– Статистика бойынша Қарағанды облысында ауырғандар саны тәулігіне 15-20 адамнан аспайды. Яғни инфекция таралуының орташа көрсеткіші 1,11%-ды құрайды. Стационарлардағы төсектердің толтырылуы 4%-дан аспайды. Дегенмен біз бүкіл әлем бойынша жағдайдың алаңдатарлық екенін көріп отырғандықтан, инфекцияның таралуын болдырмау және алдын алу бойынша барлық қажетті шараны қабылдаймыз, – деді әкім.
Қазіргі таңда өңірде жедел вирусологиялық зерттеуге айрықша көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаттылығы тәулігіне 8 мың зерттеуге дейін жететін 7 бірдей ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр.
Науқас адамды мүмкіндігінше ертерек анықтау, оны оқшаулау және үйде сапалы емдеу үшін алғашқы медициналық көмекті күшейтпесе болмайды. Облыс басшысы бұл бағытта жұмыстың қарқын алғанын айтты. Мысалы, бүгінде өңірде 288 мобильді емханалық бригада жұмыс істейді. Қосымша 122 жеңіл автокөлік және 60 реанимобиль сатып алынған. Сонымен қатар жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі жыл соңына дейін толығымен жаңартылмақшы.
Бұдан бөлек биылғы көктемнен бастап стационарлардың төсектік орын қоры екі еседен асып, 2 200-ден 4 427 орынға дейін ұлғайтылыпты. Бұл жерде тұрғындарды жоспарлы емдеуге жатқызу және емдеудің де қатар жүретінін айта кеткен ләзім.
Айрықша атап өтерлігі, облыс орталығынан, ірі қалалардан жырақта орналасқан елді мекендерде жұмыс істеу үшін қажетті құрылғылармен жабдықталған 9 жылжымалы медициналық кешен дайындалған. Мұның өзі ауылда тұратын ағайын үшін үлкен көмек болғалы тұр.
Брифингте облыс әкімі Жезқазған қаласында 200 төсектік орын жаңа модульді госпитальдің жұмыс істей бастағанын атап өтті. Жаңа нысан компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және басқа да қажетті заманауи медициналық керек-жарақ құралдарымен жабдықталған. Сонымен қатар сәтін салса, осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылады. Шахтинск қаласында жұқпалы аурулар корпусын жөндеу де аяқталып қалды. Желтоқсан айында Абай қаласында инфекциялық бөлімшені және Теміртауда провизорлық бөлімшені жөндеу жұмыстары бітуі тиіс деп жоспарланған.
Сондай-ақ жақында Қарағанды медициналық университетінің кәсіптік аурулар институты ғимаратында 150 орындық инфекциялық-провизорлық госпиталь ашылды. Ал жалпы алғанда Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын емдеуге арналған төсектік орын саны 5,2 мыңға дейін жеткізілмек.
Сонымен қатар ауруханаларға 223 өкпені жасанды желдеткіш (ӨЖЖ) аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген сияқты аппараттар сатып алыныпты. Орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі 25 госпитальде орнатылған.
Жеңіс Қасымбек медициналық кадр мәселесінің де бірте-бірте шешіліп жатқанын тілге тиек етті. Өңірлерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй беріледі. Биыл 120 пәтер қамтамасыз етілсе, келесі жылы тағы 400 пәтер дайын болады.
Аймақта коронавирус инфекциясын анықтауға да жіті көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облыстағы ПТР-зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 8 мың зерттеуге жетеді. Талдау нәтижелерін күту уақыты бір тәуліктен аспайды. Облыс бойынша 18 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді екен. Тағы 4 компьютерлік томограф Шахтинск, Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жаңадан орнатылған.
Осы айдың соңына таман Балқаш қаласында ПТР-зертханасын ашу жоспарда бар. Ал Жезқазған қаласында осындай медициналық мекеменің өткізу қабілеті ұлғайтылады. Осылайша барлық зертхананың жалпы қуаты тәулігіне 10 мыңнан аса тестіні құрайды.
Екінші толқынның екпінін басу үшін дәрі-дәрмек қорының мол болмағы аса қажет-ақ. Өңір басшысы бұл бағытта жұмыстың тиянақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни емханалар мен ауруханаларды қажетті препараттармен қамтамасыз етуге баса мән берілуде.
– Ауруханалар, емханалар мен дәріханалар үшін қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтырдық. «СҚ – Фармациямен» препараттардың қосымша мөлшеріне өтінімдер жасалды. Қазір дәрі-дәрмектің үш айға жететіндей қоры бар. Оның ішінде диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қажетті дәрі-дәрмек қорын қаңтар айын қосқанда үш айға алатын болады, – деді өңір басшысы.
Алдағы уақытта дәріханаларда сату үшін қолжетімді бағамен қосымша «Азитромицин», «Дексаметазон», «Ибупрофен», «Левофлоксацин», «Надропарин», «Ривароксабан», «Цефтриаксон» сияқты препараттар сатып алынады. Мұның өзі сырқаттанушылық маусымы жоғарылаған кезде дәрі-дәрмек тапшылығына болдырмауға мүмкіндік береді.
Жалпы, облыста 1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылған екен. 80 мың қаптама вирусқа қарсы препараттар, 100 қаптама ыстықты түсіретін, 200 мың қаптама бактерияға қарсы препараттар сатып алынған. Дәрі-дәрмектің бұл көлемі бөлшек дәріхана желісінде сатуға арналған.
Брифингтің соңында облыс әкімі тұрғындарды босаңсымай, санитария ережелерін қатаң сақтап жүруге шақырды. «Өздеріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарағандарыңыздың өзі дәрігерлер қауымына көрсеткен мықты қолдауларыңыз», деді Жеңіс Қасымбек.
ҚАРАҒАНДЫ