Кенет бір әйелдің аттан салған дауысын естіген. Қараса, айғай салған әйел жанған үйге қарай жанұшыра жүгіріп барады екен. Түсінгені – от ішінде балалар қалыпты.
Ойланып тұруға уақыт жоқ еді. Дамир жалын тілі терезеден сумаңдай шығып жатқан үйдің ішіне қойып кеткен. Төрт бөлменің іші түк көрінбейтін түтін екен. Әйтеуір, жанұшыра жүріп жас шамалары 12-14 аралығындағы екі ер баланы сыртқа алып шығады. Содан кейін, бұл мезгілде тіпті де өрши түскен өрт ішіне қайта сүңгіп, еденде құлап жатқан кейуананы да құтқарып қалды.
Келесі күні Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының атына мынадай мазмұндағы хат келіп түсті: «Өртке қарсы қызмет қызметкері Дамир Оразбековке және әр минут сайын көмекке келуге даяр қызметкерлерді тәрбиелеген оның басшылығына алғысымды білдіргім келеді». Бұл хаттың авторы балалары ажалдан аман қалған Тамара Андреевна деген тұрғын екен.
Сөйтсе, Дамир Оразбеков деген өжет жігіт Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №12 өрт сөндіру бөлімшесінде командир санатында қызмет ететін болып шықты. Дәл сол өрт болған күні ол демалыста жүріпті...
ҚАРАҒАНДЫ