Аймақтар • Кеше

Қызылордада Қорқыт ата университетінің ректоры таныстырылды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Қорқыт ата атындағы университеттің басқарма төрағасы-ректоры лауазымына тағайындалған Наурызбай Байқадамов таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордада Қорқыт ата университетінің ректоры таныстырылды

«Жақында өткен Үкімет отырысында еліміздегі ғылым мен жоғары білім мәселесі қаралып, Үкімет басшысы облыс әкімдеріне өңірлік ғылыми-технологиялық кеңестерге жеке басшылық жасап, жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Мұны жүзеге асыруда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әлеуеті жеткілікті. Оқу орнының ғалымдары мен түлектері аймағымыздағы ғылыми-инновациялық дамуды басқаруда айрықша рөл атқаруы қажет. Бұл бағытта әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі», деді аймақ басшысы.

Актив отырысына қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев пен Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

Жаңа ректор Наурызбай Байқадамов 1991 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және француз тілі» мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, 1994 жылы өзі білім алған оқу орнына оқытушы ретінде қайта оралды. Университетте түрлі басшылық қызметтерді, атап айтқанда, 2008-2013 жылдары тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды. Жоғары оқу орнында 20 жылға жуық еңбек етіп, университеттің көпсалалы аймақтық білім ордасы ретінде қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.

Наурызбай Сейтқалиұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі қоғамтанушы, 150-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, бірнеше кітаптың авторы.

2013 жылы мемлекеттік қызметке шақырылып, облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы және төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосты.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде қоғамдық-саяси салада да нәтижелі еңбек етті.

2024 жылғы сәуірден 2026 жылғы 11 ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болды.  

Соңғы жаңалықтар