Оқиға • 17 Тамыз, 2020

Кеңжолақты интернет келе жатыр...

1720 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дерек бойынша Қазақстанда интернет тұтынатын абоненттер саны 17,5 млн адамға жеткен. Оның ішінде 15 млн тұтынушы ғаламтор қызметін ұялы байланыс желісі арқылы пайдаланып отыр. Ал осы сәтте елімізде жылдамдығы жоғары әрі кеңжолақты интернетті қолданатын 14 млн 800 абонент бар екен.

Кеңжолақты интернет келе жатыр...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Яғни ғаламтор байланысы адам өмірінде маңызды орын алатын қажеттіліке айналды. Демек, оған деген сұраныс арта түсетіні белгілі. Бұл үрдіс қазір орталық қалалардың аумағынан асып, алыс ауылдарға да жеткені анық. Ал шалғайдағы елді мекендердің кең жолақты интернет байланысына қосылуы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Басқаша айтқанда, елді қолжетімді байланыспен қамту үшін орасан жұмыс істелуде. Оның нәтижесі де жоқ емес. Бұйырса, жақында Алматы облысының Панфилов ауданындағы ауыл тұрғындары сапалы интернетті пайдаланатын болады. 

Қазір Панфилов ауданын­да 16 елді мекенге жоғары жылдамдық­тағы интернет желісі тартылуда. Оның ішнде бұған дейін мүлдем байланыс желісі болмаған бірнеше ауылға ұялы байланыс стансасы орнатылып, интернет желісін қосу жұмыстары жүріп жатыр. Осы тізім­де өткен көктемдегі қашық­­тан оқыту кезінде байланыстың қиындығын сезінген Сарытөбе ауылы да бар екен. Оқырманның есінде болса, сол тұста оқушылар мен сту­дент­тер интернетке қосылу үшін биік төбе басына шығып, қолайлы орын іздеп кеткен болатын. Енді осы ауылға «Билайн» компаниясы өз байланыс желісін құрып жатыр екен. Ұялы байланыспен бірге кең­жо­лақты интернет те қолжетімді болмақ.

Сондай-ақ аудандағы 9 ауылға базалық станса орнатылуда. Бұған дейін мүлдем байланыс болмаған Бөрібай, Ынталы ауылдары қазір «Теле 2», «Билайн» ұялы байланыс операторларының қызметін тұтынуға көшкен. Ал «Қазақтелеком» компаниясына қарасты желілік тораптар бөлімі негізгі 16 елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс же­лісін тартып жатыр.

– Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне ең алдымен мектеп, медициналық пунктер мен жергілікті әкімдіктер қосылмақ. Бүгінгі таңда 6 елді мекенге кеңжолақты желі тартылды. Қалған ауылдарға желі тарту жұмыстары жақын күндері аяқ­талады, – дейді «Қазақтелеком» компаниясы Панфилов ауданы бо­йын­ша желі тораптарының бөлім басшысы Руслан Құрбанов.

Айтпақшы, жаңа оқу жылында Панфилов ауданында 24 мыңнан астам оқушы қашықтан және онлайн түрде оқымақ. Осыған орай, кейбір ауылдардың интернет, бай­ланыс сапасын арттыру үшін қо­сымша жылдамдық арттыратын қон­дырғылар да қойылып жатыр.

 

Алматы облысы