Руханият • 21 Сәуір, 2020

Брест қамалын қорғаған

2426 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1941 жылы 22 маусымда неміс фашистерінің Кеңестер одағына қанқұйлы шабуылы жанкештілікпен жасалды. Бұл ұрандап келіп бір-біріне қарсы шапқан қан майдан емес, жасырынып келіп жағадан алған жаудың бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген зұлматы. Таңғы сағат төрттің кезінде шырт ұйқыда жатқан кеңес жауынгерлерін жаңбырша жауған оқтың астына алу – майдан даласының тарихында алғаш кездескен қатыгез соғыс өрті еді. Бұған айғақ – шекара шебін күзеткен қаһарман қала Брест қамалы және оны қорғауда өліспей беріспеген, жанпидалықпен ерлік көрсеткен кеңес жауынгерлерінің ұмытылмас қаһармандығы.

Брест қамалын қорғаған

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әкеміз Әбдіразақ Мәмиев – 22 мау­сым күнгі неміс фашистері таң бозында тарпа бассалған қанды шайқаста ұйқысынан шошып оянып, айлар бойы жаумен қоян-қолтық алысып, сол қамал­ды қорғаған жауынгер еді.

Лениндік сыйлықтың иегері, майдангер жазушы Сергей Смирновтың «Брест қамалы» кітабында қамал қорғаған қазақ жауынгерлері туралы жақсы айтылған. Әр жылдары жарық көрген қазақстандық қаламгерлер Серік Әбдірайымов, Ма­дрид Рысбековтың мақалаларында, та­­рих ғылымдарының кандидаты, Брест қамалын қорғаушы офицер Ғаббас Жұ­матов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйла Ахметованың зерттеу еңбектерінде, қарулас майдангерлердің естеліктерінде Әбдіразақ Мәмиевтің ерен ерлігі, қан майдандағы азапты өмірі туралы көптеген дерек бар. Енді сол деректердің бір-екеуіне сілтеме жасасақ.

Біріншісі – аға лейтенант Баяхмет Бейісов соғыс басталған алғашқы күні майдандас, қарулас жерлестерімен Брест қамалын қандай қиын жағдайда қорғағандары туралы 1960 жылдың 5-мамырында жазған «Ұлы Отан соғысы туралы» деген естелігінде:

«Алматы облысы Кеген ауданында мұғалімдік қызметте жүргенімде, 1939 жылы Совет Армиясы қатарына алындым. Алматы облысынан: Кеген, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарынан бір топ қазақ жігіттері Брест қама­лындағы 6-шы атқыштар дивизиясында, 125-атқыштар полкі, 1-ші және 2-ші батальондарында болдық. Есімде қалғандары – Әлібек Арынов, Әбдіразақ Мәмиев, Тотыбет Баймұханбетов, Әбілда Балғабаев. Біздің полк командиріміз алдымен Берков, содан соң Дулькейт болды. Ал Ландышев пен Шабловский 1-ші және 2-ші батальондардың командирлері болған. Осы командирлер 5-6 шақырым жердегі Оңтүстік қамалдағы оқу-жат­тығуға, шамамен 10-12 шақырым жердегі (укре­прайон) әскери нығайту құрылыс жұ­мыстарына апаратын. Күндіз-түні тыным болмайтын. Отырған жерімізде ұйықтап, аздап болса да тынығып ала­тынбыз. Есімде жақсы қалғаны, оқу-жаттығу өткізетін жерге дейін жү­гір­­тетін. Пулемет пен жаңа шыққан «То­­­карев» атты винтовканы соғыста дұ­рыс қолдану, оның материалдық бөл­шек­терін шашып, қайта жинау шап­шаң­дығын және мергендікпен 500 метрден дәл тигізіп, көздеуді үйретті.

Біздің жерлес жігіттеріміз, барлық жат­тығу түрлерінен командирлер мақ­тауына үнемі ие болып, «өте жақ­сы» немесе «жақсы» деген бағалар қо­йы­латын. Біздің казарма, Брест қама­лының батысқа қараған жағындағы, сол­түстік қақпаға жақын жерден басталатынын, қалай жылжитынымызды картадан көрсететін.

