Өнер • 06 Қазан, 2020

Көңіл баураған көркемдік

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Акварельді фреш» деп аталатын айрықша көрме ашылды. Өнер ұжымы мен Қазақстан суретшілер одағы бірлесе ұйымдастырған біре­гей жоба қазан айының ортасына дейін жалғасады.

Көңіл баураған көркемдік

Акварель әлемін жай ғана шым-шы­тырық шимайлар десеңіз, қателесесіз. Кә­сіби суретшілердің танымына салсақ, бұл – кескін­де­ме­дегі ең күрделі әдістердің бірі. Минималды құралдар мен максималды мәнерлікті жымдастыра отырып, әлемді барлық түстерде нәзік түрде көрсете алатын да осы бір жанр. Жеңіл әрі қозғалмалы кескіндеме саналса да, ерекше ше­берлік пен шыдамдылықты қажет ететіні тағы бар.

Қазақ даласының сұлулығы, көз тұн­дырар тұмса табиғат су­ретшілер кенебіндегі басты та­қырыпқа айналған. Ең бас­ты­сы, шығармашылықтары мен тем­пера­менттері әртүрлі шеберлердің күр­делі әрі көпқырлы техникада орындаған шығармалары әр дары­н­ның өзіне ғана тән мәнерін әйгілеп тұрғандай. Көрерменді осынау си­қырлы өнердің тереңіне бойлатуды мұрат тұтқан өнер жәрмеңкесіне қазақстандық үздік акварель ше­бер­лерінің жүздеген картинасы қо­йы­лыпты. Көрме қабырғасынан Елена Иоктон, Абай Чунчалинов, Анна Петракова, Лидия Дроздова, Светлана Крав­ченко, Оксана Шольц, Елена Попова, Олена Ко­ломыцева, Наталья Дубовая, Пе­­ризат Есназарова, Дина Гаитова, Мак­сим Ведерников, Игорь Баг­рамов, Руслан Абрафиков, Ольга Саль­кова, Рашид Кул­­батыров, Қана­ғат Кодеков, Камила Лап­тева-Тулешова, Дәурен Қастеев, Ра­уан Сүлей­ме­нов, Мұхтар Сыз­ды­қов, Мақсат Қан­­тарбаев, Майса Ықыласова, Төлеуғазы Байғалиев, Ора­залы Жәнібек, Марлан Ны­сан­баев сынды талантты суретшілер­дің бірегей қолтаңбасын тамашалауға болады.

1

Әсіресе пейзаж, портрет, натюрморт, сюжеттік және дерек­сіз композициялар көрменің та­қы­рыптық мазмұнын аша түс­кен. Архитектуралық сюжеттер, этни­калық мотивтер және қара­па­йым адам өмірі – акварель сурет­­шілерінің табиғатқа деген сүйіспен­шілігін шынайы көрсетеді.

 – Акварель техникасы суретші­лер мен осы өнерді бағалаушы­лар үшін қай кезде де ең тартымды те­тік болып қала береді. Бұл туын­дылар қағазға жазыла салған жай кескіндер емес. Әр шығарма тапқырлық пен батылдықтың, асқақ сезімнің жемісі. Аталған көрмеге Қазақстанның түрлі қа­ла­ларынан, Отанымыздың түкпір-түкпі­рі­нен нағыз шебер суретшілердің картиналары қойыла отырып, акварель өнері туындыларының кең палитрасы түзілді деп айта аламыз. Әр шығармада жоғары сапа белгісі бар, ал күрделі стиль әр суретшіні акварельдің бейнелеу өнерінде бөлек орын­ға қояды, – дейді Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкері Сұлушаш Ағелеуова.

Алуан түсті бояулар бала­лар үшін көр­кемдік талғам қалып­тас­тырып, әсемдікті сезінуге, шығар­машылық қабілетін дамы­туға баулиды. Сондай-ақ мұндай туындыларды тамашалау арқылы кішкентай кө­рермендер іскерлік дағдыларын ашудың баспалдағынан өтеді, дейді өнертанушы мамандар.

1

 

АЛМАТЫ