Спорт • 12 Қараша, 2020

Ержан Шынкеев: Бапкерлікке байыған соң барамын

1171 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ержан Шынкеевтің күресі туралы мамандар әртүрлі пікір айтатын. Мәселен, оның жеке бапкері, әйгілі Диқанбай Биткөзовтің былай дегені бар: «Ержан – ауыр салмақтағы балуандардың ішіндегі ең шапшаңы. Мұның бір кемшілігі – ауылда өсті де, күрестің қыр-сырын бойына жасынан сіңіре алмады. Яғни, бапкерлері қанша жерден жанын салса да, мұның балуандық негізі дұрыс қаланбаған. Негізі, әр балуанның құрып кеткенде шабуыл жасайтын үш әдісі болады. Ал Ержанның бір ғана әдісі бар: екі аяқтың арасынан қағады, яғни «подхват» деген тәсіл. Осыны жасай алса – жеңеді, жасай алмаса – жеңіледі...».

Десе де, қазақтың күрес тарихында бұл балуанның соқталы ізі, қайталанбас қолтаңбасы қалғанын мойындау керек. Қазақ күресі мен дзюдода қатар өнер көрсетіп, ауыр салмақтағы балуандар арасындағы апайтөстің нағыз өзі болды. Төл күрестен 2018 жылы «Қазақстан барысы» атанса, дзюдодан Азия чемпионатының жүлдегері, Шығыс жекпе-жек өнері бойынша Азия ойындарының жеңімпазы, Гран-при иегері болды.

Ал енді күреспен қоштасқан Ержан ШЫНКЕЕВ қазір қайда, не істеп жүр? Бүгінгі әңгімемізде осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеген едік.

 

Ержан Шынкеев: Бапкерлікке байыған соң барамын

– 2018 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде тамаша өнер көрсетіп, топ жардың. Осы жеңіс сенің өміріңе қандай да бір өзгеріс енгізді ме?

– «Қазақстан барысы» турнирі бағындырсам деген биіктің бірі еді. Жылда осы додаға аттанған сайын облыс басшылығына, спортсүйер қауымға уәде беруші едім. Абырой болғанда сөзімде тұрдым, дегеніме жеттім.

Расын айтқанда, осы жүлдені алғаннан кейін ел ішінде таны­малдығым арта түсті. Ал мен үшін ең қуаныштысы – осы жеңіс­тен кейін балалардың күрес залына көптеп бара бастағанын бай­қадым. Осыны көргенде, кеудемді мақтаныш сезімінің кернегені рас еді.

– Сонымен, Ержан Шынкеев кілеммен қоштасып, күресті тас­тады. Балуан енді немен айналысып жүр екен?

– Күресте жүргенімізде үкі­меттің қарамағында болдық. Жат­тығуыңды жасасаң болды, не ішемін, не киемін демейсің. Қазір жағдай басқаша: қарап тұрсам, спорттан кейінгі өмірдің өзі нағыз күрес екен. Бұл жерде адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайсың, олармен тіл табыса білуің керек, проблемаңды біреу емес, өзің шешесің деген сияқты...

Қазір өзімнің жеке шаруа қожалығым бар, мал шаруашы­лығымен айналысамын. Құдайға шүкір, соны дөңгелетіп жүріп жатырмын.

– Жаттықтырушылық қыз­метке деген қызығушылық жоқ па?

– Ондай ой бар. Бір-екі топ ашып, өзімнің білгенімді ба­ла­ларға үйретсем бе деймін. Де­генмен, мен бапкерлікке бармас бұрын аяққа нық тұрып алайын деп шештім. Неге десеңіз, балаларды жарысқа алып бару үшін де жағдай керек, яғни қал­таңда артық-ауыс ақшаң бол­ғаны жөн. Жас балуандарды құрама командаға іліккенге дейін қолтығынан демеп отырмаса, болмайды. Күреске келетіндердің басым бөлігі ауылдан ғой, көбінің жағдайы мәз емес дегендей. Осы­ның бәрін өзіміз басымыздан өткердік қой. Сондықтан бап­кер­лікке бару үшін алдымен ба­йып алғанды жөн санадым (күлді).

– Ержан, киелі күрес өне­ріне қалай келдің? Жалпы, тұ­қы­мыңда балуандық қасиет болған ба?

– Әкем жас кезінде ауыл ара­сындағы жарыстарда күресіп жүріпті. Яғни күрестен хабары бар адам. Ал өзім он бес жас­қа дейін күреспен арнайы айналысқан емеспін. Алақандай ауылда оған мүмкіншілік те жоқ еді. Бала кезімде әуес көріп, құрдастарыммен күресетінмін. «Әке балаға сыншы» деген бар емес пе, әкем менің күреске деген икемімді байқады ма, он бес жасқа толғанымда Қарағандыға алып келіп, өзімізге ағайын Кәртай Омаров деген бапкерге тапсырды. Кәртай ағайдың маған бергені көп болды. Әттең, ол кісі ерте қайтыс болып кетті. Одан кейінгі бапкерім Ерден Халилин деген жас жаттықтырушы болды. Міне, осы кісілер мені балуандыққа бау­лып, үлкен спортқа жолдама берді.

– Қазақ күресі, самбо және дзю­доның ішінде қайсысы сенің жаныңа жақын болды?

– Мен күресті әуелде қазақ күресінен бастадым. Бұдан басқа күреске барамын деген ой болған да жоқ. Дегенмен қазақ күресінен ел чемпионатын жеңіп алғаннан кейін бапкерлерім самбо мен дзюдоны да көрсеңші деп кеңес берді. Өйткені ол кезде қазақ күресінің ең жоғары жарысы – ел чемпионаты ғана болатын. Содан бапкерлеріммен ақылдаса келіп, дзюдоға көштім. Айтпақшы, самбо бойынша да бір-екі жарысқа барып күрескенім бар. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдесін алдым, ТМД және Балтық жағалауы елдерінің ойындарында да үшінші жүлдеге ие болғанмын.

– Кейбір мамандар сені бапкерден жолы болмаған балуан деген сыңайдағы пікір айтады...

– Бапкерлерім болды. Ол жағынан кемдік көрген жоқ­пын. Қазақ күресі бойынша Диқан­бай Биткөзов пен Талғат Бай­шолақов, ал дзюдо күресінен Тал­­ғат Байшолақов пен Максим Ра­ковтың әкесі Сергей Раков жат­тықтырды.

Дзюдо дегеніңіз – бір орнында тұрмайтын күрес түрі. Ол ай сайын дамып, ілгерілеп бара жатыр. Оның соңынан ілесу дегеніңіз оңай шаруа емес. Кейде ойлаймын: бұл күрес қазаққа кейіндері келді де, біз оны дұрыстап мең­гере алмай жүрміз деп. Ал шын мәнісінде қазақтар өмір бойы күресіп келе жатқан халық қой. Сондықтан бізден чемпиондар міндетті түрде шығуы керек.

– Сен жас кезіңнен ауыр салмақ­та күрестің. Өзіңнің бойың мен дене бітіміңнің аса ауыр салмақ дәрежесінде қан­дай артық­шылығы мен кемдігі болды деп ойлайсың?

– Күрестен нәтиже шығарамын деп тер төккен балуанға бойдың биіктігі немесе аласалығының соншалықты маңызы жоқ деп ойлаймын. «Балуанға оңы мен солы бір» деген бар емес пе?! Дегенмен, мәселен, менің бойым аласалау, бірақ белім мықты. Ал кейбіреудің бойы ұзын, сәйкесінше өзіндік артықшылықтары болады. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, кү­ресте мұндай артықшылықтар соншалықты рөл ойнай бермейді.

Мәселен әйгілі боксшы Майк Тайсонды қараңызшы, бойы аласа болса да небір тау­дай қар­сыластарын бір ғана соқ­қымен-ақ шалқасынан түсіріп жүрді ғой.

– Дзюдо күресінен ұлттық құрама команданың мүшесі, біраз жылдар капитаны болдың. Осы күрес түрінен алға қойған мақсатыңа жеттің бе?

– Дзюдодан әлем чемпионы болсам, Олимпиаданың шыңын бағындырсам деген арманның болғаны рас. Пешенеге жазылғаны сол шығар, бұл жүлделер маған бұйырмады. Дегенмен спорт­тық тағдырыма өкінбеймін. Ша­мам­ның келгенінше күрестім, намысты қолдан берген жерім жоқ. Тәубе деймін.

Елімізде дзюдо күресінен ауыр салмақтағылар арасында Гран-при турнирін жеңіп алған жалғыз балуанмын. Бұл жарыс 2016 жылы Ташкентте өткен болатын. «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алғаным да өз алдына бір белес деп ойлаймын. Есте қаларлық белдесулер де болды. Мысалы 2017 жылы Германияның Дюссельдорф қаласында өткен әлемдік Гран-при турнирінде әлем және Олим­пиада чемпионы Лукаш Крпалекті жығып, қола медаль алғаным бар.

