ИТАКА – Бүкіл әлемді әбігерге салған COVID-19 вирусы мен «локдаун» сөзі тағы бір мәрте күнделікті өміріміз бен тұрмыс-тіршілігімізге тілдің күші қаншалықты ықпал ететінін көрсетті. Оны бейнелеу үшін пайдаланатын шексіз оқиғалар және шектеулі сөздер мен сөз тіркестері саясатты жүргізуде философиялық түйткіл туғызады. Оған адамдардың сөйлеу стилі саяси идеологиясынан хабар беретінін қоссақ, мәселе күрделене түседі.
Пандемиямен күрестегі басты саяси талқы локдаунның айналасында өрбіді. Бірақ мәселенің бәрін екі сұраққа («Локдаун керек пе, жоқ па?») немесе қарапайым сауалға («Қашанға дейін локдаун енгізу керек?») теліп қою онсыз да күрделі түйткілді қиындата түседі.
Мұндай сыңаржақтылық АҚШ президенті Дональд Трамптың кейінгі баяндамаларында жиі айтылды. Айово штатындағы сайлауалды науқаны кезінде Трамп «Байденнің жоспары сендерді локдаунға отырғызып, Американы түрме мемлекетке айналдырмақ», деді. Сондай-ақ ол туиттердегі парақшасында «Байден елімізге ЛОКДАУН енгізбек, бәлкім бірнеше жылға. Ақылға сыймайды. Ешқашан ЛОКДАУН болмайды», деп жазды. Осылайша Трамптың коронавирус пандемиясын озбыр саясатқа айналдыруы солшыл топтың қорғанысқа көшуіне итермеледі. Себебі олар президентке қарағанда, ғылымға сүйеніп, локдаунның тиімді тұстары мол екенін мақұлдаған еді.
Локдаунға қатысты мұндай көзқарас ұстанып, пікірталас жүргізудің қаншалықты зиян екенін түсіну үшін мынандай жағдайды елестетіп көріңіз. Мейрамханалардың бірінде қонақтары тапсырыс бергенде тамақтың тұзы 0-10-ға дейінгі деңгейде болуын сұрады делік. Бұл ондағы жағдайды қиындатып жібереді. Мәселен, 7-деңгейлі тамақ сұрағандар десерті тым тұзды болып кеткенін айтса, 0-ді таңдағандар пиццасына мүлдем тұз салынбаған деп шағым айтады.
Өкінішке қарай, мұндай оқиға дәл қазір әлем елдерінің пандемиямен күрес әрекетінде байқалады. Яғни, саясатты жүргізудің мыңдаған өлшемі бар. Мәселен, билік барларды жауып, мектептерді ашық қалдырады немесе маска кимегендерге үйден шықпауды сұрап, кигендерін көшеге шығуына рұқсат береді. Сондай-ақ вирусқа қарсы әлсіз адамдардың арақашықтық сақтауын сұрап, COVID-19-ға қарсы иммунитеті жоғары тұрғындарға шектеу шараларын босаңсытуы мүмкін. Індетпен күресте мұндай «фармацевтикалық емес» шараларды қабылдамау, жағдайды ушықтырып жібереді.
Осы орайда әлі күнге дейін жеткілікті назар аударылмай келген бір мәселе бар – COVID-19 індетінің географиясы. Бір жағынан Америка мен Еуропадағы, екінші жағынан Африка, Азия және Тынық мұхиты елдеріндегі тіркелген оқиғалар мен өлім көрсеткіштерінің айырмашылығын тек саясатқа тіреп қоюға келмейді.
Мысалы, Филиппин президенті Родриго Дутертенің мәлімдемесі асыра сілтеу екені анық байқалады. Ол өз елінің жалпы өлім коэффициенті (миллион адамға шаққандағы коронавирустан өлім көрсеткіші) 76-ға тең екенін, Испанияда 964-ке жеткенін келтіріп, індетпен күрестің тиімді жүргізілгенін мәлімдеді. Шынын айту керек, бұл мүлдем дұрыс емес. АҚШ-тың жалпы өлім коэффиценті – 827-ге тең, одан кедей Вьетнамда бұл көрсеткіш 0,4 деп, америкалық денсаулық сақтау саласы күйреді деуге мүлдем келмейді.
