Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтатын жаңа газ тазарту жобасын әзірледі. Зерттеу нәтижесінде енгізілген шешім өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды заттардың көлемін ондаған есе төмендетуге мүмкіндік береді. Технология Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қолданылғаннан кейін өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды компоненттердің мөлшері шамамен қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Соның нәтижесінде атмосфераға тарайтын өндірістік шаң мен газдардың басым бөлігі сүзгіден өткізіліп, ауаға әлдеқайда тазартылған күйде шығарылады. Бұл өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жүктемесін төмендетіп, қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға жол ашады.
Коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұханов жобаның бірнеше өңірді қамтитынын айтады: «Қазір жобаны өндіріске енгізу жұмысы Ақтөбеден бөлек, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы өнеркәсіптік нысандарда жүргізіліп жатыр. Әзірленген технология металлургия, энергетика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларына бейімделген», дейді Н.Дүймұханов.
Жобаның басты артықшылығы – оның шетелдік үлгілерді алмастыратын отандық шешім ретінде жасалуы. Бұған дейін мұндай газ тазарту қондырғылары көбіне сырттан әкелінетін. Енді отандық кәсіпорындар дәл сондай тиімді құралды өз ғалымдары мен инженерлерінің еңбегіне сүйеніп пайдалана алады.
Ғалымдар бұл нәтижеге сүзгі-қаптарды жаңаша тазартып, қайта іске қосу тәсілін енгізу арқылы жеткен. Соның арқасында сүзгінің тозуы бәсеңдеп, тазарту сапасы артып, қондырғының жұмыс істеу мерзімі ұзарды. Сонымен бірге жүйе өндірістің бірқалыпты жүруін қамтамасыз ететін инженерлік шешімдермен толықтырылған.
PhD, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитованың айтуынша, аталған технология өндірістегі экологиялық мәселелерді нақты шешуге бағытталған: «Ең алдымен, бұл жоба ғылым мен өндірістің бірлескен нәтижесі. Университеттің ғылыми тобы оны ғылыми идеядан бастап коммерцияландыру кезеңіне дейін сүйемелдеп келдік. Бұған дейін кәсіпорындар тиімділігі төмен, ескірген тазарту жүйелерін пайдаланды. Соның салдарынан шаң мөлшері күрт артып, жабдықтар тез тозып, экологиялық мәселелер туындады. Кейбір жағдайларда шаң көлемі 400 мг дейін жетті. Біз өндірістегі үдерістерді толық зерттеп, әлсіз тұстарын анықтап, ғылыми шешім ұсындық. Нәтижесінде, сүзгілердің қызмет ету мерзімін ұзарттық, ауаның шығынын азайту арқылы олардың өзіндік құнын төмендеттік», дейді.
Бұл жоба Қ.Жұбанов университеті мен Қарағандыдағы «KazEnergoMashEkologia» компаниясының бірлескен еңбегі нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Ғалымдар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында тәжірибелік зерттеу жүргізіп, соның негізінде газ тазарту жүйесінің нақты өндірістік шешімдерін ұсынды.
Бастама мемлекеттік қолдауға ие болған. Оған 350 млн теңге көлемінде грант бөлініп, өнеркәсіптік серіктестер тарапынан қосымша инвестиция тартылған. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде жаңа газ тазарту жабдықтары әзірленіп, өндірісте қолданысқа енгізілді.