Медицина • 13 Шілде, 2020

Отандық өндіріс көлемі артады

1191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда дәрі-дәрмек жасайтын отандық өндірісшілердің алдына жаңа міндеттер қойылды. КВИ мен вирусты пневмонияға шалдыққан науқастарды емдеу кезінде өзімізде шығарылатын препараттар түрлері мен көлемінің үлесі шектеулі екені белгілі болды. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте берудің де жөні жоқ секілді. Өйткені қазір елімізде індетті ауыздықтаудан туындайтын аса жауапты да күрделі міндеттерді атқару үшін қажетті дәрі-дәрмек өндірісі көлемін өсіріп отырған отандық кәсіпорындар да бар. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы «ТК Фарм-Ақтөбе» ЖШС.

Отандық өндіріс көлемі артады

Дәрі-дәрмек шығаратын кәсіп­орынның іске қосылу кезеңі 2014 жылдан басталады. Зауыт құрылған күннен бері халықаралық стандарттарға сәй­кес өнім өндіріп келеді. Зауытта шы­ға­рылатын дәрі-дәрмек түрлері жет­кілікті. Оның бәрі де мемлекет пен ха­лықаралық өкілетті ұйымдардың бер­ген рұқсаты бойынша жасалып, рес­публика өңірлеріндегі шағын дәріха­налар жүйесіне жөнелтіледі.

Қазіргі кезде КВИ мен пневмония­ны емдеуге қажетті препараттар мен дәрілік заттарға сұраныс күрт өсіп кеткені белгілі. Осы ретте «ТК Фарм-Ақтөбе» компаниясының құрыл­тайшысы, әрі бас директоры Жанагүл Төреханова өзі бас­қаратын зауыттың дәрі-дәрмек сұранысын өтеу­ге үлес қосуға әлеуетті екенін айтты.

«Коронавирустың да, өкпе қабы­нуы­ның да түп-төркіні бір. Екеуі де қас пен көздің арасында вирус арқылы жұғып тез таралады. Міне, бізде осындай вирусқа қарсы қолданылатын дәрілердің бірнеше түрі шығарылады. Тапсырыс берушілер оның таблетка түріндегі қорабын қалай ма, әлде сұйық түрін ыңғайлы көре ме, қай-қайсына да тиісті тапсырысқа сәйкес жасауға мүмкіндігіміз бар. Соның ішінде қазір біздің технологтардың күшімен өндіріске қосылған грипповер деп атау берілген дәрі түрі бар. Оның жөтелді басуға тигізетін әсері мол. Аталған пре­па­раттың басты құрамы өсімдік пен шөптен тұрады. Сондықтан біз оның шикізатын арнайы сертификаттары бар дәрілік шөптер жинайтын компаниялардан сатып аламыз. Оның өзі тектес өзге отандық химиялық препараттардан артықшылығы ағза­ның өзге мүшелеріне кері әсерін тигіз­бейді. Сондай-ақ біздің компанияда өндірілетін індеттен қорғануға қажетті антисептикалық құралдар мен бір­­қатар медициналық бұйым бүгінде отан­дастарымыздың қажетіне жарап жүрге­нін айтқым келеді», деді Жанагүл Жәй­лі­бекқызы.

Біз сөз етіп отырған кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы әлем­дік талаптарға сай жабдықталған. Зауыттың химиялық зертханасы бар. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісінің қыры мен сырын жетік білетін технолог мамандар қызмет етеді.

Індеттің тыйылмай, одан әрі өр­шуінен зауыттағы дәрі-дәрмек өнім­деріне түсетін тапсырыс екі-үш есе­ге дейін өскен. Кәсіп­орын осынау қысылтаяң шақта қаңта­рылып қалмай, тапсырыстың бәрін орын­дауға ұмтылып бағуда. Бұл зауыттан шығарылатын препараттардың басым бөлігі дистрибьютерлік компания­лар арқылы еліміздегі шағын дәріха­на­ларға жіберіледі. Сонымен қатар отандық өнім­дер көтерме бөлшек сау­да орталық­тарына да жөнелтіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде КВИ-ді емдеуді одан әрі жетілдіру жөнінде бірнеше міндетті атап көрсеткені белгілі. Соның ең бас­тысы отандық тауар өндірушілер жаңа препараттарды шығаруына қатысты жүргізілетін тіркеу үдерістерін жеделдету болып отыр.

«КВИ-ді емдеуге қатысты препараттарды былай қойғанда, жоспарлы түрдегі дертті емдеуге қолданылатын дәрілерді сынақтан өткізуге әрі өнді­рістік жолға қоюға үш-төрт жыл уақыт кетеді. Осындай қатаң талаптар жағдайында КВИ-ді емдеуге қажетті препараттарды тіркеу тым күрделі үдеріс екенін аңғару қиын емес. Солай бола тұрса да бұл үдерісті жеделдету қажет екені түсінікті. Отан­дық дәрі-дәрмек өндірісінің өкіл­дері Президенттің бұл ұсынысын толы­ғымен қолдайтынына сенімім мол. Бұдан басқа жолды табу қиын-ақ. Індет ырғалып-жырғалуды, уақытты зая өткізуді көтермейді. Отандық тауар өндірушілердің жаңа препараттарды шығаруына қатысты тіркеулер жеделдетілсе, елімізге импорттық жолмен ағылып жатқан дәрі-дәрмек бағасы төмендейді. Екіншіден, қол­жетімділік деңгейі өседі. Үшіншіден, бұл қадамның елімізде дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамта­масыз етуге де қосатын үлесі қомақты деп санаймын», деді «ТК Фарм-Ақтөбе» компа­ниясының бас директоры.

 

АҚТӨБЕ