Таным • 18 Қараша, 2020

Әдеби түс көру

863 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Басынан ай, аяғынан күн, жүрегінен жұлдыз туатын Тазша баланың түс сатып алып, мұратына жетуі халық сенімінде түс көрудің үлкен сенімге ие екенін аңғартады. Әдеби түс көру, жору мотивтері көркем әдебиеттің дәстүрлі тәсілі ретінде зерттеуді қажет ететін қызық та тың тақырып.

Әдеби түс көру

Үнемі түс көремін. Ана жолы Марс ғаламшарында жүр екенбіз. Мен ғана емес, жерден көшіп барған біраз қазақ бар. Қыртысты, жарқабағы биік, ойлы-қыр­лы тұсын қазақтарға кесіп беріпті деймін. Айнала тасты, топырақты атырап түгел ұқсас, бір-бірінен айырғысыз. «Е, жер алып, үй салып біздің қазақтар осы маңайға қоныстанады екен ғой», деп көңілім орнығып жатыр. Оянған соң неге жорырымды білмедім. Бәлкім, адамзаттық сана тұтастығындағы әлде­бір ортақ сезіну аясына кіріп кеттім бе екен, кім білген?!

Жалпы, халық танымындағы түс көру­дің адам санасынан бас­­тау алып, рухани ішкі жан-дүниесімен тығыз байланысып кеткен психологиялық үдеріс­терді тап басудағы маңызы орасан. Ха­лық­тық, адам­заттық түс көру сарыны көр­кемдік тәсіл ретінде қазақтың сөз өне­рінде о бастан-ақ берік орныққан. Сондық­тан көркемдік санадағы рухани ізденістер сабақтастығы кім кімді де қызықтырары анық.

Түстер мен шындық ара­сын­­дағы байланыстар ауыз әде­бие­тінен бас­тап, бүгінгі көркем әдебиетімізде көркемдік категория­лар тұрғысынан қарастырылып келеді. Мәселен, Абылай ханның көрген түсі жеке адамның талап-тілегінен туын­даған құбылыстан гөрі, қилы кезеңді басынан кешкен халықтың ішкі бекінісінен, қауіптенуінен туған тұстас картина сынды. «Түсімде шатырымның алдында бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таңғалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп, екінші қарағанымда қас­қыр болып, онан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң-ғалып жатқанымда оянып кеттім», деп баян­далатын хан түсі небір ғажайып қисынмен бүгінге жеткен екен. Қазақ эпостарындағы түс көру мәселелері жайында Ғалым Пірәлиеваның; «Белгілі бір қауіп-қатерден хабар беретін аруақты бабалардың аян беру түстері мен одан кейінгі кейіпкер көңілін нілдей бұзатын психологиялық жағдайы, болашақтағы қалыңдығына қолы жетер-жетпесі туралы хабар береді» деген пікірі түс көру мотивін бас кейіпкерлердің іс-әрекетіне құ­рылатынын аңғартады. Ға­шық­тық жырлардың тұрақты компо­зициялық тәсілі ретінде «Жүсіп-Зыли­хада», «Сейфүлмәлікте» де аталған жағ­дай қылаң беретін. Сол сияқты «Қобы­ланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және өзге де жыр­лардағы түс көру сарынының орны айрықша. Ал кейінгі дәуір жазушылары түс сипаттамаларын көрнекі эстетикамен астастырады. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Әуезовтің «Абай жолы», Б.Майлиннің әңгімелері, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» сынды дүниелерде  түс көру шығар­маның көр­кемдік жаратылысымен қабысып жатады.

Бұл ретте Тургенев кейіпкерлері де бізге таңсық емес, жазушы шы­ғармашы­лы­ғындағы түстер ашық түсті бейнелермен жиі ерек­шеленеді. «Чертопхановтың ақыры» әңгімесінде «қардай аппақ түлкі» «алдынан жүгіріп өтіп, ті­лін шығарып мазақтайды» деп, «жаман түс­ке» орын беретін. Сол тәрізді түс кө­ру тәсілінің көркемдік еркіндігін көп қолданған жазушы Ф.М.Достоевский ауыр пси­хологиялық жағдайды дәл және нанымды беруінен шығарма боя­уы одан сайын қоюлана түседі. Әйгілі «Қыл­мыс пен жаза» романында «үлкен, дөңгелек, қызыл ай терезеден тура қарады» деп, Раскольниковтың түс палитрасы келешек қадамын айқындап отыратын еді ғой. Ал халық нанымында айып­ты адам­ға қан қызыл айды көру жақсылықтың ныша­ны емес екенін жазушы жақсы білген сияқты.

Жуырда филолог және әдебиет сыншысы Вера Савельеваның әдебиеттегі түстер жайлы мақаласы жарық көрді. «Бақытымызға орай немесе өкінішімізге қарай, түс – бұл ми көрсететін, бірақ бір ғана көрерменге арналған фильм екенін мойындауымыз керек», дейді автор. Сту­дент кезінен бас­тап жұрттың көрген түсін жинап, талдап жүрген ғалымның атал­ған еңбегі біздің де аз-кем көрген түсімізді еске түсіріп жіберді.

Ежелгі Египетте табылған папирус­та «Құдай көзді қараң­ғы­лықта ұйықтап жатқан адамға жол көрсету үшін түсті жаратты» деп жазылыпты. Ұйқыны зерттеу жөніндегі Еуропа және Америка қоғамы мүшесі, биология ғылымдарының докторы Владимир Ковалзон: «Түс – бұл белгілі бір полиграфиялық суреттердің цикл­дер, фазалар мен кезеңдер түрінде табиғи дәйекті өзгеруімен сипатта­латын адам ағзасының және өз­­ге де жануарлардың (яғни сүт­қо­­рек­тілер мен құстардың) ерек­ше генетикалық күйі» деген ғы­лыми анықтама береді. Иә, түс­терді туғызатын бір адамның ішкі көзқарасы мен көрнекі жады. Көзбен көруіміз қаншалықты шектеулі болса, ішкі көруіміздің көкжиегі соншалықты шексіз. Ақын Вадим Шефнердің «Біз қа­лаған түсті көрем демеңіз, Түс қала­ған жайды ғана көреміз» деп жазғанындай, түс жеке адамның санасындағы сәулелі қоры­тын­ды, алдағы күндерге бағыт алған сәуе­гейлік. Бәз біреулер түс көре беру­ден діңкесі құрыса, түк көрмей тымпиып­ жүретіндер де бар. Таңертеңгісін ғана есіңде анық болған түс біраздан кейін бұлың­ғыр суретке ұласып барып жоға­лады. Бұл – ұмытшақтық. Ғалымдар түс­ті ұмытып қалуды уақытша есте сақтауға жауап беретін мидың қыз­метіне балайды.