Оқиға • 13 Қараша, 2020

Өртті жеңген өжеттік

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Октябрь ауданында орын тепкен жер үйде өрт аяқастынан бұрқ ете қалған. Дәл сол кезде Дамир Оразбеков есімді жас жігіт бір шаруаларымен әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатыпты...

Өртті жеңген өжеттік

Кенет бір әйелдің аттан салған дауысын естіген. Қараса, айғай салған әйел жанған үйге қарай жанұшыра жүгіріп барады екен. Түсінгені – от ішінде балалар қалыпты.

Ойланып тұруға уақыт жоқ еді. Дамир жалын тілі терезеден сумаңдай шығып жатқан үйдің ішіне қойып кеткен. Төрт бөлменің іші түк көрінбейтін түтін екен. Әйтеуір, жанұшыра жүріп жас шамалары 12-14 аралығындағы екі ер баланы сыртқа алып шығады. Содан кейін, бұл мезгілде тіпті де өрши түскен өрт ішіне қайта сүңгіп, еденде құлап жат­қан кейуананы да құтқарып қалды.

Келесі күні Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының атына мынадай мазмұндағы хат келіп түсті: «Өртке қарсы қызмет қызметкері Дамир Ораз­­бековке және әр минут сайын көмекке келуге даяр қызметкерлерді тәрбиелеген оның басшылығына алғы­сымды білдіргім келеді». Бұл хат­тың авторы балалары ажалдан аман қал­ған Тамара Андреевна деген тұр­ғын екен.

Сөйтсе, Дамир Оразбеков деген өжет жігіт Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №12 өрт сөн­діру бөлімшесінде командир санатында қызмет ететін болып шықты. Дәл сол өрт болған күні ол демалыста жүріпті...

 

ҚАРАҒАНДЫ