Фото: ТЖМ
Алдын ала қала тұрғындарына сирена дыбысы естілетіні және MassAlert жүйесі арқылы хабарлама жіберілетіні ескертілген. Дегенмен кейбір тұрғындар ескертуді естімегенін айтқан.
Жаттығу қала бойынша 20 нүктеде өткізілді. Негізгі практикалық іс-шаралар салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында ұйымдастырылды. Мұнда құтқару қызметтері шартты жер сілкінісінің салдарын жою бойынша бірқатар әрекеттерді пысықтады.
«Әуе барлау Ми-8 тікұшағының көмегімен жүргізілді, құтқарушылар парашютсіз ғимарат төбесіне түсті, жоғарғы қабаттардан адамдарды құтқару, үйінділерді аршу және зардап шеккендерді шығару, сондай-ақ биік ғимараттардағы өртті сөндіру жұмыстары орындалды», деп хабарлады ТЖМ.
(Фото: ТЖМ, сейсможаттығу)
Сонымен қатар барлық ауданнан зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Алматы-2 станциясынан азаматтарды автокөлік және теміржол арқылы эвакуациялау рәсімі де пысықталды. Қауіпті өндірістік нысандарда химиялық және биологиялық апаттарды жою сценарийлері орындалды.
2024 жылғы 23 қаңтарда Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болып, қала тұрғындары күтпеген дүмпулерден оянғаны мәлім.
