Абай • 06 Тамыз, 2020

Ақын тойына дайындық қандай?

756 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдегі эпидемиялық жағ­дайға қарамастан облысымызда Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе ақын дүниеге келген қастерлі мекен Абай ауданында жұмыс қыза түскен.

Ақын тойына дайындық қандай?

Абаттанған Ақшоқы, ажарланған Сырт Қасқабұлақ

Иә, «тас түскен жеріне ауыр» демекші, қазіргі уақытта хакім туған топырақ Абай ауданы үлкен тойға әзірлік үстінде. Аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың айтуынша, бүгінде ауданда мерейтойға орай 19 жоба іске асырылуда.

Бұл жобалардың ең ауқымдысы – Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлы музейінің құрылысы. 2019 жылы Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деген болатын. Расында, Мемлекет басшысы атап өткендей дала данышпанының есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстар көңіл көншітпейтін еді. Абай ауданы аумағындағы Ақшоқы мекеніндегі Құнанбай қорымы сан жыл бойы қарау­сыз қалып келгені де жұртшылыққа мә­лім. Президенттің тапсырмасынан кейін Ақшоқы бірден мемлекеттің қамқорлығына алынды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен қорым аумағы кеңейтіліп, толық абаттандырылды. Бейіт ішіндегі тозығы жеткен белгі тас­тар жаңартылды. Алаңға тақтайша тастар жайылып, келушілерге қолайлы жағдай тудыру мақсатында панажайлар қойылды. Қоршау ішіне ұлы Абайдың қанатты сөздері жазылып, гүлдер отырғызылды. Тағы бір жағымды жаңалық, қорым жанынан Құнанбай музейінің құрылысының басталғаны. Бүгінде музейдің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бюджеттен қаражат бөлініп, музейге қойылатын құнды жәдігерлер мен сирек кездесетін құжаттардың көшірмелері, тарихи нысандар мен ескерткіш макет­тері жасалынуда. «Музей арқылы қазақ халқының сол дәуірдегі (ХІХ ғасыр­дағы) құндылықтары мен ұрпақтар сабақ­тастығы жаңғыртылып, дала даныш­паны Құнанбайдың ел тарихындағы ең­бегі дәріптелмек. Музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихымен, өнер, мәдениетімен, тұрмыс-салтымен танысып, рухани азық алып қайтатын болады. Бұл аудан туризмін дамытуға жол ашпақ. Музей құрылысы тамыз айында аяқтал­мақ», дейді аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров.

Абай елінде қолға алынған тағы бір ауқымды жоба – ақынның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ мекенінің абаттандырылуы. Иә, бұл қастерлі мекен көп жыл бойы елеусіз, ескерусіз қалып, бұлақ басы мал аяғына тапталып жатқан еді. Мерейтой қарсаңында бұл жер Абай аудандық Мәдениет үйінің теңгеріміне алынып, бүгінде адам танымастай өзгерді. Бұлақ басы толығымен абаттандырылды. Шырша, шынар көшеттері отырғызылды. Абайдың домбырасының пішінінде заман талабына сай жасалған нысан басына хакімнің ұлағатты 45 сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылды. «Ұлы бабамыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық тойы жақындаған сайын ақын елі абыр-сабыр. Төсек тартып қалған қарт болмаса, ақсақалдардан бастап бала-шағаға дейін бәрі дерлік ат үстінде. Коронавирус та бір жағынан жармасып жатыр, соған қарамастан жұмыс жасалуда. Жуырда ел үлкендері болып, Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта болдық. Мен Абайдың 100 жылдығын білмеймін, 125, 150 жылдық тойларының басы-қасында жүрген адаммын. Бірақ Абай атам туған Сырт Қасқабұлақ ол кезде аталған жоқ. Бұлақтың бар екенін ел біледі, бірақ бұрылып ешкім қараған жоқ, бірде-біреуі назар салған жоқ. Той қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездескенде біз бірқатар мәселелерді қозғаған едік. Қазір Сырт Қасқабұлақты көрсеңіз, таңғаласыз, бұлаққа баратын жол, бұлақтың ар­на­сының кеңеюі, оған орнатылған гүл­зарлар, көгалдандыру жұмыстары көз қуантады. Сырт Қасқабұлақтағы жасалып жатқан дүние біздің талай жылғы арманымыз. Қасқабұлақ жаңаратын болса, Абай жаңарады, Абайдың туған жері жаңарады деп ойлаймын» дейді ақын, Абай ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

1

 

Құрылыс қарқын алған Қарауыл

Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында да құрылыс қарқын алған. Әсіресе елді мекеннің инфрақұрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір ауылда Назарбаев Зияткерлік мектебінің үлгісінде 300 орындық мектеп салынуда. Бұрын балалар екі немесе үш ауысымда оқып жүрген болса, жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін бір ауысымда оқиды деп жоспарлануда. Қарауылдағы тағы бір ауқымды жоба – су құбырының тартылуы. Осындағы 1976 жылы салынып, жөндеу көрмей ескіріп, тозығы жеткен су құбырлары толығымен жаңартылуда. Бүгінгі күні ауылішілік 44 шақырым магистралдық желінің 34 шақырымына құбыр тартылды. Бұл жұмыс қазан айында аяқталмақ.

Қарауылда бұрын-соңды қолға алын­баған жобаның бірі – Абай саябағы. Қазір құрылысы қарқын алған саябақтың ұзындығы 600 метр, ені 250 метр, жалпы аумағы 15 гектарды құрайды. Сонымен қатар Қарауыл төбедегі дала сахнасы мен ипподром да толықтай жаңғыртылуда. Бұл нысан ақынның 150 жылдық мерейтойы өткеннен кейін жөнделмеген екен. Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізілетін ипподромның ат шабатын жолдары тегістеліп, 3 шақырым айна­лым жолы жөнделді. Дала сахнасы қайта жаңарып, көрермен отыратын трибунаның сыйымдылығы 500 адам­ға дейін кеңейтіліпті. Сондай-ақ Қа­рауыл ауылындағы Мұхамедханов, Бек­босынов, Әйгерім, Мамай, Ұлжан, Тоқ­тамыс көше­ле­рінің жолдары жөнделіп, жарық­­тандырылды.

2015 жылы облыс әкімі Даниал Ах­­метов­­тің қолдауымен Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құр­амындағы Жидебай қорығында мә­де­ни-тұрмыстық кешен пайдалануға беріл­ді. Кешен ішінде жазғы маусымда музейге келушілерге асхана қызметтерін көрсету және 15 орындық жатын орын қарастырылған. Кешеннің сол жағында Абайтану орталығы деп аталатын үш бөлме бар. «Көріп, біліп, қуанып отырмыз. Абай елінде үлкен жұмыстар жасалуда. Бұл елге қажет, жас ұрпаққа керек дүние­лер. Облыс әкімі Даниал баламның ауда­нымызға апта аралатып келетінін естимін. Той ­жауапкершілігін сезініп, алаңдап жүр­гені болар. Осы еңбектері үшін Абай ұр­пағы ретінде рахмет айтамын» дейді ұлы Абай­дың ұрпағы, дербес зейнеткер Манат­ай Бал­та­қай­ұлы.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, аймақта Абай тойына әзірлік осыдан бір-екі жыл бұрын басталған болатын. 2018 жылы Семейден Абай ауданына баратын жолды жөндеу жұмыстары басталған-ды. Сол жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы облыстық маңызы бар «Семей-Қарауыл» автомобиль жолының 128 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2019 жылы аталған жолдың қалған 32 шақырымы жөнделді. Тағы бір ерекше атап өтер дүние, 2018 жылы аудан халқының спортпен айналысуына, саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік тудыру мақсатында ұзындығы 25 метр, 5 жолақты жүзу бассейні салынды. 2019 жылы облыстық бюджеттің төртінші деңгейіне өткен ауылдарға қаржы бөлініп, Қарауыл ауылындағы Абай алаңының толығымен абаттандырылып, әуенді су бұрқақ пен Street workout алаңдары салынды. Сонымен қатар осы жылы Кеңгірбай би ауылында 100 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы