Мектеп директоры Ләйла Елеукееваның айтуынша, 2001 жылы мектеп бітірген түлектер демеушілік жасап «Мектебіме тағзым» шарасы барысында шахмат кабинетін, 2002 жылғы түлектер домбыра сыныбын ашып беріпті.
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасымен Тараз қаласынан көшіп келген Самал Молдабаеваның Ислам, Жеңіс, Икрам, Мерей есімді балалары оқушылардың ортасына қосылды.
Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша информатика пәнінің мұғалімі Риза Жұмашева, еңбек пәнінің мұғалімі Махаббат Оралбекқызы ауылға келіп, мұғалімдер саны 22-ге жетті.
Бәрі жақсы-ақ делік, бірақ түйткіл неде дегенге келейік. Майтүбек ауылындағы шағын жинақты мектеп аралас, қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Мектепте 77 оқушы оқитын болса, олардың 57-і қазақ баласы екен. Бірінші сыныпта 9 оқушы бар. 62 оқушы қазақ тілінде, 15 оқушы орыс тілінде оқиды. Мектеп жанындағы шағын орталықта 18 бала тәрбиеленуде. Ал енді ауылда тұратын өзге этнос өкілдерінің балалары Антон, Кристина Бокктар, Айлин Ворошилова, Дарья Степанова, Илья Волошок, Файзулла Султанов, Владимир Большаков, Малика Умархаджиевалар қазақ тілінде оқиды.
– Орыс тілінде оқитын балаларға кімдер сабақ береді?, – деген сұрағымызға мектеп директоры «қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдер екі жаққа бірдей үлгереді», деп жауап берді.
Шалғай ауылдағы аралас мектеп мәселесі әрине, таңғаларлық шетін жағдай. Шағын ауылға шағын жинақты аралас мектеп не үшін қажет? Ауыл баласы қалай білімді болмақ? Және бұл түйткіл жалғыз Майтүбек ауылында ғана емес екені белгілі, өңірдегі басқа да ауылдарда әлі де ешқандай тиімділігі жоқ осындай аралас мектептер қатары азаяр емес.
Павлодар облысы,
Май ауданы