Елбасы • 03 Желтоқсан, 2020

Елдікке бастаған Елбасы идеясы

754 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент күнінде «Qazaqstan» ұлттық арнасында тарихы терең, тағылымы мол, киелі шаһар – Түркістан жайында сұхбат берді. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» деп аталған сұхбатта Елбасы Ұлы даладағы ұлы өзгерістерге негіз болған қалаға қатысты ойларымен бөлісті.

Елдікке бастаған Елбасы идеясы

Сұхбатты  жүргізуші «Qazaqstan» РТРК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Танысбай  Елбасыдан Түркістанды қайта түлету мәселесі мен бұл шешімнің негізі туралы сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен көне шаһардың тарихына тоқталып, рухани маңызы жайында баяндап бер­ді. «Тәуелсіз ел болдық. Оның ішін­де Мәңгілік ел боламыз деп айттық. Тәуелсіз, Мәңгілік елдің көрнекті, тарихи жері болуы керек. Біздегі ең көрнекті қала – Түркістан. Тоғыз жолдың торабында орналасып, Жібек жолының үстінде тұрғаннан кейін, меніңше, ол қалаға білетін қазақтың барлығы көңіл аударып, барып жүрді. Алайда Кеңес Одағы кезінде діни орталық деп көңіл бөлінбеді. Көшіп келген халық төңірегі­не жер үй салып, көнеріп, шаһардың түрі кетті.

Бұрынғы атауы Ясы болған ме­­кен тек кесенемен байланысты емес. Оның тарихы IV ғасырдан бас­талады. Жібек жолының бо­йын­дағы Батыс пен Шығыстың ор­та­сындағы қалаға халық жиі тоқ­­тап, сол жерде сауда-саттық жасап, демалған. Сондықтан біз кесененің жағдайына көңіл бө­ліп, тарихи ғимараттың бар­лы­ғын сақтауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ұлт тағдырына қатысты ма­ңыз­ды шешімдер қабылданған кеше­гі Қазақ хандығының бас қа­ла­сына қатысты сұхбатта Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті та­рихи қаланың құрылысы жө­нін­де  кеңінен әңгімеледі. Қала сыртындағы қамал, батысы мен шығысындағы қоршауы жайында сөз етті. «Жан-жағынан тұр­ғы­зылған қамалы бар қаланы бара-бара жоңғарлар басып алды. Мына жағында Хиуа, Қоқан хан­дықтары болды. 1864 жылы Ресей патшалығы жаулап алды. Патша­лық атқан зеңбіректердің ізі кесенеде әлі сақталған. XIV ға­с­ырда Есім хан Қазақ ханды­ғы­ның орталығы деп санады. Түр­кістандағы кесене маңына 21 хан, 57 батыр, билер жерленді. Сон­дықтан бұл мекен өзінен-өзі орта­лыққа айналды. Әрине, Ресей пат­шалығы жаулап алғаннан ке­йін ондай маңызынан айрылды», деді Елбасы.

Тұңғыш Президент ел астанасын таңдағанда Түркістанның да ойға келгенін айтты. Алайда елден жырақта орналасуы мен тиі­­сті ғимараттардың болмауынан таңдау түспеген. «Өздеріңіз біле­сіздер, Түркістанның 1500 жыл­дығын тойладық. Мереке ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Біраз көшесі мен үйін ретке кел­тір­дік, деді Елбасы. 

«Мен өңір тарихында ал­ғаш рет Теміртау қаласының с­а­лынуы­на кірістім. Теміртауда ком­би­нат­тың, партияның басшысы болып жүрген кезде Мәскеудің тапсырмасымен қаланы қайтадан құрып, жы­лына 80 мың шаршы метр үй, балабақша, мектеп, аурухана салып, қаланы көтергенбіз. Екінші үлкен құрылыс – елордамызды салу. Бұл енді батыл шешім болды. Оған бәрі бірдей келіскен жоқ. Қарсы болғандар да көп болды. Бірақ қазір сол шешімді бәрі дұрыс деп санайды. Аталған істі ат­қару барысында көп қиындық көр­дік, оны жұрт та біледі», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркіс­тан­ның тарихи келбетін сақтауға баса мән берілгенін атап өтті. «Әрине, Түркістанды жаңғыртқан кезде астананың құрылысы көз ал­дымда тұрды. Өзінің қазіргі кел­­беті де ұқсайды. Астанада Ақ­ор­дадан үлкен көше басталады. Түр­кістанда да облыс әкім­ді­гі ғи­маратынан үлкен көше жал­ға­сады. Екеуі екі жақта, әрине. Оны елордамен салыстыруға болмайды. Біз оның келбетін сақтап, елдің, жұрттың, туристердің баратын, тарихымызды паш ететін ор­талық ретінде қалдыруымыз керек», деді Елбасы.

