Руханият • 04 Маусым, 2020

«Әнұранды қосыла шырқаймыз»

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеңімпаз спортшылар үшін қай жарыстың да ең жүрек тербетер кезі туған елінің Әнұранын айтқызып, бейтаныс елде өзіне ғана таныс әрі ыстық әуенді қосыла шырқап тұрған сәті болар, бәлкім. Дегенмен талайдың арасынан топ жарып, жалауымызды желбіретіп, қолын жүрек тұсына қойып, «ал, міне» деп шырқай жөнелуге дайын тұрған сәтте техникалық ақаулардың себебімен гимн шатастырылып не мүлде ортасынан кесіліп, спортшыларымыз жеңістің ең бір ләззатты сәтін сезіне алмай қалған жағдай кездесіп қалады.

«Әнұранды қосыла шырқаймыз»

Италияда 2014 жылы волейбол­дан әйелдер арасындағы өткен әлем чемпионатында Қазақстан мен Нидерланд құрамалары кездесуінің алдында Верона қала­сына жиналғандар елі­міздің ескі Әнұранын тыңдады. 2015 жылы Грозныйда өткен Ресей пре­зи­ден­ті­нің кубогында Илья Ильин рекорд жаңартып, марапаттау рәсімінде ескі Гимн қойылған бола­тын. Жеңімпаз спортшымыз жаңа Гимнді қосуды талап етіп, осылайша сол жарыста ескі де, жаңа да мем­ле­кет­тік әнұрандар тыңдалып еді.

Әнұранның шатастырып қойылу жағ­дайларынан бөлек, мүлде үзіліп қалған кездер де болған. Былтыр су спорты түрлерінен өткен Азия чемпионатында (Үндістан) су добы бойынша Қазақстан жастар құрамасындағы қыздардың орын­да­уын­дағы Гимн талайды сүй­сін­діріп, қоғамда біраз талқы­ланған еді.

Су добы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, «Айша бибі» командасының ойын­шы­сы, Үндістанда өткен Азия чемпионатында Әнұранымызды орындаған қыздардың бірі – Мәдина Рахманова сол кездегі техникалық ақау өздерін жігерлендіре түскенін айтады. «Жарыс басталар алдында Қытайдың мемлекеттік гимні орындалып, кезек бізге келгенде Әнұранымыз алғашқы секундтарда-ақ тоқтап қалды, бірақ біз оны сәтімен жалғастырып әкеттік. Командадағы қыздардың барлығы – патриоттар. Сондықтан бұл жерде таң қалатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Гимнді жатқа білу – әрбір азаматтың міндеті. Біз де Қазақстан азаматтары ретінде мемлекеттік Әнұранды жақсы білеміз. Гимнді өзіміз орындап, одан сайын жігерлене түстік. Бұл қытайлық команданы тізе бүктіріп, жеңіске жетуімізге негізгі себеп бол­ғандай», дейді спортшы.

Мәдинаның айтуынша, әр ойын алдында бапкерлері ел намы­сы қыздардың қолында екенін, сон­дық­тан барын салуға тырысу керек­тігін айтып, нұсқау береді. «Бап­керлер жарыста 100 пайыз өзі­міз­ді көрсетуіміз керегін жиі айтады. Қол­дан келетіннің бәрін жарыс­та көрсетіңдер дейді. Мұны жарыстың бар­лық кезеңіне қатысты деп түсі­не­міз. Сондықтан Әнұран шыр­қал­ғанда да, барымызды салып, туған же­рімізге құрметімізді көрсеткіміз кел­ді», дейді Мадина.

«Спортшының гимнді білуі – бапкерден» екенін 2009 жылдан 2018 жылға дейін бокстан Қазақстан ұлт­тық құрамасының бас бапкері бол­ған Мырзағали Айтжанның пі­кі­­рі дәлелдей түскендей. Талай чем­­­­пионды жаттықтырған маман әр жат­­тығуды Гимнмен бас­тай­­ты­нын айтты. «Өзім ұлттық құ­ра­маға бапкер болған кезде бокс­шы­­л­­ардың жат­тығуын міндетті түрде Әнұран шырқаумен бас­та­та­тынмын. 12 айдың 9 айын оқу-жат­тығу жиындарын­да өткізе­ті­німіз мәлім, сол кезде күнде та­ңер­­тең бір спортшы бастап, қал­ға­ны қостап Әнұран айтылады. Қазақстан байрағын талай рет көкке көтерген, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Олимпия ойын­да­рының қола медалін екі мәрте еншілеген Иван Дычко да, Олимпия ойын­дарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Василий Левит те жат­ты­ғуда Гимн айтып жүрді. Әр спорт­шы­ның, бапкердің Гимнді білуі керек деген ойдамын. Бұл да бір ұдайы ескере жүретін талап. Басқа спорт түрлерін білмеймін, алайда бұл дәстүр басқа боксшылар арасында да жалғасын тапқанын естідім. Ұлттық құрамадағы спортшылар бүгінде әрбір жаттығу күнін мемлекеттің Әнұранымен бастайды екен», дейді белгілі бапкер.