Аймақтар • 28 Шілде, 2020

Қанатқақты жоба халық қамын көздейді

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарапайым тұрғындарды бағасы қолжетімді, сапасы жоғары табиғи азық-түлік өнімдерімен қамту қай кезде де қажет. Алайда ылғи бұлай бола бермейтіні әмбеге аян. Мұның басты себебі – өнім өндіруші мен тұтынушының арасына жалаңдаған алыпсатарлар мен делдалдардың түсіп кете беретіні. Сөйтіп екі-үш еселенген баға қымбатшылыққа алып келеді. Ақтөбе облысында осындай кереғарлыққа жол бермеу үшін қанатқақты жоба жүзеге аса бастады.

Қанатқақты жоба халық қамын көздейді

Халық қамын көздеген сауа­бы мол іске «Haluq Sauda» деген атау берілген. Оның бас­ты үй­лестірушісі «Ақтөбе» әлеу­мет­­тік-кәсіпкерлік корпорация­сы» АҚ болып отыр. Қазір облыс ор­та­лығында жоба аясында ал­ғаш­­­қы дүкен-қоймалар ашылған. Мұнда азық-түлік тауарларының сан ­алуан түрлері, соның ішінде әлеу­меттік маңызға ие 19 түрлі азық-түлік тауары сатылады. Жобаны іске асыру кезінде халық­қа негізінен жергілікті өнімдерді жеткізуге ба­сымдық берілген. Оның бәрі тұр­ғындарға шектеусіз ұсы­­­нылады.

«Ақтөбе» ӘКК қанатқақты жобаны өзінің еншілес ұйымдарымен қоян-қолтық бірлесе жүргізуде. Бұл істің басы-қасында жүргендер бү­гінгі таңда дүкен-қойма үлгісінде ашылған орындарды алдағы уақыт­та «Haluq Sauda» біртұтас дүкендер желісіне ұластыруды ұйғарған. Оның мерзімі алдағы қыркүйек айының басына белгіленген. Ал­дын ала жасалған есептерге қара­ғанда, бір дүкен орта есеппен әр шағын ауданның 30-40 мың тұр­ғынына қызмет көрсетпек. Өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдерін аталған сауда орындары арқылы өткізу көзделген.

Тағы бір ұтымды тұсы, тұр­ғын­дар бағасы арзан азық-тү­лік өнімдерін үлкен қаланы ара­лап, іздеп жүрмей, өз үйіне таяу орналасқан «Haluq Sauda» желісі­нен сатып ала алады. Оған қарасты сауда нүктелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне азық-түлік өндірушілер де мүдделі болмақ. Өйткені олар өз өнімдерін осы желі арқылы өт­кізбек. Түйіп айтқанда, атал­ған жоба жергілікті тауар өндіру­шілердің тұралап қалған активтерін жандандыруға жол ашып отыр.

Қанатқақты жобаның ауқымы мейлінше кең. Соның бірі – онлайн сауда жасауға арналған ин­но­вациялық негіздегі мобильді қосымша. Оның басты өзгешелігі – азық-түлікті жедел жеткізіп бе­ретіні. Үйден шықпай-ақ тауар­ларға тапсырыс беріп, төлем жа­сауға болады. Сөйтіп мобильдік қо­сымшаны пайдалану арқылы Ақ­төбеде электронды сауда ала­ңы мен қызметін жасақтаудың ал­ғы­шарты қаланған. Әсіресе, бұл қыз­мет қазіргі індет кезінде таптыр­майтын тәсіл екені де талассыз.

Еліміздің қай өңірінде де әлеу­меттік маңызы бар азық-тү­лік бағасының қымбаттауына тұр­ғындар наразылық танытады. Сондықтан да бұл мәселені жер­гі­лікті өкілетті органдар ұдайы на­зар­да ұстауы қажет. Соған сәйкес бүгінде облыста бағасы нарықтан төмен азық-түлік қоры жасақталып жатыр. Қордағы баға нарықтағы бағаның өсуіне тәуелсіз, өзгеріссіз күйінде қала береді.

Биыл облыста тұрақтандыру қо­рын жасақтауға облыс бюджетінен 540 млн теңге бөлінген. Ол бұған дейінгі мөлшерден әжептәуір ар­тық. Тұрғындарды қажетті әрі жет­кілікті азық-түлік өнімдерімен қам­тамасыз ету үшін өңірде бір­қатар ірі агроқұрылыммен фью­черс­тік келісімшарт жасалған. Бұл туралы «Ақтөбе» әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациясы» АҚ Бас­қармасының төрағасы Ермек Имантаев айтып берді.

Қысқасы, Ақтөбе аймағында қолға алынған «Haluq Sauda» қа­нат­қақты жобасы халық қамын көздеуден туған қадам деуге толық негіз бар. Ең бастысы, аталмыш жоба әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік бағасының тұрақты болуына қажетті бір тұтқаға айнала алатыны анық.

 

АҚТӨБЕ