Саясат • 04 Маусым, 2020

Есте қалған ерекше күн

458 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күні елдіктің нышаны – Туымыз көтеріліп, Ән­ұра­нымыз шырқалатыны белгілі. Сонымен қатар осы күні Ішкі істер ми­нис­тр­лігіне қарасты барлық жоғары оқу орындарының үздік түлектері елор­да төріне шақырылып, оларға Мемлекет басшысының өз қолымен дип­лом мен алғашқы арнаулы атақтар табысталады. Бұл жиын аталған ме­ре­кеге орай елімізде дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқан көптеген игі іс-шаралардың арасында ерекше көрінеді.

Есте қалған ерекше күн

Бүгінде бұған дейін ел Прези­ден­ті­нің қолынан Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарының дип­­ломы мен алғашқы арнаулы ата­ғын алған өрендер еліміздің бар­лық ай­мақтарында жемісті қызмет атқа­рып жүр. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қа­ласы Сарыарқа аудандық Полиция бас­қармасының тергеушісі Назгүл Қожамжарова.

«2015 жылы Ішкі істер минис­трлігіне қа­рас­ты Б.Бей­се­нов атын­да­ғы Қара­ғанды ака­­де­миясының табалдырығын ат­тап, 2019 жылы оны үздік дипломмен, сотқа дейінгі тер­геп-тексеру мамандығы бойынша бітірдім. Ең алғашқы арнаулы ата­ғы­мыз­ды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алдым. Бұл үлкен өмірге қадам басқалы тұрған маған ерекше әсер етті», дейді Назгүл.

Біздің кейіп­ке­рі­міз бұл маман­дық­­ты бала кезінде таңдаған екен.

«Әкем де Ішкі істер департа­мен­тін­­де қызмет етті, қазір зейнетте. Әкеме ұқ­са­ғым келіп, осы сала­да жұмыс істеу­ді мектеп қабырғасында жүрген кезден жоспарладым. Қарағанды академиясына оқуға түсіп, оқытушыларымыздың берген білімін бойға сіңіруге тырыстым. Осылайша үз­дік­­тер арасынан көріндім. Қа­те­лес­песем, 2019 жылы академияны 208 түлек бітір­дік. Солардың ішінде 8-і үздік дип­лом алды. Әл­бетте, диплом мен алғашқы ше­ні­мізді Президенттің өзі та­быс­тай­ты­нын естігенде қатты қуан­дым. Бұл – оқуыңның, бірнеше жыл­дық еңбе­гің мен ізденісіңнің же­місі. Пре­зид­енттің қасында тұру, оның алдында сөйлеу мен үшін ұмы­тыл­мас сәт болды. Оның үстіне Мем­лекеттік рәміз­дер күні Ту көте­ру рәсіміне қаты­сып, жалауы­мыз желбіреп тұр­ғанда маңыз­ды құжат алу ма­ған үлкен жа­уап­кершілік жүк­­­те­ген­дей болды. Сол жер­­де бол­­­ған әр­­бір түлектің елімізге деген сү­йіс­пен­ші­лі­гі арта түс­ке­ніне сенім­ді­мін.

Әрине теория мен тәжірибенің айыр­машылығын жұмысқа келіп тү­сін­дім. Қарағанды академиясының бір жақсы тұсы, оқытушылардың көбі тергеуші болып жұмыс істеген прак­тик мамандар. Жұмыстың оңайы бол­май­ды ғой. Алайда біздің саланың да өз қызығы бар. Қазір еліме адал қызмет етсем, осы саланың дамуына үлес қоссам, әлі де талай арнаулы атақ­тар­ға қол жеткізсем деп ойлаймын», дейді ол.

Назгүл Қожамжарованың негізгі мақсаттарының бірі – келешекте Қа­зақ­стан полицейлерінің мәртебесін көте­ру­ге, оң имиджін қалыптастыруға күш салу.

Ал қазір Нұр-Сұлтан қаласында қызмет ететін полиция инспекторы Руслан Ильясов 2 жыл бұрын дәл осы Мемлекеттік рәміздер күні сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сы­­мовтан алғашқы арнаулы атағын ал­ыпты.

«Дипломымды астанаға барып ала­ты­нымызды естігенде ерекше сезімде болдым. Қатты қуандым. Содан, бас қалаға келіп салтанатты жиында министрден арнаулы атақ алдым. Елор­да­ға ата-анам да бірге келіп, барлығы қуанышыма ортақтасты. Шынымен, өмір­дегі маңызды күніңнің мемлекет үшін маңызды мерекелердің бірі – Мемлекеттің рәміздер күнімен сәйкес келуі, оның үстіне үлгі алатын үлкен тұлға­лардың сол рәсімде ақ тілегін ес­туің айрықша сезімге бөлемей қой­май­ды екен.

Мен бала кезімнен полиция болсам деп армандадым. Арман қуып Қостанайдағы Шырақбек Қабылбаев атын­дағы Қостанай академиясына Әкім­шілік құқық мамандығына оқуға түстім. Академияны қызыл дипломға аяқтаймын деген мақсатым болды. Сәтін салып, ол арманыма да жеттім», дейді Руслан.

1

Руслан Ильясов өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың қатарында. Ол үздік диплом иегерлеріне жұмыс орнын таңдау құқығы берілетінін пайдаланып, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудан­дық Полиция басқармасы Жергі­лікті полиция қызметі бөліміне жұ­мысқа тұрады.

«2018 жылдан биылға дейін учас­ке­лік полиция инспекторы болып қыз­мет еттім, аға лейтенант атандым. Біз отбасыдағы жанжалдан бастап, үлкен қылмыстармен жұмыс істейміз. Мұ­ның бәрі – елдегі жағдайдың кө­рінісі. Полиция тек қылмысты әшке­релеп қоймай, онымен күресу, қыл­мыс­тың алдын алу жолдарын іздейді. Сондықтан өз саламның үздік маманы болуға тырысып жүрмін», дейді жас маман.

Үздік түлектерге арнаулы атақ­тар­­ды 4 маусымда табыстау ұзақ жыл­­­дар­дан бері жалғасып келе жат­қан дәс­түрлі іс-шара. Осынау мере­ке күні  Пре­зиденттің, сондай-ақ сала бас­шы­сы­­ның ақ тілегін естіп, үл­кен өмірге жол­дама алған жас мамандардың еліміз үшін аянбай қызмет ете беретініне сеніміміз мол.