Пікір • 16 Желтоқсан, 2020

Отандық медицинаға оң өзгерістер енді

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні – біз үшін әрқашан тұғыры биік, мәртебесі жоғары мереке. Ата-бабаларымыз армандаған мақсатқа біз жетіп отырмыз. Осы жылдар арасында мемлекетіміз жаңадан бой көтеріп, түрлі салада жетістіктерге жетіп отыр.

Отандық медицинаға оң өзгерістер енді

Әрине, бұл жылдар бізге жеңіл тимеді. Әлеу­мет­тік, эко­но­микалық, ауылша­руашылық, құрылыс және басқа да бар сала­ның кірпішін қайта, жаңа бағытта қаладық. Соның ішінде отандық медицинаға да біршама өзгеріс енгіздік. 29 жыл ішінде мемлекетіміздің қалыптасып, әлемнің бетке ұстар дамыған елдерінің қатарынан көрінгені – мен үшін мақтаныш.

Осыдан бірнеше күн бұрын Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бір топ ғалымдары көп жылдық еңбегі үшін жоғары дәрежелі марапатқа лайық болып танылды. «Инновациялық жасушалық технологияларды әзірлеу және клиникалық ме­дицинаға енгізу» атты жұмы­сымыз әл-Фараби атындағы ғы­лым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл жасушалық технологияның пайда болып, дамуы, оның қолдануы, емінің әдістері мен нәтижелері көрсетілген үлкен еңбекті қамтиды.

Бүгінгі таңда қазақстандықтар Еуропа мен Азияның медицинасы деңгейінде ем ала алатынын айта аламыз. Осыдан үш онжылдық бұрын емханаларда ауруды емдеу, оның алдын алу және диагнос­тикалауда қолданылмаған тың құрылғылар пайда болды. Біздің мамандар шетелдің үздік клиникаларында біліктілігін арттырып, оқып, тәжірибе алмасуға барып жүр. Осының арқасында отан­­дас­­тарымыз жүрекке, миға, жаңа туған нәрестеге жасалатын күрде­­лі оталарды теңіз аспай, өз еліміз­­де жасай алатын жағдайға жеттік.

Биыл әлем медицинасы үшін ауыр жыл болды. Cоvid-19 күт­пеген жерден пайда болып, өз ізін қал­дырды. Дегенмен біз оған тос­қауыл бола алдық. Аз уақыт­­тың ішінде орталықтың дәрігер­­лері мен медбикелері күнде­лікті жұ­мыс­тарынан ауып, шұғыл режімге қосылды. Үш ай бойы олар ау­руханаға түскен әрбір нау­қасқа жоғары деңгейде медици­налық көмек көрсете білді. Үй­леріне бармай, ата-анасын, жұ­байлары мен жарларын, бала­ларын көрмей тынымсыз еңбек етті. Ұжымның топтық жұмы­сы арқасында жүздеген өмір құт­қарылып, науқастар аман-есен үйлеріне оралды.

Пандемияға қарсы күресте мем­лекеттің зор қолдауын сезін­дік. Әр бастамамызды қолдап, же­тіс­пеген медициналық құры­лғы­ларды тез арада сатып алу, жеткізу сынды мәселелерде қол ұшын созды десек болады.

 

Абай БАЙГЕНЖИН,

Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы,

Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері