Аймақтар • 10 Қараша, 2020

«Толқынға» тойтарыс беріледі

147 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы ықтималдығы аса жоғары індеттің екінші толқынына тойтарыс беруге пәрменді түрде кірісті. Бұл жөнінде жергілікті Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте өңір басшысы Жеңіс Қасымбек егжей-тегжейлі айтып берді.

«Толқынға» тойтарыс беріледі

– Статистика бойынша Қарағанды облысында ауырғандар саны тәулігіне 15-20 адамнан аспайды. Яғни инфекция таралуының орташа көрсеткіші 1,11%-ды құрайды. Стационарлардағы төсектердің толтырылуы 4%-дан аспайды. Дегенмен біз бүкіл әлем бойынша жағ­дайдың алаңдатарлық екенін көріп отыр­ғандықтан, инфекцияның таралуын болдырмау және алдын алу бойынша барлық қажетті шараны қабылдаймыз, – деді әкім.

Қазіргі таңда өңірде жедел вирусо­ло­гия­лық зерттеуге айрықша көңіл бөлін­ген. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуат­ты­­лығы тәулігіне 8 мың зерттеуге дейін жете­тін 7 бірдей ПТР-зертхана жұмыс іс­теп тұр.

Науқас адамды мүмкіндігінше ертерек анықтау, оны оқшаулау және үйде са­палы емдеу үшін алғашқы ме­ди­ци­на­лық көмекті күшейтпесе болмайды. Облыс басшысы бұл бағытта жұмыстың қарқын алғанын айтты. Мысалы, бүгінде өңір­де 288 мобильді емханалық бригада жұмыс істейді. Қосымша 122 жеңіл авто­көлік және 60 реанимобиль са­тып алынған. Сонымен қатар жедел жәр­дем­нің санитарлық автокөлік пар­кі жыл соңына дейін толығымен жаңар­тыл­мақшы.

Бұдан бөлек биылғы көктемнен бас­тап стационарлардың төсектік орын қо­ры екі еседен асып, 2 200-ден 4 427 орынға дейін ұлғайтылыпты. Бұл жер­де тұр­ғын­дарды жоспарлы емдеуге жат­қы­зу және емдеудің де қатар жүре­ті­нін айта кет­кен ләзім.

Айрықша атап өтерлігі, облыс ор­та­­лы­­ғынан, ірі қалалардан жырақта орна­ла­сқан елді мекендерде жұмыс іс­теу үшін қажетті құрылғылармен жаб­дық­талған 9 жыл­жымалы меди­ци­на­лық кешен дайын­далған. Мұның өзі ауылда тұратын аға­йын үшін үлкен көмек болғалы тұр.

Брифингте облыс әкімі Жезқазған қала­сында 200 төсектік орын жаңа мо­дуль­ді госпитальдің жұмыс істей бас­та­ғанын атап өтті. Жаңа нысан компью­тер­лік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және басқа да қажетті заманауи медициналық керек-жарақ құ­рал­­дарымен жабдықталған. Сонымен қатар сәтін салса, осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылады. Шахтинск қаласында жұқ­палы аурулар корпусын жөндеу де аяқ­та­лып қалды. Желтоқсан айында Абай қа­ласында инфекциялық бөлім­ше­ні және Теміртауда провизорлық бөлім­ше­­ні жөндеу жұмыстары бітуі тиіс деп жос­парланған.

Сондай-ақ жақында Қарағанды ме­ди­­ци­налық университетінің кәсіптік ауру­лар институты ғимаратында 150 орындық инфекциялық-провизорлық госпиталь ашылды. Ал жалпы алғанда Қара­ғанды облысында коронавирус инфекциясын емдеуге арналған төсектік орын саны 5,2 мыңға дейін жеткізілмек.

Сонымен қатар ауруханаларға 223 өкпені жасанды желдеткіш (ӨЖЖ) аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген сияқты аппараттар сатып алыныпты. Орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі 25 госпитальде орнатылған.

Жеңіс Қасымбек медициналық кадр мә­се­­ле­сінің де бірте-бірте шешіліп жат­қа­нын тілге тиек етті. Өңірлерге жұ­мыс істеуге келген медицина қызмет­кер­ле­рі­не қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл 120 пәтер қамтамасыз етілсе, келесі жылы тағы 400 пәтер да­йын болады.

Аймақта коронавирус инфекциясын анықтауға да жіті көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облыстағы ПТР-зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 8 мың зерттеуге жетеді. Талдау нәтижелерін күту уақыты бір тәуліктен аспайды. Облыс бойынша 18 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді екен. Тағы 4 компьютерлік томограф Шахтинск, Бал­қаш, Жезқазған және Сәтбаев қала­ла­рында жаңадан орнатылған.

Осы айдың соңына таман Балқаш қаласында ПТР-зертханасын ашу жос­парда бар. Ал Жезқазған қаласында осындай медициналық мекеменің өткізу қа­білеті ұлғайтылады. Осылайша бар­лық зертхананың жалпы қуаты тәулі­гі­не 10 мыңнан аса тестіні құрайды.

Екінші толқынның екпінін басу үшін дәрі-дәрмек қорының мол болмағы аса қажет-ақ. Өңір басшысы бұл бағытта жұ­мыстың тиянақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни емханалар мен ауруханаларды қажетті препараттармен қамтамасыз етуге баса мән берілуде.

– Ауруханалар, емханалар мен дәрі­ха­­налар үшін қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтырдық. «СҚ – Фармациямен» препараттардың қосымша мөлшеріне өтінімдер жасалды. Қазір дәрі-дәрмектің үш айға жететіндей қоры бар. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрған бар­лық пациенттер қажетті дәрі-дәрмек қо­рын қаңтар айын қосқанда үш айға алатын болады, – деді өңір басшысы.

Алдағы уақытта дәріханаларда сату үшін қол­жетімді бағамен қосымша «Азит­­ромицин», «Дексаметазон», «Ибу­п­рофен», «Левофлоксацин», «Надро­па­рин», «Ривароксабан», «Цеф­триак­сон» сияқты препараттар са­тып алынады. Мұның өзі сырқат­та­ну­шылық маусы­мы жоғарылаған кезде дәрі-дәрмек тапшы­лы­ғына болдырмауға мүм­кін­дік береді.

Жалпы, облыста 1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылған екен. 80 мың қаптама вирусқа қарсы препараттар, 100 қаптама ыстықты түсі­ретін, 200 мың қаптама бактерияға қарсы препараттар сатып алынған. Дәрі-дәрмек­тің бұл көлемі бөлшек дәріхана желісінде сатуға арналған.

Брифингтің соңында облыс әкімі тұрғындарды босаңсымай, сани­тария ережелерін қатаң сақтап жүруге ша­қырды. «Өздеріңіз бен жақын­да­ры­ңыздың денсаулығына жауап­кер­шілік­пен қарағандарыңыздың өзі дәрігер­лер қа­уымына көрсеткен мықты қол­дау­ла­ры­ңыз», деді Жеңіс Қасымбек.

 

ҚАРАҒАНДЫ