Сұхбатты жүргізуші «Qazaqstan» РТРК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Танысбай Елбасыдан Түркістанды қайта түлету мәселесі мен бұл шешімнің негізі туралы сұрады. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен көне шаһардың тарихына тоқталып, рухани маңызы жайында баяндап берді. «Тәуелсіз ел болдық. Оның ішінде Мәңгілік ел боламыз деп айттық. Тәуелсіз, Мәңгілік елдің көрнекті, тарихи жері болуы керек. Біздегі ең көрнекті қала – Түркістан. Тоғыз жолдың торабында орналасып, Жібек жолының үстінде тұрғаннан кейін, меніңше, ол қалаға білетін қазақтың барлығы көңіл аударып, барып жүрді. Алайда Кеңес Одағы кезінде діни орталық деп көңіл бөлінбеді. Көшіп келген халық төңірегіне жер үй салып, көнеріп, шаһардың түрі кетті.
Бұрынғы атауы Ясы болған мекен тек кесенемен байланысты емес. Оның тарихы IV ғасырдан басталады. Жібек жолының бойындағы Батыс пен Шығыстың ортасындағы қалаға халық жиі тоқтап, сол жерде сауда-саттық жасап, демалған. Сондықтан біз кесененің жағдайына көңіл бөліп, тарихи ғимараттың барлығын сақтауымыз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлт тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған кешегі Қазақ хандығының бас қаласына қатысты сұхбатта Қазақстанның Тұңғыш Президенті тарихи қаланың құрылысы жөнінде кеңінен әңгімеледі. Қала сыртындағы қамал, батысы мен шығысындағы қоршауы жайында сөз етті. «Жан-жағынан тұрғызылған қамалы бар қаланы бара-бара жоңғарлар басып алды. Мына жағында Хиуа, Қоқан хандықтары болды. 1864 жылы Ресей патшалығы жаулап алды. Патшалық атқан зеңбіректердің ізі кесенеде әлі сақталған. XIV ғасырда Есім хан Қазақ хандығының орталығы деп санады. Түркістандағы кесене маңына 21 хан, 57 батыр, билер жерленді. Сондықтан бұл мекен өзінен-өзі орталыққа айналды. Әрине, Ресей патшалығы жаулап алғаннан кейін ондай маңызынан айрылды», деді Елбасы.
Тұңғыш Президент ел астанасын таңдағанда Түркістанның да ойға келгенін айтты. Алайда елден жырақта орналасуы мен тиісті ғимараттардың болмауынан таңдау түспеген. «Өздеріңіз білесіздер, Түркістанның 1500 жылдығын тойладық. Мереке ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Біраз көшесі мен үйін ретке келтірдік, деді Елбасы.
«Мен өңір тарихында алғаш рет Теміртау қаласының салынуына кірістім. Теміртауда комбинаттың, партияның басшысы болып жүрген кезде Мәскеудің тапсырмасымен қаланы қайтадан құрып, жылына 80 мың шаршы метр үй, балабақша, мектеп, аурухана салып, қаланы көтергенбіз. Екінші үлкен құрылыс – елордамызды салу. Бұл енді батыл шешім болды. Оған бәрі бірдей келіскен жоқ. Қарсы болғандар да көп болды. Бірақ қазір сол шешімді бәрі дұрыс деп санайды. Аталған істі атқару барысында көп қиындық көрдік, оны жұрт та біледі», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның тарихи келбетін сақтауға баса мән берілгенін атап өтті. «Әрине, Түркістанды жаңғыртқан кезде астананың құрылысы көз алдымда тұрды. Өзінің қазіргі келбеті де ұқсайды. Астанада Ақордадан үлкен көше басталады. Түркістанда да облыс әкімдігі ғимаратынан үлкен көше жалғасады. Екеуі екі жақта, әрине. Оны елордамен салыстыруға болмайды. Біз оның келбетін сақтап, елдің, жұрттың, туристердің баратын, тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз керек», деді Елбасы.
Сұхбат жүргізуші Тұңғыш Президенттен әлемдегі күрделі кезеңге қарамастан, Түркістанның қайта жаңғыруына қатысты атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың оңтайлы нәтижелерін қарапайым тұрғындар қалай көріп, қашан сезінетінін сұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселе елордамыз салынып жатқанда да туындағанын айтып өтті. «Халықта «Ақша қайда жұмсалды?» деген сұрақ болады. Бірақ астанамызға жұмсалған 1 теңге, қазір 3 теңге болып қайтып жатыр. Түркістанға бірінші кезеңде 350 млрд теңге ақша жұмсалатын болды. Оның жартысы, яғни 50 пайызын жеке кәсіпкерлер салып жатыр. Бұл да бір үлкен қала болғаннан кейін барлығы атсалысады. Былай қарасақ, Түркістанның тұрған жері – қалың жұрттың ортасы», деп жауап берді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Әбішұлы қаладағы 160 нысанның тең жартысы салынып біткенін хабарлады. Елбасының айтуынша, кейінгі 2 жылдың ішінде аймақтағы кәсіпкерлік 11 есе өскен. Сонымен бірге ол жаңадан салынған ғимараттардың шатыры Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмайтынын айтып өтті. Оған қоса ел астанасының Түркістанға көшуі мүмкін деген қауесетке қатысты ойын да білдірді. «Ондай әңгімелердің негізі жоқ. Бірақ айтудың жөні бар. Әсіресе сол жақта тұратын, Түркістанның жағдайын білетін адамдар солай деп ойлайтын шығар. Аймақ тарихы тереңде, әрине. Қожа Ахмет Ясауи осында келіп, мұсылмандықты уағыздаған. Түркі дүниесінің мұсылман болуына ықпал етті. Сондықтан халық сыйлайды, жақсы көреді. Әсіресе, Түркиядағы бауырларымыз келгісі келеді, көргісі келеді. Сондай негіздер болғаннан кейін, ел астанасына айналса деген ойлар бар шығар. Бірақ қазіргі астанамызды әрі қарай ұлғайтамыз. 200 мыңдай халқы бар бұрынғы Ақмола 1 млн 200 мың халқы бар алып шаһар болды. Нұр-Сұлтан деген атау берілді. Мен мұны өзім ұсынғам жоқ, бірақ қарсы да болғаным жоқ. Себебі астананың әрбір тасы менің нұсқауыммен, әрбір ғимарат менің қатысуыммен салынды» деп атап өткен Елбасы еліміздің бас қаласы одан әрі дамытылатынын, онда салынып жатқан Abu Dabi Plaza ғимаратының ең биік 340 метрлік мұнарасын «Қазақстан мұнарасы» деп атайтынымызды жеткізді.
Н.Назарбаев ең үлкен мешіттің құрылысы туралы да айтып өтті. Оның рухани құндылығымен қоса туристік маңызы бар зәулім, әдемі ғимарат болатынын айтты.
Қазірдің өзінде Түркістанға 200 мыңдай адам барады. Биыл дүниежүзілік стандартқа сай әуежай салдырдық. Қандай үлкен ұшақ болса да қона алады. 3 млн-ға жуық қонақты қарсы алу мүмкіндігі туды. Соның арқасында «келемін» деп отырған түркітектес ағайындар қасиетті мекенге жететін болады. «Қазір көршілермен Түркістаннан Ташкентке теміржол салу жөнінде сөйлесіп жатырмыз, оны да шешеміз. Сонда Самарқан, Бұқара, Ташкент, Шымкент, Түркістан қалаларынан үлкен шеңбер жасалып, туристік жол ашылады. Біздің санағымыз бойынша 2025-2030 жылға қарай Түркістанға 3,5 млн халық келуі керек», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, қазірдің өзінде Түркістанда бес жұлдызды екі қонақүй салынды. Ұзындығы бір шақырым болатын «Керуен сарай» ашылады, оның ішінде қонақүйлер, сауда-саттық орындары, басқа да мәдени нысандар болады. Сол кезде Түркістан баяғыдай туризм мен халық келетін орталық болады.
Елбасы атап өткен «Керуен сарай» көпфункциялы туристік кешені түркі дүниесін ғана емес, әлем назарын аударатын жобаға айналмақ. Жоба алдағы көктемде пайдалануға берілуі тиіс. Қазақстан, Еуропа және Орталық Азия мәдениетін ұштастыратын жоба көне шаһар үлгісі негізінде салынған және онда заманауи қонақүйлер, Шығыс базары, мейрамханалар және жасанды көл болады.
«Түркістанды көтеру – халқымыз үшін қасиетті мәселе, біздің парызымыз. Бұл көне, тарихы тереңде жатқан қалаларымыздың бірі», деген Елбасы Ресейдің Мәскеуден басқа Санкт-Петербургі, Түркияның Анкарадан басқа Ыстанбұлы бар екеніне тоқталды. Бізде Алматыға қоса Түркістанымыз да болатынын, осылай-осылай ел өркендейтінін айтты. Абылайдың «қала сала алмадым, елге жер емізе алмадым, қазақтың басын қоса алмадым» деген үш арманын орындап жатқанымызды атап көрсетті.
Осы орайда сұхбатта айтылғандай, 2018 жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метр болды. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,1 млн шаршы метрге жетуі керек. 2035 жылы 9,8 млн шаршы метрге дейін жетеді деп күтілуде.
Елбасы сұхбатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңызы мен міндетіне де тоқталып өтті. «Біз қазір басқа өмірге келдік. Бұрынғы өмірде коммунистік идеямен жүрдік. Біздің үлкендеріміз, менің буыным сол идеямен жүрді. Енді өзгеруіміз керек. Жаңа заман келді. Экономика өзгерді. Түсінік өзгерді. Қазіргі жастар басқаша. Біздей емес. Он бестегі балалардың білімі бізден көп. Себебі олар интернеттен дүниенің барлығын көреді, біледі. Сондықтан «Рухани жаңғыру» деген тек осы заманға бейімделу ғана емес, осы арқылы өсіп, өркендеу мәселесі. Сондықтан бұл өте қажетті, үлкен мағынасы бар, әлі талай жұмыс жүргізетін мәселе. Оған Түркістанның салынуы да тура келеді. Халықтың тарихты білуі үшін ел оңтүстігінен салынып жатқан Түркістан – сол бағдарламаның бір саласы», деді Елбасы.
Күлтөбесінде билеріміздің, Ордабасыда үш жүздің басы қосылған киелі мекен тұрғысындағы сұхбатта Елбасы бүгінгі пандемия туралы да сөз етті. «Біздің қазіргі заманда ғалымдар, сарапшылар «барлығын білеміз, бәрін де игереміз» деп ойлайды. Бірақ ешкім осындай вирус келеді деп ойлаған жоқ. Табиғаттың құбылысымен бір жерден шықты. Әлі де болуы мүмкін. Сондықтан адам бәрін игерді, барлығын білді деп айтуға болмайды. Жастарға ылғи айтып келемін. Қазіргі айтарым, мен бүкіл өмірімді Қазақстанның тәуелсіздігіне сарп етіп келе жатырмын. Кеңес өкіметі кезінде 5 жыл Қазақстанның үкіметін басқардым. 30 жыл Президент болдым. 35 жыл бойы тынбай, күндіз-түні осы жұмысты істеп келе жатырмыз. Еліміздің, қазақтың, ата-бабамыздың арманы – Тәуелсіздік. Қолымызға келді. Тәуелсіздік болмаса біздің тіліміз, дініміз болмайды. Тәуелсіздік болмаса бізді басқалар басқарады. Тәуелсіздікті сақтау жастардың жадында болуы керек. Қанша айтсақ та, қазақ халқы – аз халық. Қолымнан келгенше шекараны шегендеп, жан-жағымыздағы алпауыт елдермен достық қарым-қатынас орнаттым. Қазір Қазақстанның жауы жоқ. Дегенмен заман өзгереді, ел ауысады. Алда не боларын білмейміз. Тәуелсіздікті сақтау маңызды екенін ұмытпау керек», деді Елбасы.
Тұңғыш Президент сұхбат соңында өзгеріп жатқан заманға, жастарға қатысты ойымен де бөлісті. «Әрбір 10-20 жылда заман зымырап өзгеріп бара жатыр. Әсіресе ғылым мен технология саласы тұрақты емес. Қазіргі алған білімің 10 жылдан кейін керек бола ма, болмай ма?! Университетте игерген мамандық 10 жылдан кейін керек пе, керек емес пе? Қазіргі сараптама бойынша әрбір 10 жылда мамандық өзгеріп тұрады. Қазіргі мамандықтар жоғалады, орнына жаңалары келеді. Не істеу керек? Соған бейімделуіміз керек. Жастар бейім болуы үшін негізгі, қажет білімге орын беру керек. Тәуелсіз елде туған, қазір 30-ға келген азаматтарымыз мүлде басқа қазақ, басқа жұрт, басқа қазақстандықтар. Бізге ұқсамайды. Мен неліктен жастарымызды шетелде оқыттым? Мына жерде неге Назарбаев Университетін салдым. Не үшін дарынды жастарға арналған мектептер аштым? Солардың ішінен ел бастайтын талантты, білімді жастар көбірек шықса, келешегіміз баянды болады», деп түйіндеді сөзін Елбасы.