24 Қараша, 2020

«Ала қойды бөле қырыққаны» несі?

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде республикамыздың бар­лық өңірлерінде індетке қарсы іс-ша­ралардың жүйелі жүргізілуін ба­қылау, оның алдын алу және тиім­­ділігін­ көтеру үшін арнайы мони­то­рингтік топтар құрылғаны белгілі.

«Ала қойды бөле қырыққаны» несі?

Нақты айтқанда, қазіргі жағдайда бар сенім мен жауапкершілік аталған топ жетек­шілері мен мүшелеріне жүктелген. Осы орайда соңғы екі айда Орал өңірін­де КВИ-дің алдын алу мақсатында 242 мони­то­рингтік сипаттағы рейдтер өт­кізіліп, санитарлық-эпидемиялық талап­тардың бұзылуына жол берген бір­қатар нысан иелері әкімшілік жауап­кершілікке тартылыпты. Бұл – әрине қолдауға тұрарлық мәселе.

Әйтсе де осындай сыни сәттерде мониторингтік топ мүшелері таразы басын тең ұстамай, қазақы ұғымға салғанда «ала қойды бөле қырқуға» жол бергені Батыс Қазақстан облысында өткізілген індетке қарсы күрес жөніндегі штаб отырысында айтылып, аталған жайт жөнінде облыстық «Орал өңірі» газетінде «Мониторингтік топ жұмысына наразылық бар» деген тақырыпта көлемді материал жарияланды. Осы есептік мақалада газет тілшісі Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев мониторингтік топ жұмысына наразылық білдірушілер бар деп мәлімдегенін алға тартыпты. Облыс басшысы мұндай тоқтамға мониторингтік топтардың қызметіне қатысты әлеуметтік желіден түскен хабарламаны оқып, танысқаннан кейін келген екен.

Гәп мынада деуге болады. Бірқатар мониторингтік топтың мүшелері той өткізуге келісім беріп, жағдай жасаған кейбір мейрамхана иелерін бүркемелеп, керісінше екінші бір жағдайда өтіп жатқан басқосуды тоқтаттырып, айыппұл салдыратын көрінеді. Сөз жоқ, мұндай кезге тексеріске бірінші тап болған тойхана қожайындарының орынды өкпе-реніші мен наразылығы туындайды емес пе?

Штаб отырысында мониторингтік топтың үстінен әділетсіздікке және ала қойды бөлек қырқуға жол бергені жөніндегі хабарлама дәлелденсе, оның мүшелері, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер жұмысынан босайтыны жөнінде ұйғарым жасалған.

 

 

ОРАЛ