Руханият • 11 Наурыз, 2020

Кірме дыбыстардан арылған жөн

687 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскеменде өткен жаңа әліпби жобасын ашық талқылауда филолог ғалымдар, әдіскерлер тарапынан әртүрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Жұртшылық назарына ұсынылған жеті ұсынысқа жетпіс түрлі пікір білдірілді.

Кірме дыбыстардан арылған жөн

Біреу қолдады, біреу қолда­мады. Бір ғалым «ч», «ф», «х», «ц» ды­быс­тарының қа­жеті жоқ. «Ф» ды­бы­сының орнына «п» ды­бысын пай­далануға болады. «І» мен «й» әріптерінің орнын ауыстыруға қар­сы­мын. Седиль белгісіне де мүлде қар­сы­мын, сөздерді жазу барысында әріп­терді байланыстыру қиынға түседі» десе, енді бір ғалым: «Ч» мен «ц»-ға таңба бе­ру­­дің қажеті жоқ. «Ж» әрпін «J» деп бұ­рын­ғыдай жазған дұрыс», деді. 

Семейдегі Шәкәрім универси­те­ті­нен келген ғалым Төлеуғазы Нұр­­сәлімов қазақ әліпбиін әзірлеп жатқан­дық­тан қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстары тұруы керектігін қадап айтты. «Қазір қазақ тілінде 31 дыбыс бар. 1928 жылға дейін дыбыс саны 28 болды. Оның 27-сі төл дыбысы­мыз болды да, «ә» деген бір ғана кірме дыбыс болды. Араб-парсы тілі­нің әсерімен оны қазақтың төл дыбы­сын­дай қабылдап кеттік. 1940 жыл­дан бастап кирилл қарпі енді. Оның ережелері қолданысқа кірді. Бұл біздің жазу психологиямызды оры­с­­тан­дырып жіберді. Біз қазір қазақ­тың сөйлеу мәнерінен айрылдық, фоне­ти­калық заңымен сөйлеуден қал­дық. Қазір 1940 жылдардағы қазақтар­дың сөйлеу мәнерімен сөйлесек ескі заманның қалдығы ретінде қарай­ды. Бұл – 80 жылдағы өзгеріс. Енді 80 жылдан кейін не болады? Сон­дық­тан мүмкіндігінше кірме дыбыс­тардан қашуымыз керек. Бір ғасыр ішінде «ә» дыбысынан бөлек тағы үш дыбыс тілімізге қосылды. Олар – «в», «ф», «х» дыбыстары. Бұл дыбыстар құла­ғымызға сіңісті болып қалды. Қазір Фатимаға «Бәтима бол» десең келісе ме? Келіспейді. Ал қалған «ч», «ц» дыбыс­тарынан құтылуымыз керек. Сонд­а ғана тіліміздің ұлттық сипа­тын сақтау мүмкіндігі бар. Біз кірме сөздерді қабылдамай тұра алмаймыз. Бірақ оған «Қазақтың тымағын кигізіп кіргізейік» деп кезінде Халел Досмұхамедұлы айтқандай, қазақы дыбыстау жүйесіне салып кіргізейік», деді ол.

Өскемендегі Сәрсен Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақ­стан мемле­кеттік универ­ситетінің оқыту­шысы Бердібек Бияров: «Біз қай тілдің әліп­биін жасап жатырмыз» деген мәсе­ленің басы ашылуы керек. Егер қазақ тілінің әліпбиі болса, онда еш­кімге жалтақтамай тек қазақ тілі дыбыстарын белгілейтін әліпби жасауымыз керек. Түпнұсқа тілдегі сөздерді жазу үшін анау дыбысты алайық, мына дыбысты алайық деген психологиядан арылуымыз керек. Әрбір тіл өз тұтынушылары үшін түп­нұсқа тіл болып табылады. Бір тіл немесе бір тілдің сөзі екінші тілге түп­нұсқа бола алмайды. Барлық тіл бір-бірімен тең. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бір тілден екінші тілге сөз ауысқанымен, дыбыс ауыспайтынын көреміз. Бір тіл екінші тілдің сөзін өз дыбысымен жазады. Ағылшын француз тілінің сөзін жазу үшін француз дыбысын алмайды, ағылшын сөзін неміс өз дыбысымен жазады. Орыс қазақтың әкім, мәжіліс, Қазақстан деген сөздерін жазу үшін қазақ тіліндегі «ә», «і», «қ» дыбыс­тарын ала ма? Алмайтынына көз жеткізіп отырып, олардың дыбысын біз неге алуымыз керек?!» деп әлемдік тәжірибеге көз жүгірте келе «Ы» және «І» дыбыстары бір таңбамен (І – ы, і – і), «У» дыбысы «W», «Й» дыбысы «Ү» таңбасымен берілсе, әліпбиден «х», «һ», «в», «ф» дыбыстары алынып тасталса» деген ұсынысын жеткізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы