Бүгінде бұған дейін ел Президентінің қолынан Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарының дипломы мен алғашқы арнаулы атағын алған өрендер еліміздің барлық аймақтарында жемісті қызмет атқарып жүр. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Назгүл Қожамжарова.
«2015 жылы Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының табалдырығын аттап, 2019 жылы оны үздік дипломмен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мамандығы бойынша бітірдім. Ең алғашқы арнаулы атағымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алдым. Бұл үлкен өмірге қадам басқалы тұрған маған ерекше әсер етті», дейді Назгүл.
Біздің кейіпкеріміз бұл мамандықты бала кезінде таңдаған екен.
«Әкем де Ішкі істер департаментінде қызмет етті, қазір зейнетте. Әкеме ұқсағым келіп, осы салада жұмыс істеуді мектеп қабырғасында жүрген кезден жоспарладым. Қарағанды академиясына оқуға түсіп, оқытушыларымыздың берген білімін бойға сіңіруге тырыстым. Осылайша үздіктер арасынан көріндім. Қателеспесем, 2019 жылы академияны 208 түлек бітірдік. Солардың ішінде 8-і үздік диплом алды. Әлбетте, диплом мен алғашқы шенімізді Президенттің өзі табыстайтынын естігенде қатты қуандым. Бұл – оқуыңның, бірнеше жылдық еңбегің мен ізденісіңнің жемісі. Президенттің қасында тұру, оның алдында сөйлеу мен үшін ұмытылмас сәт болды. Оның үстіне Мемлекеттік рәміздер күні Ту көтеру рәсіміне қатысып, жалауымыз желбіреп тұрғанда маңызды құжат алу маған үлкен жауапкершілік жүктегендей болды. Сол жерде болған әрбір түлектің елімізге деген сүйіспеншілігі арта түскеніне сенімдімін.
Әрине теория мен тәжірибенің айырмашылығын жұмысқа келіп түсіндім. Қарағанды академиясының бір жақсы тұсы, оқытушылардың көбі тергеуші болып жұмыс істеген практик мамандар. Жұмыстың оңайы болмайды ғой. Алайда біздің саланың да өз қызығы бар. Қазір еліме адал қызмет етсем, осы саланың дамуына үлес қоссам, әлі де талай арнаулы атақтарға қол жеткізсем деп ойлаймын», дейді ол.
Назгүл Қожамжарованың негізгі мақсаттарының бірі – келешекте Қазақстан полицейлерінің мәртебесін көтеруге, оң имиджін қалыптастыруға күш салу.
Ал қазір Нұр-Сұлтан қаласында қызмет ететін полиция инспекторы Руслан Ильясов 2 жыл бұрын дәл осы Мемлекеттік рәміздер күні сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан алғашқы арнаулы атағын алыпты.
«Дипломымды астанаға барып алатынымызды естігенде ерекше сезімде болдым. Қатты қуандым. Содан, бас қалаға келіп салтанатты жиында министрден арнаулы атақ алдым. Елордаға ата-анам да бірге келіп, барлығы қуанышыма ортақтасты. Шынымен, өмірдегі маңызды күніңнің мемлекет үшін маңызды мерекелердің бірі – Мемлекеттің рәміздер күнімен сәйкес келуі, оның үстіне үлгі алатын үлкен тұлғалардың сол рәсімде ақ тілегін естуің айрықша сезімге бөлемей қоймайды екен.
Мен бала кезімнен полиция болсам деп армандадым. Арман қуып Қостанайдағы Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына Әкімшілік құқық мамандығына оқуға түстім. Академияны қызыл дипломға аяқтаймын деген мақсатым болды. Сәтін салып, ол арманыма да жеттім», дейді Руслан.
Руслан Ильясов өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың қатарында. Ол үздік диплом иегерлеріне жұмыс орнын таңдау құқығы берілетінін пайдаланып, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөліміне жұмысқа тұрады.
«2018 жылдан биылға дейін учаскелік полиция инспекторы болып қызмет еттім, аға лейтенант атандым. Біз отбасыдағы жанжалдан бастап, үлкен қылмыстармен жұмыс істейміз. Мұның бәрі – елдегі жағдайдың көрінісі. Полиция тек қылмысты әшкерелеп қоймай, онымен күресу, қылмыстың алдын алу жолдарын іздейді. Сондықтан өз саламның үздік маманы болуға тырысып жүрмін», дейді жас маман.
Үздік түлектерге арнаулы атақтарды 4 маусымда табыстау ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі іс-шара. Осынау мереке күні Президенттің, сондай-ақ сала басшысының ақ тілегін естіп, үлкен өмірге жолдама алған жас мамандардың еліміз үшін аянбай қызмет ете беретініне сеніміміз мол.