Сұхбат жүргізуші  Тұңғыш Пре­зиденттен әлемдегі күрделі ке­зең­ге қарамастан, Түркістанның қай­та жаңғыруына қатысты атқа­ры­лып жатқан ауқымды жұ­мыс­тың оңтайлы нәтижелерін қа­ра­пайым тұрғындар қалай көріп, қашан сезінетінін сұрады. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселе елордамыз салынып жат­қан­­да да туындағанын айтып өт­ті. «Халықта «Ақша қайда жұм­сал­ды?» деген сұрақ болады. Бі­рақ астанамызға жұмсалған 1 тең­ге, қазір 3 теңге болып қай­тып жатыр. Түркістанға бі­рін­ші кезеңде 350 млрд теңге ақша жұмсалатын болды. Оның жар­­тысы, яғни 50 пайызын жеке кә­сіпкерлер салып жатыр. Бұл да бір үлкен қала болғаннан кейін бар­лы­ғы атсалысады. Былай қара­сақ, Түркістанның тұрған жері – қа­лың жұрттың ортасы», деп жауап бер­ді Н.Назарбаев.

Нұрсұлтан Әбішұлы қаладағы 160 нысанның тең жартысы салынып біткенін хабарлады. Елбасының айтуынша, кейінгі 2 жылдың ішінде аймақтағы кәсіпкерлік 11 есе өскен. Сонымен бірге ол жа­ңа­дан салынған ғимараттардың ша­­тыры Қожа Ахмет Ясауи ке­­­се­­­несінен биік болмайты­нын айтып өтті. Оған қоса ел аста­на­сының Түркістанға көш­уі мүм­кін деген қауесетке қа­тыс­ты ойын да білдірді. «Ондай әңгі­­мелердің негізі жоқ. Бірақ айту­­дың жөні бар. Әсіресе сол жақ­та тұратын, Түркістанның жағ­дайын білетін адамдар солай деп ойлайтын шығар. Аймақ тарихы тереңде, әрине. Қожа Ахмет Ясауи осында келіп, мұ­сылмандықты уағыздаған. Түр­кі дүниесінің мұсылман болуына ықпал етті. Сондықтан ха­лық сыйлайды, жақсы көреді. Әсі­ре­се, Түркиядағы бауырларымыз келгісі келеді, көргісі келеді. Сон­да­й негіздер болғаннан кейін, ел ас­танасына айналса деген ойлар бар шығар. Бірақ қазіргі астанамызды әрі қарай ұлғайтамыз. 200 мыңдай халқы бар бұрынғы Ақмола 1 млн 200 мың халқы бар алып шаһар болды. Нұр-Сұлтан деген атау берілді. Мен мұны өзім ұсынғам жоқ, бірақ қарсы да болғаным жоқ. Себебі астананың әрбір тасы менің нұсқауыммен, әрбір ғимарат менің қатысуыммен салынды» деп атап өткен Елбасы еліміздің бас қаласы одан әрі дамытылатынын, онда салынып жатқан Abu Dabi Plaza ғимаратының ең биік 340 метрлік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атайтынымызды жеткізді.

Н.Назарбаев ең үлкен мешіт­тің құ­ры­­лысы туралы да айтып өтті. Оның рухани құн­ды­лы­ғы­мен қоса туристік маңызы бар зәу­лім, әдемі ғимарат болатынын айтты.

Қазірдің өзінде Түркістанға 200 мыңдай адам барады. Биыл дүниежүзілік стандартқа сай әуе­жай салдырдық. Қандай үлкен ұш­ақ болса да қона алады. 3 млн-ға жуық қонақты қарсы алу мүмкіндігі туды. Соның арқа­сын­да «келемін» деп отырған түр­кі­тектес ағайындар қасиетті ме­кен­ге жететін болады. «Қазір көр­ші­лермен Түркістаннан Таш­кент­ке теміржол салу жө­нін­де сөйлесіп жатырмыз, оны да шешеміз. Сонда Самарқан, Бұқа­ра, Ташкент, Шымкент, Түр­кістан қалаларынан үлкен шең­бер жаса­лып, туристік жол ашылады. Біз­дің санағымыз бо­­­­йынша 2025-2030 жылға қарай Түркістанға 3,5 млн халық келуі керек», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлының айтуын­­ша, қазірдің өзінде Түр­кіс­тан­да бес жұлдызды екі қо­­нақ­үй салынды. Ұзындығы бір шақырым болатын «Керуен сарай» ашылады, оның ішінде қонақүйлер, сауда-саттық орындары, басқа да мәдени нысандар болады. Сол кезде Түркістан бая­ғы­дай туризм мен халық ке­ле­тін орталық болады. 

Елбасы атап өткен «Керуен сарай» көпфункциялы туристік кешені түркі дүниесін ғана емес, әлем назарын аударатын жобаға айналмақ. Жоба алдағы көктемде пайдалануға берілуі тиіс. Қазақ­стан, Еуропа және Орталық Азия мәдениетін ұштастыратын жоба көне шаһар үлгісі негізінде са­лын­­­ған және онда заманауи қо­нақ­­үй­лер, Шығыс базары, мей­рам­ханалар және жасанды көл бо­лады.

«Түркістанды көтеру – хал­қы­мыз үшін қасиетті мәсе­ле, біздің парызымыз. Бұл көне, тарихы тереңде жатқан қа­ла­ларымыздың бірі», деген Елбасы Ресейдің Мәс­кеуден басқа Санкт-Петер­бур­гі, Түр­кияның Ан­ка­ра­дан басқа Ыс­танбұлы бар еке­ніне тоқ­тал­­ды. Бізде Алма­ты­ға қоса Түр­кістанымыз да болатынын, осылай-осылай ел өркендейтінін айтты. Абылайдың  «қала сала алмадым, елге жер емізе алмадым, қазақтың басын қоса алмадым» деген үш арманын орын­дап жат­қанымызды атап көр­сетті.

Осы орайда сұхбатта айтыл­ғандай, 2018 жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метр болды. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,1 млн шаршы метрге жетуі керек. 2035 жылы 9,8 млн шаршы метр­­­­ге дейін жетеді деп күтілуде.

Елбасы сұхбатта «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ла­­сының маңызы мен міндетіне де тоқталып өтті. «Біз қазір бас­қа өмірге келдік. Бұрынғы өмір­де коммунистік идеямен жүр­дік. Біздің үлкендеріміз, менің буы­ным сол идеямен жүрді. Енді өзгеруіміз керек. Жаңа заман келді. Экономика өзгерді. Түсі­нік өзгерді. Қазіргі жастар басқаша. Біздей емес. Он бес­те­гі балалардың білімі бізден көп. Себебі олар интернеттен дүние­нің барлығын көреді, біледі. Сон­дық­тан «Рухани жаңғыру» деген тек осы заманға бейімделу ғана емес, осы арқылы өсіп, өркендеу мәселесі. Сондықтан бұл өте қа­жет­ті, үлкен мағынасы бар, әлі талай жұмыс жүргізетін мәселе. Оған Түркістанның салынуы да тура келеді. Халықтың тарихты білуі үшін ел оңтүстігінен салынып жатқан Түркістан – сол бағдарламаның бір саласы», деді Елбасы.

Күлтөбесінде билеріміздің, Ордабасыда үш жүздің басы қо­сыл­ған киелі мекен тұр­ғы­сын­дағы сұхбатта Елбасы бүгінгі пан­­демия туралы да сөз етті. «Біз­­дің қазіргі заманда ғалымдар, сарапшылар «барлығын білеміз, бәрін де игереміз» деп ойлайды. Бірақ ешкім осындай вирус келеді деп ойлаған жоқ. Таби­ғат­тың құбылысымен бір жерден шықты. Әлі де болуы мүмкін. Сондықтан адам бәрін игерді, барлығын білді деп айтуға болмайды. Жастарға ылғи айтып келемін. Қазіргі айтарым, мен бүкіл өмірімді Қазақстанның тәуелсіздігіне сарп етіп келе жатырмын. Кеңес өкіметі кезінде 5 жыл Қазақстанның үкіметін басқардым. 30 жыл Президент болдым. 35 жыл бойы тынбай, күндіз-түні осы жұмысты істеп келе жатырмыз. Еліміздің, қа­зақтың, ата-бабамыздың арманы – Тәуелсіздік. Қолымызға кел­ді. Тәуелсіздік болмаса біз­дің ті­лі­міз, дініміз болмайды. Тәуелсіздік бол­маса бізді басқалар бас­қа­рады. Тәуелсіздікті сақтау жас­тар­­дың жадында болуы керек. Қанша айтсақ та, қазақ халқы – аз халық. Қолымнан келгенше шекараны шегендеп, жан-жа­ғы­мыздағы алпауыт елдермен достық қарым-қатынас орнаттым. Қазір Қазақстанның жауы жоқ. Дегенмен заман өзгереді, ел ауысады. Алда не боларын біл­­мейміз. Тәуелсіздікті сақтау ма­­ңызды екенін ұмытпау керек», деді Елбасы.

Тұңғыш Президент сұхбат соңында өзгеріп жатқан заманға, жастарға қатысты ойымен де бөлісті. «Әрбір 10-20 жылда заман зымырап өзгеріп бара жатыр. Әсіресе ғылым мен технология саласы тұрақты емес. Қазіргі алған білімің 10 жылдан кейін керек бола ма, болмай ма?! Университетте игерген маман­дық 10 жылдан кейін керек пе, керек емес пе? Қазіргі сарап­та­ма бойынша әрбір 10 жылда мамандық өзгеріп тұрады. Қа­зір­гі мамандықтар жоғалады, орнына жаңалары келеді. Не істеу керек? Соған бейімделуіміз керек. Жастар бейім болуы үшін негізгі, қажет білімге орын беру керек. Тәуелсіз елде туған, қазір 30-ға келген азаматтарымыз мүл­де басқа қазақ, басқа жұрт, бас­қа қазақстандықтар. Бізге ұқса­май­ды. Мен неліктен жастары­мызды шетелде оқыттым? Мына жерде неге Назарбаев Университетін салдым. Не үшін дарынды жас­тар­ға арналған мектептер аштым? Солардың ішінен ел бастайтын талантты, білімді жас­тар көбірек шықса, келешегіміз баян­ды болады», деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024