– Ержан, «Қазақстан барысында» жеңімпаз және жүлдегер болған балуандармен татамиде, яғни дзюдо күресінде белдесіп көріп пе едің?

– Үш мәрте «Қазақстан барысы» болған Бейбіт Ыстыбаевты дзюдо күресінде бес рет жеңдім. Осы додада екі дүркін жеңімпаз атанған Айбек Нұғымаров та татамиде менен жеңілген. Екінші жүлдегер Шалқар Жоламанов дзюдода күрескен жоқ, сондықтан да онымен күш сынасудың мүмкіндігі болмады. Ал «Қазақ­стан барысының» алғашқы же­ңім­пазы Ұлан Рысқұлмен татамиде төрт рет күш сынастым. Бі­рінші белдесуде жеңілдім, бірақ қал­ғанының бәрінде тізе бүктірдім.

Бұл жоғарыда аттары аталған балуандардың бәрі де қазақ күресінің отымен кіріп, күлімен шыққан жігіттер. Сондықтан дзюдодан келе салып бұларды тымақпен ұрып аламын деген далбаса тірлік, әрине. Оның үстіне, татамиден кейін жұмсақ кілемге шыққаныңда, құмда жүргендей боласың. Қазақ күресінің өзіне тән басқа да ерекшеліктері бар. Осының бәрі жабылып келіп, дзюдодан ауысып күрескен балуанды әр-әр жерде аяқтан шалып жатады.

– Өзіңнің мінезіңдегі кемші­лігім деген осал жеріңді айтып бере аласың ба?

– Қызбалаумын. Осының спорт­та пайдасы да болды, бірақ зияны асып та кетіп жатты. Мы­нандай бір оқиға болды: бірде Ресейге турнирге бардық. Жа­рыстың арасындағы бос кезіміздің бірінде Мәскеудің электричкасында келе жатқанбыз. Бір еңгезердей орыстың мұжығы аузына келгенді оттап, біздің командадағы сал­мағы 60 кило болатын балаға тиі­сіп қоймады. Жанына барып, қой десем, әлгінің аяғымнан бір тепкені. Сонда жаңағыны қа­лай «жалп» еткізгенімді өзім де бай­қамай қалдым. Әрең дегенде есін жиғызып, «тірілтіп» алдық. Әйтеуір халықаралық шу шықпай, аман құтылдық. Бірақ сол жолы бапкерімнен сөгіс естіген едім.

– Күресіп жүрген кезіңде болған қызықты оқиғалардың бір-екеуін айтып берсең...

– Қызық оқиғалар көп болды ғой... Мысалы Талдықорғанда оқу-жаттығу жиынында жүргенде, «Ертең той өтеді екен, күрес болады», деген хабар жетті. Ертеңіне бапкердің рұқсатымен барып кү­рестім де, бас жүлдеге тігілген авто­көлікті жеңіп алып келдім. Дәл осындай үш оқиға болған еді өз басымда. Бұл да бір өмірдің қызығы...

– Сонда осы күнге дейін қан­ша темір тұлпар жеңіп алдың?

– Он жеті машинаның кілтін қолыма ұстаппын.

– Отбасың туралы айтып берсең...

– Үйленгенмін. Келіншегім Балқаштың қызы, есімі Индира. Отбасында бір ұл, екі қызымыз бар. Қазір ұл он төрт жасқа келді.

– Балуан боламын дейтін шығар?

– Иә, солай дейді. Қазір ол бап­керім Сергей Раковтың қара­мағында жаттығып жүр.

– Сенің інің Олжас та күре­седі. «Қазақстан барысында» өнер көрсетті. Бауырыңның кү­ресіне көңілің тола ма?

– Олжас інім «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанбасам да, жүлдегер болсам деп армандайды. Ол – жұмыс пен спортты қатар алып жүрген азамат. Спорттың соңынан түбегейлі кетпеген себебі, өзіне ұнайтын жұмысын қимайды. Сол себепті, ол жарыстарға өз бетінше дайындалады. Құрама команда сапында болмағандықтан, оқу-жаттығу жиындарына қатыса алмайды. Әрине, кейде мұның бәрінің жалпы нәтижеге кері әсерін тигізіп жататыны бар...

– Күрес сенің өміріңнің ажырамас бөлігі болды. Деген­мен бұдан басқа да өзіңді қызық­тыратын дүниелер бар шығар?

– Қол босаған кезде аң аула­ғанды жақсы көремін. Үйімде заңды түрде тіркелген екі бірдей мылтығым бар. Қыста қояннан бастап қасқырға дейін атамын.

– Әңгімеңе көп рахмет.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚАРАҒАНДЫ