Фото: ЖИ көмегімен жасалған
Қазір мемлекет логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық көлік дәліздерін кеңейту, цифрландыруды енгізу және инвестиция тарту бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Дегенмен салада шешімін күткен мәселелер де бар. Олардың қатарында кадр тапшылығы, технологиялық тәуелділік, шекарадағы кедергілер мен аймақтар арасындағы инфрақұрылым теңсіздігі аталады.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров қазіргі таңда логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда Қазақстанда 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Бұл транзиттік тасымалды дамытуға және көлік дәліздерін кеңейтуге тікелей әсер етеді», деді вице-министр.
Оның айтуынша, теміржол саласында да ауқымды жобалар қолға алынған.
«Достық – Мойынты теміржол дәлізі ашылып жатыр. Сонымен қатар Қызылжар – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында жаңа теміржол желілері салынып жатыр. Бұл жобалар шығыс-батыс және солтүстік-оңтүстік көлік дәліздерін дамытуға мүмкіндік береді», деді ол.
Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның 7-і автомобиль, 5-і теміржол дәлізіне жатады.
«Бұл бағыттардың барлығы үлкен даму әлеуетіне ие және қазіргі уақытта белсенді түрде дамып жатыр. Жүк тасымалы көлемі де динамикалық түрде өсіп келеді. Транспорт саласы – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Жыл сайын бұл салада өсім байқалады. 2024 жылы шамамен 15 пайыз өсім болды, 2025 жылы 20 пайыз өсім жоспарланып отыр. Ал биылғы өсім шамамен 10 пайызды құрайды. Жалпы соңғы үш жылда салада 50 пайызға жуық өсім байқалды», деді Мақсат Қалиақпаров.
Вице-министр жүк тасымалы тарифтері мәселесіне де тоқталды.
«Біздің тарифтер, әсіресе теміржол тарифтері көрші елдермен салыстырғанда екі-үш есе төмен. Яғни қазіргі тарифтер өндірістік әлеуетті дамыту үшін тиімді болып отыр. Сонымен қатар біз тарифтік жүйені толық көлемде қолданып отырған жоқпыз, сондықтан қосымша қаржы көздерін арттыруға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бұл бағытта автомобиль, теміржол және әуе тасымалы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді ол.
Әуе тасымалының да даму әлеуеті жоғары екені айтылды.
«Қазақстанның географиялық орналасуы авиациялық жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік береді. Тарифтер бойынша да бізде ең төмен көрсеткіштердің бірі қалыптасқан», деді вице-министр.
Шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту мәселесі де логистика саласындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.
«Қазір бұл бағытта да үлкен жұмыстар қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 42 өткізу пункті жаңғыртылып жатыр. Оның 12-сі сыртқы, 30-ы ішкі шекаралық пункттер. Сыртқы өткізу бекеттерін жаңғырту толық аяқталды. Ал ішкі өткізу пункттері 2027 жылдың соңына дейін толық жаңартылады. Бұл процестер цифрландыру арқылы жүзеге асырылып, шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», деді Мақсат Қалиақпаров.
Вице-министр сонымен қатар цифрландыру жұмыстары да белсенді түрде енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір «Smart Cargo» цифрлық платформасы пилоттық режимде іске қосылған.
Президентке көлік-логистика саласындағы цифрлық жобалар көрсетілді
«NurZhol Company» бақылау кеңесінің төрағасы Қанат Көбесов логистика саласын дамыту ең алдымен адами капитал мен білім сапасына байланысты екенін айтады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев логистиканы бес жылдың ішінде дамыту және оны жоғары деңгейге шығару жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл үдеріс ең алдымен білім мен құзыреттіліктен басталады. Кадрлар қалай дайындалады, оқуын аяқтаған соң қайда барады – осы мәселелер өте маңызды. Қазіргі таңда логистика жай ғана бір пән емес, ол кең ауқымды салаға айналды. Заманауи еңбек нарығында жұмыс берушілердің талаптары да жоғары. Сондықтан бізде жақсы студенттердің сапалы білім алып, кейін тәжірибеден өтуіне жағдай жасалуы керек. Сол себепті бірінші мәселе – білім», деді ол.
Оның айтуынша, логистика саласының екінші маңызды бағыты – технология.
«Қазақстанда технологиялардың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Мемлекеттің қазіргі саясаты халықаралық қарым-қатынасты кеңейтіп, сауда-саттықты дамытуға бағытталған. Біздің елге келетін технологиялар негізінен Ресейден, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен, кейін Еуропа мен Қытайдан келеді. Осы бағыттарды реттеп, кеңейтіп, әрі қарай дамыту қажет», деді Қанат Көбесов.
Жасанды интеллект орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының біріне айналады
Сондай-ақ ол жаңа технологияларды меңгерген мамандарды даярлау мәселесіне ерекше тоқталды.
«Қазір барлығы жасанды интеллектке көшіп жатыр. Сондықтан біз жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауымыз керек. Тіпті қазіргі жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің өзі жаңа технологияларды меңгеруі тиіс», деді ол.
Сарапшының пікірінше, логистика саласын дамыту үшін инвестиция тарту да аса маңызды.
«Үшінші мәселе – қаражат пен инвестиция. Инвестиция тарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейту қажет. Егер осы бағыттардың барлығын жүйелі түрде жүзеге асырсақ, Қазақстанның логистика индексі өседі, транзит көлемі артады, экспорт ұлғаяды және көлік қозғалысы да көбейеді», деді Қанат Көбесов.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның транзиттік әлеуеті өте жоғары. Алайда елді толыққанды аймақтық логистикалық хабқа айналдыру үшін инфрақұрылымды жаңарту ғана жеткіліксіз. Бұл үшін заманауи технологияларды енгізу, жасанды интеллектке бейімделген кадрлар даярлау, инвестициялық ахуалды жақсарту және халықаралық көлік дәліздеріндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажет.