Оқиға Жапонияның зообағында болған. Панч жалғыз қалғаннан кейін, қызметкерлер оны қамқорлығына алып, қолдан асыраған. Жануар өзін қауіпсіз сезінуі үшін оған көрпе-жастық пен жұмсақ ойыншықтар берген. Солардың ішінен пүліш орангутан оның ең жақын «серігіне» айналған.
Қазір кішкентай маймылды әлеуметтендіру жұмысы басталған. Панч тұқымдастарына жақын келіп, қарым-қатынастың алғашқы қадамдарын жасап жүр. Бірақ үлкен макакалардың бауырына баса қоятын түрі жоқ. Біреуі тістелеп, енді бірі ақырып жанына жолатпайды. Ал ол болса ойыншық «анасын» тастамайды. Соны қорғаны санайды. Осы көріністер әлеуметтік желіде фото-видео болып кеңінен тарады. Ә дегенде мыңдаған реакция жинады. Желі қолданушылары бұл көрініске әсерленіп, Панчтың өміріне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Тіпті кішкентай маймылды көру үшін зообаққа шет ел асып келіп жатқандар көп. Панчтың қолындағыдай ойыншық сатып алғысы келетіндердің де қарасы көбейген. Сөйтіп жұмсақ ойыншық шығаратын компания табасын едәуір арттырып алды.

Зообақ қызметкерлері маймыл ойыншық анасымен ғана өзін тыныш әрі қауіпсіз сезінеді дейді. Мамандар мұны тосын мінез-құлық емес, керісінше, жануарлар психологиясында бұрыннан белгілі құбылыс деп түсіндіреді. Ғылымда мұндай жағдай эмоциялық байланыстың, яғни жылу мен жанасуға деген табиғи мұқтаждықтың көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл заңдылықты өткен ғасырдың ортасында америкалық психолог Гарри Харлоу жүргізген әйгілі тәжірибелер де дәлелдеген.
1950-1960 жылдары америкалық психолог Гарри Харлоу резус-макакаларға тәжірибе жүргізіп, сол кезеңге дейін қалыптасып қалған көзқарасты қайта қарауға түрткі болды. Ол уақытта баланың анаға байланысы негізінен тамаққа тәуелді деген пікір кең тараған еді. Зерттеу барысында жаңа туған маймылдарға екі түрлі «ана» ұсынылды: бірі – сымнан жасалған, бірақ сүт беретін темір мүсін, екіншісі – жұмсақ матамен қапталған, жылу беретін, алайда тамақсыз үлгі. Нәтижесінде маймылдар тамақты темір мүсіннен алғанымен, уақыттың басым бөлігін жұмсақ «ананың» қасында өткізгені анықталды. Қорыққан немесе күйзеліске түскен сәттерде олар әрдайым жылы, жұмсақ нысанға ұмтылған.

Гарри Харлоу пайымдауынша, тірі жан үшін басты фактор – қорек емес, жанасу, жылу және қауіпсіздік сезімі. Кейінгі бақылауларда анасыз өскен маймылдардың әлеуметтік мінез-құлқында ауытқулар байқалған. Олар агрессивті, тұйық болып, қарым-қатынас құруда қиындыққа тап болған. Бұл тәжірибелер эмоциялық байланыстың маңызын айқындап, балалар психологиясына деген түсінікті жаңартты.
Ал Панчтан анасы неге бас тартты екен? Бір ақ бұл бір ғана себеппен түсіндірілмейтін жағдай. Аталған құбылыс биологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлардың тоғысуымен байланысты. Әсіресе зообақ жағдайында өмір сүретін макакаларда күйзеліс деңгейі жоғары болады. Шулы орта, кеңістіктің шектілігі, адамдардың үздіксіз қозғалысы аналық инстинкттің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда ана баласын қауіп нысаны ретінде қабылдап, одан алыстауға тырысады.
Макакалар қатаң иерархиямен өмір сүретіндіктен, төмен мәртебелі аналар баласын қорғауда әлсіз келеді. Үлкен, доминант макакалардың қысымы күшейген кезде баланы қасында ұстау ананың өзіне де қатер төндіреді. Сол себепті кейбір аналықтар баласын шеттетіп, алдымен өз қауіпсіздігін сақтауға ұмтылады. Бұған қоса, алғаш рет туған маймылдарда баланы күту дағдылары толық қалыптаспауы мүмкін. Олар баласын қалай ұстау, қалай емізу керегін «білмей», оны жатсынуы ықтимал.

Тағы бір маңызды фактор – гормондық теңгерім. Туыттан кейін аналық байланысқа жауап беретін гормондардың жеткіліксіз бөлінуі балаға мейірім оятпай тастайды. Ал табиғи іріктеу тұрғысынан алғанда, әлсіз немесе өміршеңдігі төмен ұрпақтан бас тарту эволюциялық бейімделудің бір көрінісі саналады. Бұған қоса, өзі туған енесінің мейірімін көрмей өскен, балалық шағында одан адамдардың қолымен ажыратылған макакаларда аналық мінез-құлық толық қалыптаспайды.

Не де болса, кішкентай Панчтың қорғансыз әрекеті – жүректі елжірететін көрініс. Әсіресе, біздің халықтық санада осыған ұқсас оқиғалар жақсы сақталған. Өлген ботасын жоқтап, тұлыпқа келіп аңыраған аруана бейнесі, енесін іздеп елегізген жетім құлын дауысы ұлттық жадымызда қалып қойғаны анық. Мұның бәрі адам мен жануар арасындағы жіпсіз байланысты, екеуінің де мейірімге мұқтаж жаратылыс екенін аңғартады.