірибе жинақтаймыз», дейді студент.

Бүгінде кәсіпорында алты студент өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Олар үш айлық өндірістік және дипломалды практика бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Практика аяқталғаннан кейін студенттер диплом алып, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығуды жоспарлап отыр.

тазалық

Мұндай тәжірибелік бағдарламаларды ұйымдастыруға кәсіпорынның техникалық әлеуеті мүмкіндік береді.

Тоқаев: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру – конституциялық міндет

Мекеменің Техниканы пайдалану департаментінің директоры Тимур Ахметовтің айтуынша кәсіпорын тек қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ мамандарды даярлауға да ерекше көңіл бөліп отыр.

Тимур

«Қазіргі таңда кәсіпорын балансында 438 арнайы техника бар. Оның ішінде тракторлар, автогрейдерлер, самосвалдар, жол сыпыратын және шаңсорғыш техникалар жұмыс істейді. Біз техникалық паркті 2021 жылдан бері кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Осындай ауқымды өндірістік база студенттердің тәжірибе жинақтауына жақсы мүмкіндік береді. Біз үшін кадр даярлау маңызды бағыттардың бірі. Өндірістік практика кезінде студенттер шынайы жұмыс процесін көреді, техникалармен жұмыс істеуді үйренеді. Ертең олар еңбек нарығына шыққанда дайын маман ретінде қалыптасады», дейді Тимур Ахметов.

Депутат «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынды

Бүгінде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Астана Тазалық» кәсіпорнының тәжірибесі студенттерге теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, еңбек жолын ерте бастауға мүмкіндік беретін тиімді жоба ретінде бағаланып отыр. Ал тәжірибе кезінде төленетін 150 мың теңге көлеміндегі жалақы жастар үшін қосымша ынталандыру болмақ.

тазалық

Соңғы жаңалықтар