Әлем • 09 Желтоқсан, 2020

Тіл және локдаун

114 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің басталғанына бір жылға жуықтаса да, әлі күнге шартарапты әбігерге салып отыр. Күн сайын қауіпті дертке шалдыққандар саны артып барады. Қуанышымызға орай ғалымдар бірнеше вакцинаның қауіпсіз екенін мәлімдеді. Осындай кезеңде індеттен туындаған қиындықтың екінші жағы шығады. Ол – моральдық мәселе. «Egemen Qazaqstan»

газетінің Project Syndicate жобасы аясында жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында осы түйткілдер көтерілген.

Корнелл университетінің экономика профессоры Каушик Басу өз мақаласында індетпен күреске тілдің әсері туралы ой қозғайды. Оның айтуынша, пандемияға қарсы шаралар қабылдауда кешенді шешім ұстанған жөн. Осы орайда автор Үндістанды мысалға келтіреді. Аталған елдің билігі наурызда қатаң локдаун енгізгенімен, қарапайым жұмысшылардың жағдайын ескермей, індеттің таралуына жол беріп қойды. Каушик Басу індетпен күресудегі ендігі шешім ретінде COVID-19-дан жазылып шыққандарды жалақысы жоғары жұмысқа шақыру деп есептейді.

Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің Есептеуіш әлеуметтік ғылым профессоры Дирк Хелбинг пен Лугано университетінің бизнес этика профессоры Питер Селе індетпен күрестегі қабылданған шаралардың моральдық жағын әңгімелейді. Қазіргі таңда бірқатар елде науқастарды іріктеуде жасанды интеллект қолданылатыны белгілі. Авторлар мұндай қадам қаншалықты этикаға сай келеді деген сауал тастайды.

Айта кетерлігі, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Тіл және локдаун

ИТАКА – Бүкіл әлемді әбігерге салған COVID-19 вирусы мен «локдаун» сөзі тағы бір мәрте күнделікті өміріміз бен тұрмыс-тіршілігімізге тілдің күші қаншалықты ықпал ететінін көрсетті. Оны бейнелеу үшін пайдаланатын шексіз оқиғалар және шектеулі сөздер мен сөз тіркестері саясатты жүргізуде философиялық түйткіл туғызады. Оған адамдардың сөйлеу стилі саяси идеологиясынан хабар беретінін қоссақ, мәселе күрделене түседі.

Пандемиямен күрестегі басты саяси талқы локдаунның айналасында өрбіді. Бірақ мәселенің бәрін екі сұраққа («Локдаун керек пе, жоқ па?») немесе қарапайым сауалға («Қашанға дейін локдаун енгізу керек?») теліп қою онсыз да күрделі түйткілді қиындата түседі.

Мұндай сыңаржақтылық АҚШ президенті Дональд Трамп­­тың кейінгі баяндамала­рын­да жиі айтылды. Айово штатындағы сайлауалды науқаны кезінде Трамп «Байденнің жоспары сендерді локдаунға отырғызып, Американы түрме мемлекетке айналдырмақ», деді. Сондай-ақ ол туиттердегі парақшасында «Байден елімізге ЛОКДАУН енгізбек, бәлкім бірнеше жылға. Ақылға сыймайды. Ешқашан ЛОКДАУН болмайды», деп жазды. Осылайша Трамптың ко­ро­навирус пандемиясын озбыр  саясатқа айналдыруы сол­шыл топтың қорғанысқа кө­шуі­не итермеледі. Себебі олар президентке қарағанда, ғылымға сүйеніп, локдаунның тиімді тұс­та­ры мол екенін мақұлдаған еді.

Локдаунға қатысты мұндай көзқарас ұстанып, пікірталас жүргізудің қаншалықты зиян еке­нін түсіну үшін мынандай жағ­дайды елестетіп көріңіз. Мей­рамханалардың бірінде қо­нақ­­­тары тапсырыс бергенде тамақтың тұзы 0-10-ға де­йін­гі деңгейде болуын сұрады делік. Бұл онда­ғы жағдайды қиындатып жібе­ре­ді. Мәселен, 7-деңгейлі тамақ сұрағандар десерті тым тұзды болып кеткенін айтса, 0-ді таң­да­ғандар пиццасына мүлдем тұз салынбаған деп шағым айтады.

Өкінішке қарай, мұндай оқиға дәл қазір әлем елдерінің пандемиямен күрес әрекетінде бай­қалады. Яғни, саясатты жүр­гізудің мыңдаған өлшемі бар. Мә­селен, билік барларды жауып, мектептерді ашық қал­ды­ра­ды немесе маска кимегендерге үйден шықпауды сұрап, кигендерін көшеге шығуына рұқсат береді. Сондай-ақ вирус­қа қарсы әлсіз адамдардың ара­қа­­шықтық сақтауын сұрап, COVID-19-ға қарсы иммунитеті жо­ға­ры тұрғындарға шектеу ша­ра­ларын босаңсытуы мүмкін. Ін­дет­пен күресте мұндай «фар­ма­цевтикалық емес» шаралар­ды қабылдамау, жағдайды ушық­тырып жібереді.

Осы орайда әлі күнге дейін жет­кілікті назар аударылмай келген бір мәселе бар – COVID-19 інде­тінің географиясы. Бір жағы­нан Америка мен Еуро­па­да­ғы, екінші жағынан Африка, Азия және Тынық мұхиты елде­ріндегі тіркелген оқиғалар мен өлім көрсеткіштерінің айыр­ма­шы­лы­ғын тек саясатқа тіреп қоюға кел­мейді.

Мысалы, Филиппин пре­зи­денті Родриго Дутертенің мә­лім­демесі асыра сілтеу екені анық байқалады. Ол өз елінің жалпы өлім коэффициенті (мил­лион адамға шаққандағы коронави­рустан өлім көрсеткіші) 76-ға тең екенін, Испанияда 964-ке жеткенін келтіріп, індетпен кү­рес­тің тиімді жүргізілгенін мә­лімдеді. Шынын айту керек, бұл мүлдем дұрыс емес. АҚШ-тың жалпы өлім коэффиценті – 827-ге тең, одан кедей Вьет­намда бұл көрсеткіш 0,4 деп, америкалық денсаулық сақтау саласы күйреді деуге мүлдем келмейді.

Мұндайда географиялық ұқсас­тыққа ерекше назар аударылуы тиіс. Бұған дейінгі ауру түрлері, тұрғындардың иммунитеті, басқа вирустарға шалдығуы, экология секілді басқа да мәселелер әлі де анықтауды қажет етеді. Саясаттың әсерін нақты бағалау үшін сол аймақ­та­ғы жағдайды салыстыру қажет.

Үндістандағы жағдай да лок­даун сөзінің мағынасы қан­шалықты екенін анық аңғартады. Ел билігі 24 наурызда локдаун енгізді. Жоспар бойынша бұл Еуропадағы шектеу шараларынан да қатаң, ықтимал каран­тин­дердің ішіндегі ең қаттысы болуы тиіс еді. Мұндай саяси шешімнің кемшілігі бір-екі аптадан кейін көрінді. Билік елдегі үлкен қалаларда жұмыс іс­теуге келген кедей мигрант жұ­­мысшылардың жағдайын ой­ла­ған жоқ. Бірнеше күн бойы жұмыссыз, ақысыз қалған олар жүздеген шақырымды жаяу жүріп өтіп, алыстағы ауылдарына қайтуына тура келді. Яғни, Үндістанның қалалары, кенттері мен экономикасына локдаун енгізілгенімен, 23-40 миллионға жуық мигрант жұмысшы еркін­дікке қоя берілді.

Мұндай қате қадамның салдары статистикадан байқалады. Үндістанда күн сайын анықталып жатқан жаңа науқастар саны алты айдан бері тоқтаусыз өсіп ке­­ле­­ді. Мұндай үрдіс бірнеше жерде бар. Үндістанның жалпы өлім коэффициенті 99-ға теңесіп, Оңтүстік және Шығыс Азия елде­ріндегі ең жоғары деңгейде тұр. (Африкадағы көптеген елден де жоғары). Мұның басты себебі – локдаун коронавирустың тарап, елге жайылып кетуіне әкеліп соқ­ты.

Бірақ өткенді айтып қол қусы­рып отырғанша әрекет ету керек. Кемінде қауіпсіз, тиімді вакцина әзір болғанға дейін бүкіл әлем елдері түрлі деңгейдегі шектеу шараларын, локдаун және әрекет ету ережелерін қабылдауға тиіс. Сондай-ақ мүмкіндігінше бұл қадам полиция күшімен емес, сендіру және көшбасшылық ар­қы­лы енгізілуі қажет.

Мынандай ұсыныс бар. Енді COVID-19-бен ауырған, вирусқа қар­сы иммунитеті бар адам­дар­дың көмегіне сүйенетін сәт туды. Оларды міндеттеудің орнына, иммунитеті қалыптасқан адам­дарға індетпен тікелей күре­сетін жұмыстарды ұсынып, жоға­ры жалақы төлеу керек. Бұл экономиканы тоқтатпай, тауар жет­кі­зуді жалғастыра беруге жол аша­ды.

Осылайша билік бастама жа­сап бергеннен кейін нарық күші іске кірісіп, өз міндетін орындайды. Бұл ұсыныстың қауіпті тұсы бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ мұның мүмкіншілігі зор. Иммунитеті қалыптасқан адамдарға жұмыс істеу арқылы экономикасын жүргізген елдер екі есе пайда көре алады.

АҚШ-тағы сайлау аяқтал­ған­нан кейін локдаунға қатысты пікірталасты жүргізу жеңілдеді. Қуантарлығы, көптеген солшыл жекелеген локдаун мен әре­кет ету ережелерін қолдайды. Бұл экономика мен қоғамның жұ­мыс істеуін жалғастыруға мүм­кіндік береді. Бұған дейін локдаунға қарсы болып келген Трамп 2021 жылғы 20 қаңтардан бастап өзін Ақүйде локдаунға отыр­ғыз­байтынын ескерсек, АҚШ-тың коронавируспен күресі өз же­місін беруге тиіс.

 

Каушик БАСУ,

Әлемдік банктің бұрынғы бас экономисі, Үндістан үкіметінің экономикалық кеңесшісі қызметін атқарған, Корнелл университетінің экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org