Заңды жолмен бірігіп, бір-бір үкіметтік емес ұйымдар құрып, бөлінетін гранттарды игеріп жүрген өзге азаматтардың қызметіне кісі қызығады. Қала, облыс, орталық, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және халықаралық ұйымдар беретін гранттарымен өздерінің ұлттық, мәдени мүдделеріне жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауда.
Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге қарасақ, көбісі қазақтармен байланысты, найзаның ұшы бізге тиюде... Бұл – жасөспірімдер арасындағы суицид, қаржы пирамидалары, қазақ тілінің жайы, экология және басқалары. Өкініштісі сол, бұл мемлекеттік емес алаңқайда өз мүдделерімізді қорғайтын, жастарға, көп балалы аналарымызға, мүгедектерімізге, ауылдарға дейін жетіп, көмек жасай алатын үкіметтік емес ұйымдар тіптен аз.
Күнделікті осы мәселелермен өзіміз айналыспасақ, бұл шаруаларды бізге қалада отыз жылдай жұмыс істеген, май шелпектей гранттарға шылқыған, жылдан-жылға қомақты қаржы алып, көмегі өз ішінен артылмайтын үкіметтік емес ұйымдар істеп бере ме?
Мемлекеттік органдарды жиі сынға аламыз. Ананы жасамайды, мына жерде дұрыс істемеді дегендей. Бірақ мемлекеттің қолы қазір әр жұмысқа жете бермейді. Өзі тікелей істей алмайтын көптеген істерді арнайы тапсырма беріп, грант бөліп, осы үкіметтік емес ұйымдарға жүктейді. Мысалы, биыл осы мәселелерге Қарағанды қаласының әкімдігі 100 миллионға жуық теңге (!) бөлген екен. Кім алып жатыр сонда бұл ақшаны?
Өткенде теледидарды қарап отырсам, қаламызда бір топ мүгедек балаларға көмек көрсетіліп жатыр екен. Балалардың көбісі жақсы киінген, шетелдің жаңа, жалтыраған арбаларында отыр. Барлығы да басқа ұлттың өкілі, ішінде бір қазақ көре алмадым. Тағы қайталап айтуға тура келеді: мен өзге ұлт балаларының сондай жақсы жағдайда болғандарына қарсы емеспін. Бірақ өз қаракөздерімізге де сондай қызметтің жасалуын қалаймын. Яғни біздің төлеген салықтарымыздан жиналған ақшаның бір бөлігі – гранттар арқылы ауылдардағы мүгедек балаларға да судай жаңа арба болып жеткенін қалаймын. Сондықтан тез арада, көп сөз, уәдеден шаршаған қазаққа, сол істерді ұйымдастыра алатын өзімізден шыққан қабілетті азаматтарымыз болса дейсің. Мемлекеттік органдардың тапсырыстарын жеңіп ала алатын, елшіліктерге барып гранттар туралы әңгіме құра алатын, жоғары деңгейдегі сауатты, бірнеше тіл білетін орта буын өкілдері мен жастар керек. Экология, балалар мәселелері, мүгедек топтарға, қазақ дәстүрлерін дамытуға және басқа да жүздеген мәселеге бағытталған үкіметтік емес ұйымдар құрып, өзімізге және қазақ қоғамына жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін білуге құштар, кәсіби дәрежесі төмен болса да үйренуге бейілді азаматтар ауадай қажет.
Жүз миллион теңге тек қалалық әкімдік бөлген қаржы, ал одан басқа облыс және орталықтан бөлінетін қаражат қаншама? Сонда деңгейіміз, біліміміз жетпей ме екен осындай істер атқаратын? Біздің шетелден оқуын тәмамдап келген жастарымыз, жергілікті оқу орындарын бітірген озаттарымыз, университет оқытушылары және белсенді азаматтық позициясы бар азаматтарымыз не істеп жүр?
Неге қазақ тілінде қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдар аз және кәсіби дәрежесі төмен? Қазақтардың ең көп ашқан үкіметтік емес ұйымдары аталарына ескерткіш құруға арналған қорлар екен. Көбі жұмыс істей алмаған, жауып тастауға да шамалары жоқ. Ұялатын жағдай.
Қаламызда білімі жоғары, қажырлы, әлеуметтік ортада қазақ мүддесін қорғай алатын, мықты азаматтық позицияға ие азаматтар бар. Бірақ олар аз және көбі қоғамға бұрыннан белгілі адамдар. Жаңалары, орта жастағылар, жастар жоқтың қасы. Яғни мұндай жұмыстарды істей алатындар – жауапкершілік пен іскерліктің келесі сатысына шыққан, азаматтық позицияға ие, қазақтың мүддесін белсенді қорғап, үкіметтік емес ұйымдар құрып әрекет ете алатын, демократиялық принциптерге ие жаңаша ойлайтын буын.
Қазір мемлекетке кінә тағушылар көп, жастарға жеткілікті жағдай жасалмайды, мүмкіндіктер берілмейді деген пікірлер айтылады. Мүмкін бұл сын да орынды шығар. Бірақ бұл өмірдің шындығы – ешкім ештеңені әкеліп аузыңа салмайды. Өзің үйренуің керек. Яғни бұл іске де адамдарды даярлаудың өзі осы бағытта әрекет етер қазақтілді үкіметтік емес ұйымның құрылуына байланысты болатын шығар. Ұйымды қалай ашу, оның жұмыс істеуі, гранттарды ұтып алу туралы тренингтер ұйымдастыру күн тәртібінде өткір тұр.
Шынайы, толыққанды демократиялық, азаматтық қоғамның қалыптасуына мүдделілік танытсақ, бұл дегеніңіз үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуді үйренуіміз керек деген сөз. Керек десеңіз әр ауылда ҮЕҰ-ның бір-екеуі ашылуы қажет. Себебі бөлінетін гранттарды алуға ауылдың да құқы бар, өйткені ол әр азаматтың төлейтін салықтарынан бөлінетін қаражат.
Азаматтық секторда жұмыс істейтіндер өзін-өзі ынталандыра алатын, біреуден көмек күтпей, өз істерімен қоғамды алға сүйрейтін көшбасшылық қабілетке ие нағыз тұлға адамдар. Олар сөзбен емес, ісімен артына жақсы із қалдырады. Қазақ елі, келешек ұрпақ, бостандық пен демократия үшін сондай азаматтардың қатары көбейсе деп тілейсің.
Бейбіт КҮЛМАҒАМБЕТ,
қоғам белсендісі
ҚАРАҒАНДЫ