Соғыстың алдында казарма­да 2-ші батальоннан тек кейбір штаб қыз­мет­керлері, музвзвод пен шаруашылық бөлімшелері және ұмытпасам, 4-ші рота мен кезекші жауынгерлер қалдырғанын білетінбіз. Ал 1941 жылғы 21 маусым күні түс ауа бастағанда, нығайту ауданын (укреп­район) Ландышев пен Шабловский бастаған батальондардың кейбір роталар жауынгерлері казармаға жинала бастағаны есімде. Оның ішінде менің жерлестерім Балапан, Әлібек, Әбдіразақ, Оспан болды.

Біз немістермен алғашқы соғысты осы Брест қамалында қарсы алдық. Оқу-жаттығу полигонынан және әскери құрылыс жұмыстарынан келген жауын­герлер шаршап, қатты ұйықтап жат­қанда, 22 маусымның азанында неміс­тердің бомба мен снаряд жарылысы дүмпулерінен шошып, шынымды айтсам, сасып ояндық. Қару алып, казарманың төмен түсетін баспалдақтары қирап қалғандықтан, 2-ші қабаттан секірдік. Әуеден түскен мыңдаған снарядтар, қамал­дың әрбір шаршысына жаңбырдай жауды. Көптеген жауынгер неміс­тердің бірінші соққысынан-ақ казармада, қайсыбірі одан шығысымен-ақ жү­гіріп бара жатып мерт болды. Кей­біреулері жалаңаш, киімдері мен қару­ларын қолдарына алып, соғысуға да үлгермей қалды.

Аздан соң Шабловский да келіп жет­ті. Ол бастаған топпен, немістерге біраз соққы берсек те, олардың кенеттен шабуыл жасағаны және жауынгерлер санының көптігі, қаруларының басымдығы бізге қиындық тудыра бастады. Біраз уақыт немістер снарядпен бомбалауды тоқтатқан сияқты болды. Сонан соң шамамен 10-15 минуттан кейін неміс танкілері, артында мотоциклдері мен автоматтарымен жасақталған жаяу солдаттары көрініп, үстін-үстін оқ жау­дыра бастады. Біз қамалдағы кез келген бекініс орындарына орналастық, біразы қиратылып тасталған. Бірақ дүм­пулер мен от түтіндерінен жау­ды көру қиын бола бастады. Осы жерде, неміс әскерлерімен бетпе-бет кездесіп, қолма-қол ұрысында кірістік. Бұл жерде қоршауда қалғанымызды көрдік. Сол кезде бұдан шығу, меніңше, барлы­ғымыздың бірінші мақсатымыз болды ғой деймін. Күл-талқан шайқастан соң ғана, алдымыз енді ашылғандай болды. Шамамен 25-30 шақты бір топ жауынгер, қамалдың солтүстік-батыс қақпасы арқылы, таң атқанда ғана әрең шықтық.

Осындай қиын ұрыстан соң Гомельге шегінуімізге тура келді. Шамамен 3-4 шақырым өттік. Жолда мен снаряд жары­лысынан ес-түссіз қалып, контузия алғанымды ке­йіннен, сауыққанда ғана жанымдағы жауынгерлерден білдім. Олардан жерлес бауырларымды сұраған кезде, олар 1-ші батальон коман­дирі Ландышев бастаған топпен басқа бағытқа кеткенін айтты.

Батальон командирі Ландышев тірі көрінеді. Шабловский немістердің қолы­на түсіп мерт болған. Полк коман­дирі Дулькейт бір топ жауынгермен жа­рақат алып, немістердің қолына тұт­қынға түсіпті, дегенді естідік.

