Жәдігер • Бүгін, 08:50

Абылай заманынан қалған көрік

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауылда атақты Шоң бидің атасы Төле­бай батырдың ХVІІ ғасырда ұстаған көрігі сақталған. Жоңғар шапқын­шылығы кезінде бұл көріктің көмегімен қазақ жасақтарына қажетті мылтық, қылыш, оқ-дәрі дайын­дау үшін темір қоры­тылған.

Абылай заманынан қалған көрік

Суретті түсірген – Алтынбек Құрманов

Тарихи деректерге сүйен­сек, Төлебай батыр ХVІІ ғасырда өмір сүрген, атақты Едіге бидің әкесі. Төлебай аты шыққан батырлығымен қоса, ел-жұртына ұсталықпен танылған. Негізгі қаңқасы ағаштан, үрме терісі түйенің қом терісінен жасалған көне жәдігерді Төлебай батырдың өзі ұстаған екен. Жәдігер әлі күнге істен шықпаған күйі сақталып тұр.

– Төлебай Жанғозыұлы деген атамыз заманында темірді өз қолымен қорытып, шиті мылтық, зеңбірек соққан. Темір қорыту қазақ даласында басталғаны мәлім. Бұл көрік – өркениеттің белгісі. Ерте кезде темірші ұсталар отты лаулатып жағу үшін осы құралмен ауық-ауық үрлеп отырған. Кө­ріктің ішіне ауа жиналып, оны басқан кезде арнайы түтік арқылы отқа бағытталады. Қатты үрленген ауаның әсерімен көмір маздап жанып, темірді соғуға болатындай жоғары температураға жеткен, – дейді туризм саласының үздігі, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов.

Бұл көрік атадан балаға бе­ріліп, төрт ғасырға дейін өзінің қажеттілігін жоғалтпай келген. Алтынбек ағаның атасы Құрман Әмірұлы да ұсталығымен танылып, кеңес өкіметі кезінде колхоз-совхоздарда ұста болған. Ат тағалап, соқа жөндеген, пышақ пен балта соққан. Қазақ арасында ұсталардың көбі көшіп-қонуға ыңғайлы, жиналмалы көріктерді пайдаланғаны мәлім. Төлебай ата ұрпақтарында жиналмалы көрік те бар көрінеді. Ал қару-жарақ соғатын мынау көрік көбіне үлкен ұстаханаларда ұсталған.

«Бұл көрікті әкем Жұмат Құр­манұлы да ұзақ жылдар пайдаланды. Інім Қылышбектің ұсталық өнері бар. Жуықта інім көріктің әбден кеуіп қалған үрме терісін жылқының терісін илетіп қайтадан қаптады. Қазіргі уақытта қыстақтағы ұсталыққа орнатылып, толыққанды жұмыс істеп тұр. Керек-жарақтың барлығын осы көрікті пайдаланып, соғып аламыз. Өте ыңғайлы әрі отты қажетті температураға тез көтереді. Абылай заманынан қалған қол көрік біздің әулетіміздің құт-берекесі болып тұр. Тарихи жә­дігердің түпнұсқасын сақтап қана қоймай, ұсталық өнерді жаңғыртып жүргенімізді мақтан тұтамыз», дейді өлкетанушы.

 

Павлодар облысы