Алматы • Бүгін, 12:21

«Қазақтың отбасы фольклоры» түрік тілінде жарық көрді

28 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Анкара қаласында орналасқан президенттік ұлттық кітапханада «Turktav» түркі тарихы және мәдениеті қоры, «KÖK TUĞ» қазақ мәдениеті қауымдастығының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» еңбегі «Kazak aile folkloru» атауымен түрік тілінде жарық көрді.

«Қазақтың отбасы фольклоры» түрік тілінде жарық көрді

Тұсаукесер рәсімінде Түркия президенттік ұлттық кітапханасының директоры Айхан Туглу, Түркия республикасындағы елшілігінің атташесі Дінмұхамед Өмірәлі, Түркология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, кітапты түрік тіліне аударған Халил Четин, «KOK TUĞ» қазақ мәдениеті қауымдастығының басшысы Қарагөз Ахметова арнайы сөз алып, Кенжехан Ісләмжанұлын құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Шараны «Turktav» түркі тарихы және мәдениеті қорының вице-президенті Асель Лақаева жүргізді.

Кенжехан Ісләмжанұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бауырлас елдер халқына ыстық сәлемін жолдап: «Тарихы, тағдыры тоғысқан, түбі бір бауырлас Түркия мен Қазақстан елдерінің арасындағы әдеби-мәдени байланыстар нығайып, ынтымақ-бірлігі арта берсін», деді.

Іс-шараға Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Хаджеттепе университеті фольклортану бөлімінің профессоры Озгуль Чобаноглу, «Turktav» түркі тарихы және мәдениеті қорының президенті Низаметтин Айкурт, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы Нұр Мағазбеков және Хаджеттепе, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушылары, әдебиеттанушылар, тарихшылар қатысты.

Түрік тіліне аударылған еңбек «Тақырыптың тарихнамасы», «Жанр табиғаты», «Әлпештеу фольклоры», «Үйлену фольклоры», «Азалау фольклоры», «Тарихи поэтика мәселелері» тарауларынан тұрады.

 

Алматы