Пандемия біздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің білім беру жүйесіне кедергісін келтірді. Осы ретте шетелдерге білім қуып кеткен отандастарымыздың жағдайына тоқталуды жөн көрдік.
Түркияда «Түркия Бурслары» бағдарламасымен докторантурада оқып жатқан Бекзат Әбдіқадыр карантин кезінде үйде отырғанымен, стипендиясының уақтылы төленіп тұрғанын айтады. «Пандемия басталып, Түркияда карантин жарияланған 16 наурыздан бастап үйде отырдық. Университетке студенттердің кіруіне тыйым салынды. Бірақ карантин біткен соң мамыр айының ортасынан бастап магистрант, докторанттарға оқу орнына кіруге рұқсат берілді. Жалпы, отбасыммен Түркияда тұрып жатырмын. Ешқандай қиындық болмады. Стипендиям уақтылы түсіп тұрды. Оған қоса көршілеріміз студентсіңдер деп үнемі көмек көрсетіп тұрады. Біз тұрған жердің жұртына ризамыз, өте қонақжай, бауырмал халық. Дегенмен, қиыншылық та жоқ емес. Карантиннің кесірінен зертханадағы біраз жұмыстарым кешеуілдеп жатыр», дейді Түркиядағы отандасымыз.
Шілде айының басында АҚШ президенті Дональд Трамптың шешіміне байланысты аталған елдің иммиграция және кеден қызметі: «АҚШ мемлекеттік департаменті күзгі семестрді толықтай онлайн өткізетін оқу орындарының немесе бағдарламалардың студенттеріне виза бермейді. Ал АҚШ кеден және шекара қызметі ондай студенттердің Америка Құрама Штаттарына кіруіне тыйым салады. Осындай бағдарламалар бойынша білім алып, дәл қазір АҚШ-та жүрген студенттер елден кетуі тиіс, болмаса басқа шара қабылдауы керек», деп мәлімдеді.
Жалпы Америка құрлығында 1 млн-нан аса шетелдік студент бар. Олар оқу ақысын, жатақхана немесе пәтерақыны төлеу арқылы елге кіріс әкелетіні белгілі. Бірақ алпауыт ел соған қарамастан жоғарыдағыдай шешімге келді. Себебі де түсінікті, АҚШ әлем статистикасында коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша бірінші орынды бермей келеді.
Ал Мичиган мемлекеттік университетінің магистратурасында білім алып жүрген Жолдас Өрісбаев АҚШ президентінің бастамасы сот шешімінен кейін күшін жойғанын, сол себепті шетелдік студенттер елдеріне қайтарылмайтынын жеткізді. «АҚШ-тағы атақты Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық институты Д.Трампты жоғарыдағы бастамасы үшін сотқа берді. Сотта Ақ үй жеңілді. Осылайша бұл мәселе Америкадағы шетелдік студенттерге еш кедергісін келтірген жоқ. Дегенмен қиындықтар болды. Айталық, мен журналистика факультетінде оқимын. Мамандығым бойынша практикалық жұмыстарды, репортаждарды оқиға орнында жүріп, сол жерде болып, куәгерлермен тілдесіп әзірлеуім керек. Бірақ карантин кезінде бізді сыртқа шығармады, университет басшылығы да профессорларға сыртта орындалатын жұмыстар бермеуді тапсырды. Сол уақыттарда жасаған репортаждарым өзіме аса ұнамады. Лекцияларға қашықтан қатысу соншалықты қиын болмағанымен, профессормен кері байланыс орнатқанда қолайсыздықтар болды. Басқа студенттердің айтқанын күтіп отыруың керек, олар тіпті үйде маужырап жатып сабаққа ынтаңды төмендетеді», дейді Ж.Өрісбаев. Оның айтуынша, АҚШ-тағы Қазақстанның елшілігі мен сондағы «Болашақ» бағдарламасының үйлестірушісі кәрі құрлықтағы білім алып жүрген қазақстандықтардың қаласа, елге қайтуына, билет алу, әуежайға дейін қауіпсіз жету жағынан көмектесіп жатыр.
Жақында Сыртқы істер министрлігі шетелдегі қазақстандық студенттерге көмектесу үшін Жедел штаб құрғанын жазды. Бұл туралы ведомствоның телеграм каналында: «Қазіргі таңда әлемде жалғасып жатқан коронавирус індеті шетелде білім алатын қазақстандық студенттер үшін белгілі бір қиындықтар туғызуда. Көптеген елде тұрақты авиациялық және көліктік байланыс тоқтатылып, шетелдік азаматтарға кіруге тыйым салынып, карантин режімі сақталып отыр. Шетелдік оқу орындары шетелдік студенттер үшін қашықтан оқыту форматына көшуде. Осыған байланысты қазақстандық студенттерді үйлестіру және оларға қажетті көмек көрсету үшін Сыртқы істер министрлігінде Жедел штаб құрылып, оған Орталық аппарат қызметкерлерімен қатар шетелдегі консулдық қызметкерлері де кірді», делінген. Тиісті министрлікке хабарласқанымызбен, елшілік құрған Жедел штабтың шетелдердегі студенттерімізге қаншалықты көмек көрсетіп жатқанын біле алмадық.
