Саясат • 09 Желтоқсан, 2020

Үшінші сектордағы үлесіміз неге аз?

515 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Қарағандының жаңа әкімі үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, онлайн кездесу өткізді. Сонда байқағаным, бұл секторда жер­гі­лікті ұлт өкілдерінің үлесі мүлде аз екен.

Үшінші сектордағы үлесіміз неге аз?

Заңды жолмен бірігіп, бір-бір үкіметтік емес ұйымдар құрып, бөлінетін гранттарды игеріп жүрген  өзге азаматтардың қызметіне кісі қызығады. Қала, облыс, орталық, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы және халықара­лық ұйымдар беретін гранттарымен өз­дерінің ұлттық, мәдени мүд­делеріне жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауда.

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе­лерге қарасақ, көбісі қазақтар­мен байланысты, найзаның ұшы бізге тиюде... Бұл – жасөспірімдер арасындағы суицид, қаржы пирамидалары, қазақ тілінің жайы, экология және басқалары. Өкініштісі сол, бұл мемлекеттік емес алаңқайда өз мүдделерімізді қорғайтын, жастарға, көп балалы аналарымызға, мүге­дектерімізге, ауылдарға дейін жетіп, көмек жасай алатын үкіметтік емес ұйымдар тіптен аз.

Күнделікті осы мәселелермен өзіміз айналыспасақ, бұл шаруаларды бізге қалада отыз жылдай жұмыс істеген, май шелпектей гранттарға шылқыған, жылдан-жылға қомақты қаржы алып, көмегі өз ішінен артылмайтын үкіметтік емес ұйымдар істеп бере ме?

Мемлекеттік органдарды жиі сынға аламыз. Ананы жасамайды, мына жерде дұрыс істемеді дегендей. Бірақ мемлекеттің қолы қазір әр жұмысқа жете бермейді. Өзі тіке­лей істей алмайтын көптеген істерді арнайы тапсырма беріп, грант бөліп, осы үкіметтік емес ұйым­дарға жүктейді. Мысалы, биыл осы мәселелерге Қарағанды қаласының әкімдігі 100 миллионға жуық теңге (!) бөлген екен. Кім алып жатыр сонда бұл ақшаны?

Өткенде теледидарды қарап отырсам, қаламызда бір топ мүгедек бала­­ларға көмек көрсетіліп жатыр екен. Балалардың көбісі жақ­сы киін­ген, шетелдің жаңа, жалтыраған арбаларында отыр. Барлығы да басқа ұлттың өкілі, ішінде бір қазақ көре алмадым. Тағы қайталап айту­ға тура келеді: мен өзге ұлт бала­ларының сондай жақсы жағдайда болғандарына қарсы емеспін. Бірақ өз қаракөздерімізге де сондай қызметтің жасалуын қалаймын. Яғни біздің төлеген салықтарымыздан жиналған ақшаның бір бөлігі – гранттар арқылы ауылдардағы мүгедек балаларға да судай жаңа арба болып жеткенін қалаймын. Сондықтан тез арада, көп сөз, уәдеден шаршаған қазаққа, сол істерді ұйымдастыра алатын өзімізден шыққан қабілетті азаматтарымыз болса дейсің. Мемлекеттік органдардың тапсырыстарын жеңіп ала алатын, елшіліктерге барып гранттар туралы әңгіме құра алатын, жоғары деңгейдегі сауатты, бірнеше тіл білетін орта буын өкілдері мен жастар керек. Экология, балалар мәселелері, мүгедек топтарға, қазақ дәстүрлерін дамытуға және басқа да жүздеген мәселеге бағытталған үкі­меттік емес ұйымдар құрып, өзімізге және қазақ қоғамына жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін білуге құштар, кәсіби дәрежесі төмен болса да үй­ре­нуге бейілді азаматтар ауадай қажет.

Жүз миллион теңге тек қалалық әкім­дік бөлген қаржы, ал одан басқа облыс және орталықтан бөлінетін қаражат қаншама? Сонда деңгейіміз, біліміміз жетпей ме екен осындай істер атқаратын? Біздің шетелден оқуын тәмамдап келген жастарымыз, жергілікті оқу орындарын бітір­ген озаттарымыз, университет оқытушылары және белсенді аза­маттық позициясы бар азаматтарымыз не істеп жүр?

Неге қазақ тілінде қызмет көрсе­тетін үкіметтік емес ұйымдар аз және кәсіби дәрежесі төмен? Қазақ­тар­дың ең көп ашқан үкіметтік емес ұйымдары аталарына ескерткіш құ­руға арналған қорлар екен. Көбі жұ­мыс істей алмаған, жауып тастауға да шамалары жоқ. Ұялатын жағдай.

Қаламызда білімі жоғары, қажыр­лы, әлеуметтік ортада қазақ мүддесін қор­ғай алатын, мықты азаматтық позицияға ие азаматтар бар. Бірақ олар аз және көбі қоғамға бұрыннан белгілі адамдар. Жаңалары, орта жастағылар, жастар жоқтың қасы. Яғни мұндай жұ­мыстарды істей алатындар – жа­уап­­кершілік пен іскерліктің келе­сі сатысына шыққан, азаматтық пози­цияға ие, қазақтың мүддесін бел­сенді қорғап, үкіметтік емес ұй­ым­дар құрып әрекет ете алатын, де­­мократиялық принциптерге ие жа­ңа­ша ойлайтын буын.

Қазір мемлекетке кінә тағушылар көп, жастарға жеткілікті жағдай жасалмайды, мүмкіндіктер берілмейді деген пікірлер айтылады. Мүмкін бұл сын да орынды шығар. Бірақ бұл өмірдің шындығы – ешкім ештеңені әкеліп аузыңа салмайды. Өзің үй­ренуің керек. Яғни бұл іске де адам­дарды даярлаудың өзі осы ба­ғыт­та әрекет етер қазақтілді үкі­меттік емес ұйымның құрылуына бай­ла­нысты болатын шығар. Ұйым­ды қалай ашу, оның жұмыс істеуі, грант­тар­ды ұтып алу туралы тренингтер ұйымдастыру күн тәртібінде өткір тұр.

Шынайы, толыққанды демо­кра­тиялық, азаматтық қоғамның қалып­та­суына мүдделілік таныт­сақ, бұл де­геніңіз үкіметтік емес ұйымдармен жұ­мыс істеуді үйренуіміз керек деген сөз. Керек десеңіз әр ауылда ҮЕҰ-ның бір-екеуі ашылуы қажет. Себебі бө­лі­нетін гранттарды алуға ауылдың да құқы бар, өйткені ол әр азаматтың тө­лей­тін салықтарынан бөлінетін қаражат.

Азаматтық секторда жұмыс істей­тіндер өзін-өзі ынталандыра алатын, біреуден көмек күтпей, өз істері­мен қоғамды алға сүйрейтін көшбас­шылық қабілетке ие нағыз тұлға адамдар. Олар сөзбен емес, ісімен артына жақсы із қалдырады. Қазақ елі, келешек ұрпақ, бостандық пен демократия үшін сондай азаматтардың қатары көбейсе деп тілейсің.

 

Бейбіт КҮЛМАҒАМБЕТ,

қоғам белсендісі

 

ҚАРАҒАНДЫ