Жау қолына түскен жауынгерле­ріміздің тұтқында жүріп-ақ, дұшпанға қарсы батыл іс-әрекеттерін жалғастырып жүр­ген­дерін естідік. Жауға берілмей, олардан аман құтылып, кейіннен партизандар қатарына қосылып барып, жауға қайта шабуыл жасап, осындай батыл іс-әрекеттерімен Отанға өлшеусіз пайдасын тигізулері қандай керемет! – деуші едік. Мұндай тек асқан батырлардың қолынан келетінін, ежелде өз елімізде де еститінбіз. Сондықтан нағыз батырлар – осылар, деп санайтынмын. Олар­дың қатарында, менің аталған қазақстандық бауырларым бар болса, олар жаудан құтылып шығар, өйткені әбден шыңдалды ғой, деп бұл жағдайға үмітпен қарайтынмын. Өйткені біз күн­делікті өмірде араласқанымызда, әске­ри оқу-жаттығуларда болғанымызда біздердің батыр ата-бабадан тараған жоғар­ғы рухтағы жігіттер екенімізді өзара біліп, сезінетінбіз», деген сөздері сол күнгі зұлмат соғыстың алапат қыр­ғынын көз алдыңа еріксіз елестетеді.

Әбдіразақ Мәмиев Брест қамалын жауға бермей бір ай бойы қорғаған 125-ат­қыштар полкіне қарасты 2-ба­тальон­ның 4-ші ротасында 3-ші взво­дын­да мерген болды. Әкеміз көзі тірісінде бізге қанқұйлы соғыс туралы, қалай соғысқаны туралы шешіліп, ештеме айтпайтын. Көбіне тұйық күйінде, үнсіз қалатын. Біз одан әрі ол кісіні мазаламайтынбыз. Қас батырға тән ерлік көрсеткенін Брест қамалын қорғаған қаһармандар туралы жазылған тарихи кітаптар мен естеліктерден оқып білдік.

«Батыр қала – Брест қамалы» му­зейінде 125-атқыштар полкінің құра­мында соғысқан 117 қазақстандық жауын­гердің тізімі тұр. Жауынгер Мә­миев Әбдіразақ Мәмиұлының тұсына «Коман­дирін құтқарып қалған, ерлігімен ерекше көзге түскен» деген анықтама берілген. Бұл сөздің мәнісін музейде сақ­талған батальон командирі, капитан Георгий Ландышевтің естелігінен көруге болады.

Онда: «Біз соғыс басталған күннен бір қасық суға зар болдық. Өзенге кеткен солдаттың тірі қайтқаны некен-саяқ. Қасықтап жинағанымызды барын­ша үнемдеп пайдаланып отырдық. Түріміз қазанның түп күйесіндей. Бір-бірімізді әрең танитын халге жеттік. Мені жараланған жерімде қалдырмай, иығына салып көтеріп жүрген кіші сержант Мәмиевтің өзі де өлім халінде-тұғын. Үсті-басы қан-жоса болатын. Жау ойда жоқта бас салды. Бірақ жігерімізді жасыта алмады. Намысымызды қолдан бермедік. Қолға оңайлықпен түскен жоқпыз».

Осы естелік сөзді жазған Г.Ланды­шев ауыр жараланғанда: «Қолға тірі­дей түспеймін, атып таста! Мұны орын­дамасаң әскери трибунал тәртібімен жауапқа тартыласың», деп бағынышты жауынгері, кіші сержант Ә.Мәмиевке қанша қатаң бұйрық берсе де, ол: «Мен сізді өз қолыммен өлтіре де алмаймын, жау қолында қалдырмаймын да»,  деп арқалап жүреді. Алайда фашист қоршауынан шыға алмай, жау қолына түседі.

Кейін екеуі де тұтқыннан құты­лып, соғыс майданына қайтадан қосы­лады. 1984 жылы өмірден өткен Г.Ландышевтың: «Егер Мәмиевтей ақылды әрі қажыр-қайраты мол жауынгер болмаса, мен тірі қалар ма едім, қалмас па едім. Біз қанқұйлы немістерді өз ордасында тұншықтыра алар ма едік, алмас па едік?!» деген сөздерін өз аузынан естігенін Брест қамалындағы Қорғаныс мұражайының директоры генерал В.Гу­ба­ренко бізге айтып берген еді.

Кейін Брест қамалын қаһармандықпен қорғаған ерлігі үшін Әбдіразақ Мәмиев­ке жоғары награда Қызыл Жұлдыз ордені берілгенде командирі Георгий Лан­дышевтен құттықтау хат келеді. «Сен Қызыл Жұлдыз орденінен де биік құрметке лайықтысың. Құттықтаймын! Полковник Ландышев», деп жазылған. Әкеміз бұл хатқа қатты риза болып, ерекше қуанышқа бөленіп, көңілі қатты босап еді.

