Италияда 2014 жылы волейболдан әйелдер арасындағы өткен әлем чемпионатында Қазақстан мен Нидерланд құрамалары кездесуінің алдында Верона қаласына жиналғандар еліміздің ескі Әнұранын тыңдады. 2015 жылы Грозныйда өткен Ресей президентінің кубогында Илья Ильин рекорд жаңартып, марапаттау рәсімінде ескі Гимн қойылған болатын. Жеңімпаз спортшымыз жаңа Гимнді қосуды талап етіп, осылайша сол жарыста ескі де, жаңа да мемлекеттік әнұрандар тыңдалып еді.
Әнұранның шатастырып қойылу жағдайларынан бөлек, мүлде үзіліп қалған кездер де болған. Былтыр су спорты түрлерінен өткен Азия чемпионатында (Үндістан) су добы бойынша Қазақстан жастар құрамасындағы қыздардың орындауындағы Гимн талайды сүйсіндіріп, қоғамда біраз талқыланған еді.
Су добы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, «Айша бибі» командасының ойыншысы, Үндістанда өткен Азия чемпионатында Әнұранымызды орындаған қыздардың бірі – Мәдина Рахманова сол кездегі техникалық ақау өздерін жігерлендіре түскенін айтады. «Жарыс басталар алдында Қытайдың мемлекеттік гимні орындалып, кезек бізге келгенде Әнұранымыз алғашқы секундтарда-ақ тоқтап қалды, бірақ біз оны сәтімен жалғастырып әкеттік. Командадағы қыздардың барлығы – патриоттар. Сондықтан бұл жерде таң қалатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Гимнді жатқа білу – әрбір азаматтың міндеті. Біз де Қазақстан азаматтары ретінде мемлекеттік Әнұранды жақсы білеміз. Гимнді өзіміз орындап, одан сайын жігерлене түстік. Бұл қытайлық команданы тізе бүктіріп, жеңіске жетуімізге негізгі себеп болғандай», дейді спортшы.
Мәдинаның айтуынша, әр ойын алдында бапкерлері ел намысы қыздардың қолында екенін, сондықтан барын салуға тырысу керектігін айтып, нұсқау береді. «Бапкерлер жарыста 100 пайыз өзімізді көрсетуіміз керегін жиі айтады. Қолдан келетіннің бәрін жарыста көрсетіңдер дейді. Мұны жарыстың барлық кезеңіне қатысты деп түсінеміз. Сондықтан Әнұран шырқалғанда да, барымызды салып, туған жерімізге құрметімізді көрсеткіміз келді», дейді Мадина.
«Спортшының гимнді білуі – бапкерден» екенін 2009 жылдан 2018 жылға дейін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған Мырзағали Айтжанның пікірі дәлелдей түскендей. Талай чемпионды жаттықтырған маман әр жаттығуды Гимнмен бастайтынын айтты. «Өзім ұлттық құрамаға бапкер болған кезде боксшылардың жаттығуын міндетті түрде Әнұран шырқаумен бастататынмын. 12 айдың 9 айын оқу-жаттығу жиындарында өткізетініміз мәлім, сол кезде күнде таңертең бір спортшы бастап, қалғаны қостап Әнұран айтылады. Қазақстан байрағын талай рет көкке көтерген, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Олимпия ойындарының қола медалін екі мәрте еншілеген Иван Дычко да, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Василий Левит те жаттығуда Гимн айтып жүрді. Әр спортшының, бапкердің Гимнді білуі керек деген ойдамын. Бұл да бір ұдайы ескере жүретін талап. Басқа спорт түрлерін білмеймін, алайда бұл дәстүр басқа боксшылар арасында да жалғасын тапқанын естідім. Ұлттық құрамадағы спортшылар бүгінде әрбір жаттығу күнін мемлекеттің Әнұранымен бастайды екен», дейді белгілі бапкер.