Қоғам • 29 Маусым, 2020

Шағын ауылға аралас мектеп керек пе?

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Май ауданындағы Майтүбек ауылындағы мектеп ғимараты 1969 жылы қолданысқа берілгендіктен тозығы жетіп тұр. Жыл сайын күрделі жөндеуден өтеді. Аудандық әкімдік биыл жазда үлгерсе мектеп ішіне дәретханалар орнатылып, жылу қазан­дықтары ауыстырылмақ.

Шағын ауылға аралас мектеп керек пе?

Мектеп директоры Ләйла Елеукееваның айтуынша, 2001 жылы мектеп бітірген түлектер демеушілік жасап «Мектебіме тағзым» шарасы барысында шахмат кабинетін, 2002 жылғы түлектер домбыра сыныбын ашып беріпті.

 Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағ­дар­ламасымен Тараз қаласынан көшіп келген Самал Молдабаеваның Ислам, Жеңіс, Икрам, Ме­рей есімді балалары оқушылардың ортасына қосылды.

Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша информатика пәнінің мұғалімі Риза Жұмашева, еңбек пәнінің мұғалімі Махаббат Оралбекқызы ауылға келіп, мұғалімдер саны 22-ге жетті.

Бәрі жақсы-ақ делік, бірақ түйт­кіл неде дегенге келейік. Майтүбек ауылындағы шағын жинақты мектеп аралас, қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Мектепте 77 оқушы оқитын болса, олардың 57-і қазақ баласы екен. Бірінші сыныпта 9 оқушы бар. 62 оқушы қазақ тілінде, 15 оқушы орыс тілінде оқиды. Мектеп жанындағы шағын орталықта 18 бала тәрбиеленуде. Ал енді ауылда тұратын өзге этнос өкіл­­дерінің балалары Антон, Крис­тина Бокктар, Айлин Воро­шилова, Дарья Степанова, Илья Воло­шок, Файзулла Султанов, Влади­мир Большаков, Малика Умархад­жиева­лар қазақ тілінде оқиды.

– Орыс тілінде оқитын бала­ларға кімдер са­бақ береді?, – деген сұрағымызға мектеп дирек­торы «қазақ тілінде сабақ беретін мұға­лімдер екі жаққа бірдей үлгереді», деп жауап берді.

Шалғай ауылдағы аралас мектеп мәселесі әрине, таңғаларлық шетін жағдай. Шағын ауылға шағын жи­нақ­ты аралас мектеп не үшін қажет? Ауыл баласы қалай білім­ді болмақ? Және бұл түйткіл жал­ғыз Майтүбек ауылында ғана емес екені белгілі, өңірдегі басқа да ауыл­дарда әлі де ешқандай тиім­ділігі жоқ осындай аралас мектептер қатары азаяр емес.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы