– 2018 жылы «Қазақстан барысы» турнирінде тамаша өнер көрсетіп, топ жардың. Осы жеңіс сенің өміріңе қандай да бір өзгеріс енгізді ме?
– «Қазақстан барысы» турнирі бағындырсам деген биіктің бірі еді. Жылда осы додаға аттанған сайын облыс басшылығына, спортсүйер қауымға уәде беруші едім. Абырой болғанда сөзімде тұрдым, дегеніме жеттім.
Расын айтқанда, осы жүлдені алғаннан кейін ел ішінде танымалдығым арта түсті. Ал мен үшін ең қуаныштысы – осы жеңістен кейін балалардың күрес залына көптеп бара бастағанын байқадым. Осыны көргенде, кеудемді мақтаныш сезімінің кернегені рас еді.
– Сонымен, Ержан Шынкеев кілеммен қоштасып, күресті тастады. Балуан енді немен айналысып жүр екен?
– Күресте жүргенімізде үкіметтің қарамағында болдық. Жаттығуыңды жасасаң болды, не ішемін, не киемін демейсің. Қазір жағдай басқаша: қарап тұрсам, спорттан кейінгі өмірдің өзі нағыз күрес екен. Бұл жерде адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайсың, олармен тіл табыса білуің керек, проблемаңды біреу емес, өзің шешесің деген сияқты...
Қазір өзімнің жеке шаруа қожалығым бар, мал шаруашылығымен айналысамын. Құдайға шүкір, соны дөңгелетіп жүріп жатырмын.
– Жаттықтырушылық қызметке деген қызығушылық жоқ па?
– Ондай ой бар. Бір-екі топ ашып, өзімнің білгенімді балаларға үйретсем бе деймін. Дегенмен, мен бапкерлікке бармас бұрын аяққа нық тұрып алайын деп шештім. Неге десеңіз, балаларды жарысқа алып бару үшін де жағдай керек, яғни қалтаңда артық-ауыс ақшаң болғаны жөн. Жас балуандарды құрама командаға іліккенге дейін қолтығынан демеп отырмаса, болмайды. Күреске келетіндердің басым бөлігі ауылдан ғой, көбінің жағдайы мәз емес дегендей. Осының бәрін өзіміз басымыздан өткердік қой. Сондықтан бапкерлікке бару үшін алдымен байып алғанды жөн санадым (күлді).
– Ержан, киелі күрес өнеріне қалай келдің? Жалпы, тұқымыңда балуандық қасиет болған ба?
– Әкем жас кезінде ауыл арасындағы жарыстарда күресіп жүріпті. Яғни күрестен хабары бар адам. Ал өзім он бес жасқа дейін күреспен арнайы айналысқан емеспін. Алақандай ауылда оған мүмкіншілік те жоқ еді. Бала кезімде әуес көріп, құрдастарыммен күресетінмін. «Әке балаға сыншы» деген бар емес пе, әкем менің күреске деген икемімді байқады ма, он бес жасқа толғанымда Қарағандыға алып келіп, өзімізге ағайын Кәртай Омаров деген бапкерге тапсырды. Кәртай ағайдың маған бергені көп болды. Әттең, ол кісі ерте қайтыс болып кетті. Одан кейінгі бапкерім Ерден Халилин деген жас жаттықтырушы болды. Міне, осы кісілер мені балуандыққа баулып, үлкен спортқа жолдама берді.
– Қазақ күресі, самбо және дзюдоның ішінде қайсысы сенің жаныңа жақын болды?
– Мен күресті әуелде қазақ күресінен бастадым. Бұдан басқа күреске барамын деген ой болған да жоқ. Дегенмен қазақ күресінен ел чемпионатын жеңіп алғаннан кейін бапкерлерім самбо мен дзюдоны да көрсеңші деп кеңес берді. Өйткені ол кезде қазақ күресінің ең жоғары жарысы – ел чемпионаты ғана болатын. Содан бапкерлеріммен ақылдаса келіп, дзюдоға көштім. Айтпақшы, самбо бойынша да бір-екі жарысқа барып күрескенім бар. Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдесін алдым, ТМД және Балтық жағалауы елдерінің ойындарында да үшінші жүлдеге ие болғанмын.
– Кейбір мамандар сені бапкерден жолы болмаған балуан деген сыңайдағы пікір айтады...
– Бапкерлерім болды. Ол жағынан кемдік көрген жоқпын. Қазақ күресі бойынша Диқанбай Биткөзов пен Талғат Байшолақов, ал дзюдо күресінен Талғат Байшолақов пен Максим Раковтың әкесі Сергей Раков жаттықтырды.
Дзюдо дегеніңіз – бір орнында тұрмайтын күрес түрі. Ол ай сайын дамып, ілгерілеп бара жатыр. Оның соңынан ілесу дегеніңіз оңай шаруа емес. Кейде ойлаймын: бұл күрес қазаққа кейіндері келді де, біз оны дұрыстап меңгере алмай жүрміз деп. Ал шын мәнісінде қазақтар өмір бойы күресіп келе жатқан халық қой. Сондықтан бізден чемпиондар міндетті түрде шығуы керек.
– Сен жас кезіңнен ауыр салмақта күрестің. Өзіңнің бойың мен дене бітіміңнің аса ауыр салмақ дәрежесінде қандай артықшылығы мен кемдігі болды деп ойлайсың?
– Күрестен нәтиже шығарамын деп тер төккен балуанға бойдың биіктігі немесе аласалығының соншалықты маңызы жоқ деп ойлаймын. «Балуанға оңы мен солы бір» деген бар емес пе?! Дегенмен, мәселен, менің бойым аласалау, бірақ белім мықты. Ал кейбіреудің бойы ұзын, сәйкесінше өзіндік артықшылықтары болады. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, күресте мұндай артықшылықтар соншалықты рөл ойнай бермейді.
Мәселен әйгілі боксшы Майк Тайсонды қараңызшы, бойы аласа болса да небір таудай қарсыластарын бір ғана соққымен-ақ шалқасынан түсіріп жүрді ғой.
– Дзюдо күресінен ұлттық құрама команданың мүшесі, біраз жылдар капитаны болдың. Осы күрес түрінен алға қойған мақсатыңа жеттің бе?
– Дзюдодан әлем чемпионы болсам, Олимпиаданың шыңын бағындырсам деген арманның болғаны рас. Пешенеге жазылғаны сол шығар, бұл жүлделер маған бұйырмады. Дегенмен спорттық тағдырыма өкінбеймін. Шамамның келгенінше күрестім, намысты қолдан берген жерім жоқ. Тәубе деймін.
Елімізде дзюдо күресінен ауыр салмақтағылар арасында Гран-при турнирін жеңіп алған жалғыз балуанмын. Бұл жарыс 2016 жылы Ташкентте өткен болатын. «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алғаным да өз алдына бір белес деп ойлаймын. Есте қаларлық белдесулер де болды. Мысалы 2017 жылы Германияның Дюссельдорф қаласында өткен әлемдік Гран-при турнирінде әлем және Олимпиада чемпионы Лукаш Крпалекті жығып, қола медаль алғаным бар.
– Ержан, «Қазақстан барысында» жеңімпаз және жүлдегер болған балуандармен татамиде, яғни дзюдо күресінде белдесіп көріп пе едің?
– Үш мәрте «Қазақстан барысы» болған Бейбіт Ыстыбаевты дзюдо күресінде бес рет жеңдім. Осы додада екі дүркін жеңімпаз атанған Айбек Нұғымаров та татамиде менен жеңілген. Екінші жүлдегер Шалқар Жоламанов дзюдода күрескен жоқ, сондықтан да онымен күш сынасудың мүмкіндігі болмады. Ал «Қазақстан барысының» алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлмен татамиде төрт рет күш сынастым. Бірінші белдесуде жеңілдім, бірақ қалғанының бәрінде тізе бүктірдім.
Бұл жоғарыда аттары аталған балуандардың бәрі де қазақ күресінің отымен кіріп, күлімен шыққан жігіттер. Сондықтан дзюдодан келе салып бұларды тымақпен ұрып аламын деген далбаса тірлік, әрине. Оның үстіне, татамиден кейін жұмсақ кілемге шыққаныңда, құмда жүргендей боласың. Қазақ күресінің өзіне тән басқа да ерекшеліктері бар. Осының бәрі жабылып келіп, дзюдодан ауысып күрескен балуанды әр-әр жерде аяқтан шалып жатады.
– Өзіңнің мінезіңдегі кемшілігім деген осал жеріңді айтып бере аласың ба?
– Қызбалаумын. Осының спортта пайдасы да болды, бірақ зияны асып та кетіп жатты. Мынандай бір оқиға болды: бірде Ресейге турнирге бардық. Жарыстың арасындағы бос кезіміздің бірінде Мәскеудің электричкасында келе жатқанбыз. Бір еңгезердей орыстың мұжығы аузына келгенді оттап, біздің командадағы салмағы 60 кило болатын балаға тиісіп қоймады. Жанына барып, қой десем, әлгінің аяғымнан бір тепкені. Сонда жаңағыны қалай «жалп» еткізгенімді өзім де байқамай қалдым. Әрең дегенде есін жиғызып, «тірілтіп» алдық. Әйтеуір халықаралық шу шықпай, аман құтылдық. Бірақ сол жолы бапкерімнен сөгіс естіген едім.
– Күресіп жүрген кезіңде болған қызықты оқиғалардың бір-екеуін айтып берсең...
– Қызық оқиғалар көп болды ғой... Мысалы Талдықорғанда оқу-жаттығу жиынында жүргенде, «Ертең той өтеді екен, күрес болады», деген хабар жетті. Ертеңіне бапкердің рұқсатымен барып күрестім де, бас жүлдеге тігілген автокөлікті жеңіп алып келдім. Дәл осындай үш оқиға болған еді өз басымда. Бұл да бір өмірдің қызығы...
– Сонда осы күнге дейін қанша темір тұлпар жеңіп алдың?
– Он жеті машинаның кілтін қолыма ұстаппын.
– Отбасың туралы айтып берсең...
– Үйленгенмін. Келіншегім Балқаштың қызы, есімі Индира. Отбасында бір ұл, екі қызымыз бар. Қазір ұл он төрт жасқа келді.
– Балуан боламын дейтін шығар?
– Иә, солай дейді. Қазір ол бапкерім Сергей Раковтың қарамағында жаттығып жүр.
– Сенің інің Олжас та күреседі. «Қазақстан барысында» өнер көрсетті. Бауырыңның күресіне көңілің тола ма?
– Олжас інім «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанбасам да, жүлдегер болсам деп армандайды. Ол – жұмыс пен спортты қатар алып жүрген азамат. Спорттың соңынан түбегейлі кетпеген себебі, өзіне ұнайтын жұмысын қимайды. Сол себепті, ол жарыстарға өз бетінше дайындалады. Құрама команда сапында болмағандықтан, оқу-жаттығу жиындарына қатыса алмайды. Әрине, кейде мұның бәрінің жалпы нәтижеге кері әсерін тигізіп жататыны бар...
– Күрес сенің өміріңнің ажырамас бөлігі болды. Дегенмен бұдан басқа да өзіңді қызықтыратын дүниелер бар шығар?
– Қол босаған кезде аң аулағанды жақсы көремін. Үйімде заңды түрде тіркелген екі бірдей мылтығым бар. Қыста қояннан бастап қасқырға дейін атамын.
– Әңгімеңе көп рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