Таным • 03 Тамыз, 2020

Ахаңды алаңдатқан Хлудов

5557 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері коллекциясында тұрған мына қос картинаның бірі «Киіз үй ішінде», екіншісі «Жүн сабап жатқан қазақ әйелдері» деп аталады. Бұл екі шығарма да XIX ғасырдың аяқталар тұсында талантты суретші Николай Хлудовтың қылқаламынан туған. Заманында Ахмет Байтұрсынұлын алаңдатқан Хлудов шығармашылығындағы түсініксіз мәнер туралы бүгінгі өнертанушылар не дейді?

Ахаңды алаңдатқан Хлудов

Қазақ бейнелеу өнерінің ал­ғашқы даму барысы туралы сөз қозғағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары орыс елінен жер аударылып немесе экспедиция негізінде елімізге келген суретшілерді айналып өте алмаймыз. Неге десек, сурет өнеріне тың серпін әкелген жас таланттардың көпшілігі олар­дың кәсіби білігінен нәр алды. Сондай суретшілердің бірі 1921 жылы Алматыда тұңғыш көр­кемсурет студиясын ашып, Әбіл­хан Қастеевке дәріс берген Нико­лай Хлудов.

Алпыс екі жыл өмірін шығар­машылыққа арнаған ол қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін кенеп бетіне түсірген суреткер өмірінің соңына дейін қазақ даласын мекендеп, тұмса табиғатына тамсанумен өтіпті. Бұл пікірімізге туын­дыгердің: «Мен арман әле­міне еніп кеткендеймін. Жерұйық дегеніміз осы болар, сірә. Менің туған жерімде мұндай ғаламат таулар, көкорай шалғын заңғар белестерге мөлдір суын жеткізуге асыққан өзендер, Жетісу өңірін мекендеген керемет адамдар жоқ», деген сөзі дәлел.

Ол өзіне таныс емес халықтың өмірін бақылап, түрлі суреттерді дүниеге әкелді. Біз сөз етіп отыр­ған полотнода көшпелілер тұ­рақ­жайының құрылымы, оның ішкі жасау-жабдықтары, ұлттық киім-кешек, күнделікті тіршілік қамы тұтас баяндалған. «Киіз үй ішінде» деп аталған суреттегі жеті кейіпкердің көңіл күй ыр­ғағы бір-біріне ұқсас бол­ғаны­мен, эмоциялары жеті бө­лек. Шебердің қолтаңбасы кар­тинаға жан бітіріп-ақ тұр. Дей тұр­ған­мен, бұл шығарманы қазақ этно­графиясының бай мұрасын көр­сететін тарихи мәні зор шы­ғарма деп қабылдай аламыз ба? Кар­тинада ұлттық танымымызға том­пақ келетін қандай тұстар бар? Ма­ман сөзімен саралап көрейік.

– Бұл еңбек үнемі музейдің төрінде тұрады. Әрине, Хлудовтың шеберлігіне шәк келтіре алмаймыз. Бір қарағанда әсерлі болып көрінгенімен, туындының өне бойынан қазақы қасиет-қалы­бымызға сай келмейтін бір­не­ше жағдайды байқауға болады. Аядай бөлме болса да, киіз үйдің көшпенділерге тән өз мә­дениеті бар. Біріншіден, есі дұрыс қазақтың отағасы келінінің, қыз­дарының көзінше жартылай жалаңаштанып отырмайды. Екіншіден, беті ашық тұрған қазан­ның қасында отырып шаш өру әдепті бойжеткеннің әдеті емес. Үшіншіден, әр нәрсенің кие­сін білген ұлтымыз бас киімді ешқашан жерге қоймаған, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бақытхан Мырзахмет.

Жас суретші Шаттық Батан да бұл суреттердің өне бойында хал­қымыздың табиғатына теріс көріністер белең алған деп есептейді. Оның пікірінше, біздің болмысымыздан мүлде бейхабар шетелдік көрермендер аталған шығармалар арқылы «қазақ осын­дай болған екен» деген ой түюі мүмкін. «Көп ішінде төсін жар­қыратып отырып жүн сабаған қазақ әйелі туралы қандай ойға қалар едіңіз?» дейді ол.

1

Өз қолтаңбасымен бейнелеу өнеріне жаңа леп әкелген шебер, ұлттың жан дүниесін, мінезін, ұзақ зерттегенде осы дүниеге неге мән бермеді деген сауал туындайды. Бұл жай ғана кездейсоқтық па, жоқ әлде басқа ма?

Жоғарыда тілге тиек еткені­міздей, Орталық мұражайға ғы­лы­ми кеңесші болған тұсында Ахмет Байтұрсынұлы Хлудовтың бір­неше туындысын сын садағына алыпты.

Ахаң: «Суретші Хлудовтың туын­дыларына жалпылама на­зар салғанда, оның қазақ тұр­мысы мен өмірінде мүлдем кездес­пей­тін, не аса сирек ұшырасатын құ­былыстарды бейнелеуге құмар бағыты бірден көзге ұрады. Бәлкім, мұнысын қазақтардың тұрмысын көпшілік жұртшылықтың санасына әбден сіңген қалыпта, яғни олар­ды жартылай жабайы түрде елестететіндердің ұғымына сай бей­нелегісі келуімен, не нақты жағ­дайдың біртектілігі суретші кө­ңіліне жақпайтындығымен тү­сіндіруге болар да еді. Бәлкім, су­­ретші қазақтардың өмірімен үс­­тірт қана таныс, сондықтан оны қа­лыпты жағдайда бейнелеу­ге дәр­­­­­менсіз шығар», деп жазған екен.

Сол заманның өзінде-ақ ұлт зиялысын алаңдатқан суретшінің бірнеше шығармасындағы жартылай жалаңаш әйелдердің бей­несі көзге түрпідей тиеді. Осы туындылардың көпшілігі күні бү­гінге дейін мұрағатта емес, көр­мелер­дің ең көрнекті қабыр­­ғала­рында тұр. Кейбір өнер­танушылар Хлудов қала­мынан тамған жартылай жалаңаш картиналар шоғырын ақтап алғысы келетінін де байқадық. Олардың сөзінше: «Бұл – өнер, суретші қия­лында ешқандай шекара болмауы тиіс». Қанша жерден дара ше­бердің қолтаңбасы десек те, болмысымызға қайшы өрескел қателіктер бар картина ұрпаққа не беретініне зер салғанымыз жөн секілді. Өнердің бір мұраты ха- л­ық­тың мәдениеті мен тарихын бола­шаққа жеткізу дейтін болсақ, мұндай мәселелер аса мұқият зер­делеуді қажет ететіндей.

 

АЛМАТЫ