Саясат • Кеше

Ибраһим келісімі Қазақстанға қандай пайда береді?

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері талай халықаралық келісімшарттар жасасып, ұйымдарға мүше болды. Соның ішінде ауыз толтырып айтарлық жетістікке Ибраһим келісімін жатқызуға болады. Әу баста бұл құжат Израиль мен араб елдерін татуластырып, еврей мемлекетін халықаралық сауда нарығына шығаруды көздеген. Араб емес, бірақ мұсылман елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып сеңді бұзып, аталған уағдаластық шартқа қол қойды, деп жазады Egemen.kz

Ибраһим келісімі Қазақстанға қандай пайда береді?

Келісімнің Ибраһим деп аталуының себебі, Ислам, Христиан, Яһуди діндерінің қайнар бұлағы Ибраһим пайғамбар саналады. Монотеистік дінді ұстанған осы пайғамбардан аталған әлемдік үш дін тарайды.

Американдық сарапшылар Гиршум Сакс пен Эмили Милкн халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Қазақстанның Ибраһим шартына қосылуы келісімді әлемдік деңгейге көтергенін жеткізді. Олардың мәлімдеуінше, АҚШ президенті Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімінен бері Орта Азия елдерін осы келісімнің мүшесі болуға, сонымен бірге Құрама Штаттардың түркі мемлекеттердің арасында рөлін күшейтуге талпынып жүр.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның жасаған алғашқы қадамы АҚШ-пен байланысты күшейтуге бағытталған «С5+1» серіктестігіне енетін Орта Азияның Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерін де Израильмен бейбіт келісімге келуге жақындата түспек. Ендігі жерде ресми Ақ үй «6+2» мазмұндағы серіктестігін құруды көздеп отыр. Оған Израиль мен Әзірбайжан кіреді. Аталған уағдаластықтың мақсаты аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экономикалық дәлізді күшейту болып табылады.

Сарапшылар пайымдағандай Ибраһим келісімі, сондай-ақ Әзірбайжан мен Армения арасындағы татуластық Орта Азияны Кавказ арқылы Жерорта теңізіне жалғаса, екіншіден АҚШ пен Израильдің Қазақстанның сирек металдарына қол жеткізуіне жол ашады. Одан бөлек жаңа байланыстар Түркия мен Сирияның арасында экономикалық дәліз қалыптастырады. Сол арқылы ескі Хижаз теміржол бағыты қайта жанданады.

Сонымен бірге Орта Азия елдерінің өнімдері Үндістан-Таяу Шығыс-Еуропа сауда жолымен әлемдік нарыққа шығатын болады. Ибраһим келісімшарты толық іске қосылса, Үндістан аймағынан ағылған тауар Таяу Шығысқа жетіп, Жерорта теңізімен Еуропаға жол тартады. Бұл ретте Израиль әлемдік сауда жолында бас қақпа рөлін атқарады. Бұл әзірге болашақтағы жоспар. Олай дейтініміз, сарапшылар келтірген пікірге сүйенсек, келісімнің болып кетуі Түркияға байланысты. Бауырлас елдің Орта Азияға ықпалы да күшті. Егер геосаяси шиеленістер шешіліп, дипломатиялық қарым-қатынас дамыса, Ибраһим шартының жүзеге асуына ешқандай кедергі қалмайды.

Жалпы сарапшылар Қазақстанның жаңа шартқа қосылуы келісімнің Араб-Израиль шеңберінен асып, тұтас мұсылман елдерін қамти бастағанын айтады. Тіпті келешекте оның өрісі Оңтүстік Азия мен Африка құрлығына дейін кеңеюі мүмкін.

Қазақстан өз аймағында орта державалы мемлекет. Осы әлеуетін сақтап қалу үшін елімізге өндірісті кеңейтіп, сауданы күшейту қажет. Ал саудадан түсетін табыстың кепілі әрине ол ашық нарық. Бұл тұрғыдан еліміз жаңа экономикалық дәліздер қарастыратыны анық. Ибраһим келісімшарты Қазақстанға сондай мүмкіндікті туғызып отыр. Ол жоғарыда айтқан Әзірбайжан, Армения арқылы тікелей Жерорта теңізімен Еуропа елдеріне қарай шығу мүмкіншілігі.

Сондай-ақ келісімді қолдаушы елдер артса, Хижаз теміржол бағытымен Қазақстанның өнімі тұтас Таяу Шығыс мемлекеттеріне экспортталады. Бұған Үндістан-Таяу Шығыс-Еуропа сауда жолын қосыңыз. Бұл жобамен де еліміз өз өнімдерін Батысқа, әлемнің басқа да кез келген нарығына жөнелте алады. Бұл орайда Қазақстан үкіметінің Ауғанстанмен экономикалық-гуманитарлық байланыстарды нығайтуы тегін емес. Мұндағы мақсат экономикалық қарым-қатынасты жақсарту болса, соның ішінде ең басты саналатын міндет балама сауда жолын қарастыру.

Президент тапсырмасына сәйкес елімізге инвестиция тарту, технологиялық жаңғыру экономикалық дамудың алғышартына айналып отыр. Қауіпсіз логистикалық дәліздер барда бұл талаптың да орындалуы оңай. Сондықтан әлемдік теңіз-мұхитпен шектеспейтін Қазақстанның халықаралық еркін сауда жолдарын іздестіруі заңдылық. Тіпті келешек экономикалық жағдайды айқындайтын тағдыршешті мәселе десек болады. Геосаяси ахуал қанша күрделі болса да, мүдделер қақтығысы әлемді дүр сілкіндірсе де Қазақстан өзінің бейбіт, көпветорлы, экономикалық қуатты мемлекет болу бағытынан айнымақ емес.

Соңғы жаңалықтар