Экономика • 28 Қазан, 2019

Уақытша келісім күшіне енеді

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иран мемлекетімен еркін сауда аймағын құру бастамасын Елбасы Н.Назарбаев 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттерінің саммитінде жария етті. Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер мен екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге 2018 жылдың 17 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында Астана экономикалық форум алаңында қол қойылды.

Уақытша келісім күшіне енеді

«Осындай келісімдерді жасасу әлем­дік нарыққа экспортты ілгерілетудің бір құралы болып табылады. Иранмен жа­салған шарт біздің тауарлар үшін 80 млн халқы бар мемлекеттің нарығына қол жеткізуге жол ашады. Сонымен қа­тар, Иран өзара сауданың негізін қай­та өңделген тауарлар құрайтын бірне­ше елдердің бірі болып табылатынын атап өткен жөн», деді Еуразиялық үкімет­аралық кеңесі отырысында Сауда және инте­грация вице-министрі Жанель Ку­шу­кова.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық өнімнің Иран нары­ғына қол жеткізу шарттарын елеулі  ырық­тандыруға қол жеткізілді. Иран ДСҰ-ға мүше емес екенін ескере отырып, осы мемлекеттің тарифтік қорғаудың қолда­ныстағы деңгейі ең жоғарғы деңгей болып саналатынын атап кеткен жөн.  Келі­сім Қазақстан үшін экспорттық қызы­ғу­шылық тудыратын бірқатар тауар­лар бойынша баж салығын азайтуға неме­се ағымдағы деңгейде сақтауға  мүм­кіндік береді. Бұл ретте, сандық мәнде Иран тарапы ең көп жеңілдіктер санын ұсынады.

Келісімге сәйкес Иран тарабы Қазақ­станға және басқа ЕАЭО ел­дері­не 864 тауарға қатысты (оның ішінде, 262 АӨК тауарлары, 602 өнді­ріс­тік тауарлар) импорт баждарын төмен­де­теді. 

Иран нарығына сиыр еті мен қой еті (бажды 26%-дан 5-10%-ға дейін төмендету), бұршақ дақылдары (55%-тен 5-10% дейін), өсімдік майы (20%-дан 10% дейін), макарондар мен кондитерлік өнімдер (55%-тен 14-20% дейін), болат илегі (20%-дан 15%-дейін), рельстер (5%-тен 4% дейін), аккумуляторлар (32-55%-дан 10% дейін), арматура, құбыр (32%-дан 4%-дейін)  және т.с.с тауарларды жеңіл тарифтер бойынша жеткізуге болады. Аталған тауарлар Қазақстан үшін экспорттық қызығушылықты білдіретін дәстүрлі тауарлар болып саналады.

Аталған тауарлар бүгінгі таңда ағым­дағы қазақстандық экспорттың жартысынан астам көлемін құрайды (292 млн доллар немесе 54%).

Өз кезегінде, ЕАЭО елдері 502 та­уар бойынша (126 АӨК тауарлары,  376 өнді­рістік тауарлар) импорт баждарын төмендетеді. Бұл талшын, құрма, інжір, мейіз, креветкілер, кондитерлік өнім, ыдыс, жуғыш заттар, кілемдер, пластмасс бұйымдары. Олардың көпшілігі Қа­зақстан аумағында өндірілмеу себе­бінен, импорттық қызығушылықты білдіретін тауарлар.

Келісімнің қолданыс мерзімі – 3 жыл.

Құжатта ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы тұрақты ке­лісім бойынша келіссөздер жүргізу мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кеткен абзал, Иранмен өзара сау­да көлемі 2018 жылдың қорытындысы бо­йынша 516,3 млн долларды құрады, оның 82,6% (426,7 млн) біздің Иранға экспортымыз (импорт – 89,5 млн) болды. 2019 жылдың 8 айы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 226,2 млн долларды құрады.