Десе де елшіліктің көмегіне жүгінген жанды табудың сәті түсті. Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университетінде «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп жүрген Бибол Жақыпбаев елшіліктердің жәрдемдесуде жеделдік танытқанын, қолдаудың болғанын растады. Ол вирус өршіп, карантин жарияланған соң, тіпті елге оралып, қашықтан оқу форматында білім алуын жалғастырған. «16 наурыздан бастап университетіміз басқа да ресейлік, әлемдік жоғары оқу орындарымен қатар қашықтан оқыту форматына көшті. Сол сәттен біз жатақханада жатып өз ноутбугімізбен сабақ оқыдық. Zoom платформасында осыған дейінгі теориялық жұмыстарымызға практикалық талдаулар жасап отырдық. Мамыр айының соңында Мәскеудегі вирус жұқтырғандар санының күрт артқанына алаңдап, жетекшілерімнен елге қайтуға рұқсат алдым. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында репатрияциялық рейске өтініш қалдырдым. Бірден кері байланыс орнатылды. Елшіліктің жедел әрекет етуімен елге оралдым. Мәскеуден ел астанасына келгенде екі күн карантинге жатқызылып, бізден ПТР тестін алды. Вирустан таза екеніміз анықталғаннан кейін үйімізге жіберді», дейді Б.Жақыпбаев. Оның ойынша, қашықтан оқытуға көшу төтенше жағдайдағы ең ұтымды шешім болған. Себебі білім алу ешқашан тоқтатылмауы тиіс. Бұл екінші жағынан мынадай қиын кезеңде денсаулыққа алаңдамай, сабақ оқуға септігін тигізеді. Эпидемиолог мамандардың болжамына сүйенсек, күзге қарай коронавирустың келесі толқыны басталады. Ресейде тағылымдамадан өтіп жатқан отандасымыз осы жағдайға қарамастан екі ел арасындағы шекара ашылса, әрі қарайғы оқуын шетелде жалғастыруды жоспарлап отыр.
Білім және ғылым министрлігі 12 тамызда шетелде оқитын студенттерге еліміздегі жоғары оқу орындарына ауысу бойынша көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады. «Білім және ғылым министрлігі шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түскен және коронавирус пандемиясына байланысты жоғары оқу орындарына оралу проблемасына тап болған қазақстандық студенттерге көмек көрсете бастады. Шетелдік ЖОО-ның көпшілігі студенттерін қашықтан оқытады. Алайда кейбір оқу орындарында мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Өздеріне байланысты емес себептермен оқуын жалғастыру үшін елден шыға алмайтын студенттерге министрлік отандық жоғары оқу орындарына ауысуға көмектесуге дайын», делінген аталған хабарламада.
Ведомствоның бізге берген дерегі бойынша аз ғана уақыттың ішінде шетелдерде білім алып жүрген 500-ден аса студент еліміздегі ЖОО-ға ауысу өтінішін қалдырып үлгерген. Оқуын ауыстыруға ниеттілердің басым бөлігі – өз бетінше оқуға түскендер. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүргендер әзірге жоқ. Бұдан кейін де елдегі университеттерге оқуын ауыстырғысы келетіндер өздері қалаған отандық ЖОО-ның виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы құжаттарын өткізе алады. Бұл туралы министрлік: «Аталған жағдайда құжаттарды рәсімдеу форматы жеңілдетіледі. Студенттерге университеттің виртуалды қабылдау комиссиясына жүгіну жеткілікті. Оқу орнына ауысу туралы өтініш онлайн режімде қарастырылады. Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында министрлікте жедел желі (74-16-24) іске қосылды, көрсетілген нөмір бойынша дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 9.30-дан 18.30-ға дейін хабарласуға болады», деп жазды.
Оқуын тәмамдағанда қазақстандық дипломды алатынын білсе де небәрі бір аптадан аса мерзімде осыншама студенттің кері қайтқысы келгеніне қарағанда, әлемнің барлық университеті Harvard пен МІТ-дей бола алмай тұрғанға ұқсайды. Бәлкім қиын-қыстау кезеңде өз елінде болуды шетелдік дипломнан артық көретіндер де көп шығар.