Мұндайда географиялық ұқсастыққа ерекше назар аударылуы тиіс. Бұған дейінгі ауру түрлері, тұрғындардың иммунитеті, басқа вирустарға шалдығуы, экология секілді басқа да мәселелер әлі де анықтауды қажет етеді. Саясаттың әсерін нақты бағалау үшін сол аймақтағы жағдайды салыстыру қажет.
Үндістандағы жағдай да локдаун сөзінің мағынасы қаншалықты екенін анық аңғартады. Ел билігі 24 наурызда локдаун енгізді. Жоспар бойынша бұл Еуропадағы шектеу шараларынан да қатаң, ықтимал карантиндердің ішіндегі ең қаттысы болуы тиіс еді. Мұндай саяси шешімнің кемшілігі бір-екі аптадан кейін көрінді. Билік елдегі үлкен қалаларда жұмыс істеуге келген кедей мигрант жұмысшылардың жағдайын ойлаған жоқ. Бірнеше күн бойы жұмыссыз, ақысыз қалған олар жүздеген шақырымды жаяу жүріп өтіп, алыстағы ауылдарына қайтуына тура келді. Яғни, Үндістанның қалалары, кенттері мен экономикасына локдаун енгізілгенімен, 23-40 миллионға жуық мигрант жұмысшы еркіндікке қоя берілді.
Мұндай қате қадамның салдары статистикадан байқалады. Үндістанда күн сайын анықталып жатқан жаңа науқастар саны алты айдан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Мұндай үрдіс бірнеше жерде бар. Үндістанның жалпы өлім коэффициенті 99-ға теңесіп, Оңтүстік және Шығыс Азия елдеріндегі ең жоғары деңгейде тұр. (Африкадағы көптеген елден де жоғары). Мұның басты себебі – локдаун коронавирустың тарап, елге жайылып кетуіне әкеліп соқты.
Бірақ өткенді айтып қол қусырып отырғанша әрекет ету керек. Кемінде қауіпсіз, тиімді вакцина әзір болғанға дейін бүкіл әлем елдері түрлі деңгейдегі шектеу шараларын, локдаун және әрекет ету ережелерін қабылдауға тиіс. Сондай-ақ мүмкіндігінше бұл қадам полиция күшімен емес, сендіру және көшбасшылық арқылы енгізілуі қажет.
Мынандай ұсыныс бар. Енді COVID-19-бен ауырған, вирусқа қарсы иммунитеті бар адамдардың көмегіне сүйенетін сәт туды. Оларды міндеттеудің орнына, иммунитеті қалыптасқан адамдарға індетпен тікелей күресетін жұмыстарды ұсынып, жоғары жалақы төлеу керек. Бұл экономиканы тоқтатпай, тауар жеткізуді жалғастыра беруге жол ашады.
Осылайша билік бастама жасап бергеннен кейін нарық күші іске кірісіп, өз міндетін орындайды. Бұл ұсыныстың қауіпті тұсы бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ мұның мүмкіншілігі зор. Иммунитеті қалыптасқан адамдарға жұмыс істеу арқылы экономикасын жүргізген елдер екі есе пайда көре алады.
АҚШ-тағы сайлау аяқталғаннан кейін локдаунға қатысты пікірталасты жүргізу жеңілдеді. Қуантарлығы, көптеген солшыл жекелеген локдаун мен әрекет ету ережелерін қолдайды. Бұл экономика мен қоғамның жұмыс істеуін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін локдаунға қарсы болып келген Трамп 2021 жылғы 20 қаңтардан бастап өзін Ақүйде локдаунға отырғызбайтынын ескерсек, АҚШ-тың коронавируспен күресі өз жемісін беруге тиіс.
Каушик БАСУ,
Әлемдік банктің бұрынғы бас экономисі, Үндістан үкіметінің экономикалық кеңесшісі қызметін атқарған, Корнелл университетінің экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org