Білім • 17 Қыркүйек, 2020

Отандық оқу орнына ауысты

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, шетелдердегі 2 мыңнан аса студент отандық жоғары оқу орындарына ауыс­ты. Біз бұған дейін «Шетелдегі студенттер елге қайта ма?» атты мақа­ламызда атал­ған ведомствоның шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түскен және коронавирус пандемиясына байланысты елге ауысуға мәжбүр қазақ­стандық студенттерге көмек көрсетуді бастағанын жазғанбыз.

Отандық оқу орнына ауысты

Міне, енді осы жұмыс мәресіне жетті. Ми­нистр­лік осыған байланысты жақында таратқан ақпаратында:

«Студенттерге құжаттарды рәсімдеу барысында ЖОО-ның виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды. Шетелдік жоғары оқу орын­дарының басым бөлігі қазақстандық ЖОО сияқты оқу жылын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып бастады. Алайда кейбір шетелдік ЖОО өз студенттеріне қашықтан оқытуды жал­ғас­тыру үшін платформалар ұсына алмады. Тамыз айының басында Білім және ғылым ми­­нистрлігі оқуын жалғастыру үшін өзіне бай­ланыс­ты емес себептер бойынша елден шыға ал­маған студенттерге көмек көрсете бастады. Ал­­дын ала қабылдан шешімдер арқылы 2 мың­­нан аса қазақстандық студент отандық жоға­­ры оқу орындарына ауысуға ниет білдірді. Осы са­­нат­тағы азаматтарды қолдау мақсатында ар­на­йы жедел желі іске қосылып, құжаттарды қабыл­дау ресімі жеңілдетілді», деп хабарлады.

Ләйлә Абдакимова – Қарағанды облы­сының тумасы. Мектепті бітірген соң Чехия Республи­касының астанасы Прагаға білім алуға кеткен. Ондағы оқуын екінші жыл жалғастырып жатқанда елге ауысуға шешім қабылдады.

«Бұл шешімді қабылдауыма пандемия әсер етті. Негізі, вирус Еуропа елдерінде өр­шіп тұрғанын білесіздер. Әлбетте, бұл вирус біздің елге де таралып үлгерді. Бірақ мен Отаным­да өзімді қауіпсіз сезінемін. Чехияда вирус өршіген сәтте бізді қысықтау көзімізге қарап қытайлықтарға ұқсататын еуропалықтар көшеде кәдімгідей қолдарын шошайтып «коронавирус» деп айғайлайтын. Оларға өзіңнің қытай ұлтына қатысың жоқ екенін түсіндіре алмайсың. Маған осы жағдай қатты әсер етті. Әлемдік проблемаға өзіңді кінәлі сезіну – тым қиын. Оның үстіне оқушы кезімнен өзім қалаған университетімде оқуыма мүмкіндік туды. Сол мүмкіндікті қолдан жібермеуді жөн көрдім. Ал құжат қабылдау жұмысы жылдам бітті», дейді Л.Абдакимова.

Шетелден елге оқуын ауыстырған студент енді Еуразия ұлттық университетінде өзінің ІТ мамандығы бойынша оқуын жалғас­тырады. Шетелдегі оқуында ағылшын тілінде материалдар­ды тауып, чех тіліне аударып жүрген ол Қазақстандағы оқуында қинал­майтынын айтады.