Екінші дерек. Брест қамалын қорғау­шылар қатарында қазақтың даңқты күйшісі Құрманғазы атамыздың немересі Төлеген Құрманғазиев те болған. Шай­қас кезінде ол да қатты жараланып, не­містердің қолына түседі. Алғаш қала шетіндегі сұрыптау лагерінде болып, кейін Полшаның Бьяло-Подляскодағы лагеріне алып келеді. Ә.Мәмиев бұл лагерге екі апта бұрын түскен екен. Т.Құрманғазиевтің ұлы Кәкімнің өз әкесі туралы:

«...Жарақаттың салдары болар, он-он бес метрдей жер жүріп барып құлап түседі. Аржағы есінде жоқ. Көзін ашса, бейтаныс қазақ жігіті қасында отырғанын көреді. Жарақатын тазалап, мұқият таңып тастапты. Кейін көмек берген тұтқын солдат: «Сендерді алып келгенде, көрсін деді ме, немістер бәрі­мізді алаңға алып шықты. Менің тұсыма келген кезде құлап қалдың. Қасымдағы тұтқындардың көмегімен ішке алып келіп, жарақатыңды қарасам, асқынып кетіпті. Сол жерде шинелдің етегін күйдіріп басып, таңып тастадым»,  деді.

Өзіне неміс лагерінде бірін­ші көмек көрсеткен солдаттың Алматы облысы Жамбыл ақынның ауылынан, фамилиясы Мәмиев екенін, әкем әрдайым айтып отыратын», деген дерегінен екі алып өнер иелерінің ұрпақтары азапты кезде бір-біріне сүйеу болғаны – Алланың берген дәрмені шығар!

Сол лагерьден әкеміз бір топ тұтқын­дармен орманға ағаш кесуге барғанда «Людова гвардиялары» деген поляк партизандарының көмегімен жау қо­лынан аман-есен құтылып шығады. Біраз уақыт партизан отрядында болып, 1942 жылы шілде айында Қызыл Армияға қайта қосылады. 3-ші Украина майданындағы 1006-шы атқыштар полкінде соғысқа қайта кіріп, басқыншы жауға қарымта соққы беруде талай шайқасқа қатысады. Сондай қантөгіс айқастың бірінде, оңтүстік Буг өзенінде болған қиян-кескі ұрыста ауыр жарақат алып, Тбилиси қаласындағы әскери гос­питальда емделеді. Алайда оң аяғын емдеп жазу мүмкін болмай, кестіріп, 1944 жылы қараша айында сыңар аяғы­мен елге оралды. Туған жеріне келген соң, бейбіт өмірге араласып, анамыз Тұрар Мұқанқызымен тағдыры жара­сып, отау тікті. Екеуі де ұстаздық еңбе­гі­мен ба­қытты ғұмыр кешті. Алты ұл, екі қыз көрді, көптеген немере-шөбере сүйді.

Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Әбді­разақ Мәмиев бейбіт кезде де халқы қадір тұтқан ұлағатты ұстаз, ардақты азамат болды. Әкеміздің ерлігі мемлекет та­рапынан: Қызыл Жұлдыз ордені, «Украи­наны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30 жылдық» мерекелік медальдары және «СССР Қарулы күштеріне 50 жыл», В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен марапатталды

Ә.Мәмиевтің Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қиын да қанқұйлы сәтін бастан кешкен, жүрегіне өшпестей жара салған Брест қамалы тарихи ғұмырын әлі жалғастырып тұр. Әскери борышын өтеген кездегі, яғни соғыс басталар алдында түскен фотосуреті, өмірбаяны, Екін­ші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі үшін алған орден-медальдары, өзге де құжаттары «Батыр қала – Брест қамалындағы» мемориалдық кешенінің музейіне қойылған. Біз ер есімінің ел есінде осылай мәңгі сақталғанына шүкіршілік дейміз.

 

Мұхит МӘМИ,

ардагер әкенің ұрпағы